Экономика • 14 Наурыз, 2021

Қарыз алушының «келбеті» қалай өзгерді?

299 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Тұтас елдің тұрмысына түзету енгізген пандемия Қазақстандағы қарыз алушылардың «келбетіне» де өзгеріс әкелгендей. IDF Eurasia тобының зерттеуінен осыны аңғаруға болады.

Қарыз алушының «келбеті» қалай өзгерді?

Карантин кезінде қарыз алушылардың «келбеті» қалай өзгерді? Біздің елдегі Solva және Moneyman.kz микроқаржы ұйымдарының басын біріктіріп отырған IDF Eurasia тобы осы сауал төңірегінде арнайы зерттеу жүргізіп, нәтижесін жариялады. Пандемия кезінде банк секторынан және микроқаржы ұйымдарынан қарыз алатын қазақстандықтардың «келбетіне» шынымен өзгерістер енген екен. Ал жалпы зерттеу нәтижесі 2020 жылы ел тұрғындарының несие алу белсенділігінің қалыпты болғанын көрсетті. Кредит үлестіретін ұйымдардың қызметінде де ерекше жағдай орын алмаған.

Бірінші несие бюросының ресми дерегінше, былтыр қазақстандықтарға 4,1 трлн теңге несие берілді. Мұның 2019 жылғы көрсеткіштен айырмашылығы шамалы. Десе де, қазақстандықтардың несие алу белсенділігінің белгілі бір деңгейде төмендегенін байқауға болады. Яғни берешектің өсуі 2019 жылмен салыстырғанда 9 пайызға азайған.

IDF Eurasia тобының Қазақстандағы операциялық директоры Далида Давлятшинаның айтуынша, әдетте қаржы ұйымдарында қарызы бар адамдардың қарыз алу мүмкіндігі жоғары. Бұл үрдіс пандемия кезінде де сақталған. Десек те, былтыр 420 мың қазақстандық алғашқы несиелерін рәсімдеген. Оларға 138,8 млрд теңге несие беріліпті.

– Зерттеу нәтижесі соңғы жылдары қаржы ұйымдарынан қарыз алатын қазақстандықтардың орташа жасы біршама ұлғайғанын көрсетті. Мәселен, бұған дейін 25 жастан асқандар ешқандай кедергісіз несие рәсімдей берсе, пандемия кезінде 31 мен 45 жас аралығындағы клиенттерге сенім артылған. Тағы бір атап өтерлігі, қаржы ұйымдары қарыз беру туралы шешім қабылдаған кезде несие тарихының дұрыстығына ғана емес, аз мөлшердегі қарыздың бар-жоқтығына да ерекше назар аударатын болған, – дейді Д.Давлятшина.

IDF Eurasia тобының сарапшылары көп жағдайда тұрақты жұмысы бар, бір компаниядағы еңбек өтілі үш жылдан асатын адамдарға несие берілгенін анықтады. Отбасылы адамдарға несие рәсімдеу де аса бір қиындық тудырмаған сыңайлы. Қаржы ұйымының орналасқан жері бойынша тіркелген қарыз алушыларға да оң жауап алу бақыты бұйырыпты.

«Пандемия кезінде республиканың шалғай аймақтарында және ауылдық жерлерде тұратын адамдардың қарыз алуы азайды. Көрсеткіш өңірлерде берілген қарыздардың жалпы көлемінен 10 пайызға қысқарған. Былтыр студенттер, зейнеткерлер мен еңбек жолын енді бастаған адамдардың несие алуы қиындады», делінген зерттеуде.

Қарыз алушылардың басым бөлігінің (42 пайызы) орташа жалақы мөлшері 150-300 мың теңгені құраған. Бұл ретте клиенттердің 30 пайызға жуығының ай сайынғы табысы 100 мың теңгеден кем екен. Клиенттердің 15 пайызы 300 мың теңгеден жоғары көлемде еңбекақы алатынын көрсеткен.

Экономиканың кейбір саласындағы қысқаруларға қарамастан, 2020 жылы қарыздарды қайтару деңгейі 2019 жылмен шамалас болды. Сондай-ақ пандемия кезінде мерзімі өткен несиелер көрсеткіші айтарлықтай көбеймеген.