Елорда • 13 Наурыз, 2021

Елордада он жылдан бері құрылысы аяқталмаған нысандар қашан қолданысқа беріледі?

514 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов Instagram парақшасында құрылысы ұзаққа созылған тұрғын үй кешендерінде жүріп жатқан жұмыс жайлы бөлісті, деп хабарлайды Egemen.kz

Елордада он жылдан бері құрылысы аяқталмаған нысандар қашан қолданысқа беріледі?

«Жүйелі шешіліп жатқан өзекті мәселелердің бірі – қаладағы құрылысы ұзаққа созылған нысандарды аяқтау. Бүгін бірқатар құрылыстың жайымен таныстым. «Жеті жол», «Зере - 1», «Ақерке - 2» тұрғын үй кешендеріне бардым. Олардың бәрінде құрылыс жылдар бойы тоқырап тұрды. Былтыр басталған пандемияға қарамастан, құрылыс тоқтап қалмауы үшін қолдан келгеннің бәрін жасадық.

Мысалы, құрылысы ұзаққа созылған «Зере - 1» тұрғын үй кешенінің жеті жылдық тарихы бар. Үлескерлерінің саны – 200-ге жуық. Бірінші кезекте үйге де, инженерлік желілерге де барлық жобалау-сметалық құжаттаманы дайындадық. Мұнда үйдің қаңқасы ғана болды. Тұрғын үй кешенінің қасбеті бойынша жұмыстар жүргізілді, терезелер, есіктер, лифтілер орнатылды. Сонымен қатар, ішкі және сыртқы әрлеу жұмыстары жүргізілді. Тұрғын үй кешені инженерлік желілерге: суға, электр энергиясына, жылуға және кәрізге қосылған.

1

«Ақерке-2» тұрғын үй кешенінің жағдайы «Зере-1-ге» ұқсас. 150-ден астам отбасы жеті жылдан астам өз пәтерлерін күтіп жүр. Тұрғын үй кешенінде үйдің қаңқасы аяқталып, терезелер, есіктер, лифтілер орнатылды. Жобалық-сметалық құжаттаманы дайындап, қасбеті бойынша жұмыстар жүргіздік. Үлкен мәселенің бірі гараждарды бұзу болды. Гараждарды сатып алу жұмыстарын жүргіздік, бұл инженерлік желілерді үйге жеткізуге мүмкіндік береді.

Ал «Жеті жол» тұрғын үй кешеніндегі үлескер саны - 600-ге жуық. Үйдің онжылдық тарихы бар. Үйге және инженерлік желілерге жобалау-сметалық құжаттаманы түзету бойынша жұмыстар жүргізілді. Терезелерді орнату, инженерлік желілерге қосу және т. б. бойынша жұмыстар жалғасып жатыр.

Құрылыс қарқынын бәсеңдетпеуді, үйлердің сапасына ерекше назар аударуды, құрылыс жұмыстары аяқталғаннан кейін аумақтарды абаттандыруға кірісуді тапсырдым. Аталған үш үй осы жылы пайдалануға беріледі.

Бір жарым жыл ішінде (2019 жылдың жазынан бастап) құрылысы ұзаққа созылған нысандардың саны екі еседен астам азайды. Үлестік құрылыс нысандарындағы көрініс әртүрлі: бір жерде тек шұңқыр болса, бір жерде салынған блоктарды толығымен бұзу қажет. Өйткені, олар тұруға арналмаған әрі қауіпті. Дегенмен, әрбір ұзақ құрылыс бойынша қадамдық іс-шаралар жоспары бар. Биыл пәтер кілтін тағы 7 мың үлескерге беруді жоспарлап отырмыз», деп жазды елорда әкімі.