«Егемен Қазақстан» газетінің №25 (30004) санында «Ақынды елі елемесе, сол қайғы...» атты мақала жарияланып, жыр жұлдызы Жұматай Жақыпбаевқа өзі туып-өскен Талдықорған қаласынан көше және кітапхананың атын беру жайлы мәселе қозғаған болатынбыз. Нәтижесінде, Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары С.Арзанбекова Алматы облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы Б.Керімбекке ақынға көше беру туралы жұмыстар жүргізіп жатқанын хабарлаған. Ол хатты оқып, көңілімізде көптен жүрген түйткілдің шешімі табылғанына қуанғанбыз. Әйтсе де, Талдықорған қаласы әкімдігінің ресми инстаграм парақшасында (taldykorganakimat) Жұматай Жақыпбаевтың суретін салып, мақаламызға жауап ретінде қазақтың аяулы ақыны Ғали Ормановқа көше беру туралы ұсыныс хат түспегені айтылған. Яки, қала әкімдігі Жұматай Жақыпбаев пен Ғали Ормановты ажырата алмай отыр. Мәтінде былай делінген:
«Талдықорған қаласының әкімдігі «Егемен Қазақстан» газетіндегі «Ақынды елі елемесе, сол қайғы...» атты басылымға жауап ретінде келесіні хабарлайды.Талдықорған қаласының әкімдігі бүгінгі күнге дейін «Талдықорған қаласындағы №4 орта мектепке белгілі ақын Ғали Ормановтың есімін беру туралы» ресми ұсыныс хаты түспегенін және ұсыныс түскен жағдайда қолданыстағы заңнама талаптарына сай тиісті онамастика комиссиясының қарауына жолданатындығын хабарлайды».
Талдықорған қаласының әкімдігі облыс басшысы Амандық Баталовтың тапсырмасын әлі де толық түсінбеген сыңайлы. Қазақ әдебиетінің алып тұлғалары Ғали Орманов пен Жұматай Жақыпбаевтың кім екенін білмейтін қала әкімдігі осылай ұятқа қалып отыр. Сонда Талдықорған қала әкімі орынбасарының сөзі жалған болғаны ма?
Ал Алматы облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы В.Маяковский атындағы қалалық орталық кітапханасына қазақтың айтөбел ақыны Жұматай Жақыпбаевтың есімі берілсе деген ақын-жазушылардың ұсынысына әлі ресми жауап қатқан жоқ.