Қоғам • 15 Наурыз, 2021

Октябрь тозды, Әлихан озды

366 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Өткен аптаның жұма күні Қарағандыда қалаға қарасты Октябрь ауданының атауынөзгертіп, оны Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның есімімен атау жөніндегі ұсынысты талқылаған қоғамдық тыңдаулар өтті. Карантиндік шектеулерге байланысты санитарлық-эпидемиялық талаптарды қатаң сақтау мақсатында, бұл іс-шара аудандағы 50 адамға дейін жиналған бірнеше қоғамдық нысанда жүзеге асырылды.

Октябрь тозды, Әлихан озды

Нақтырақ айтқанда, оннан аса ғимаратқа бөлініп жиылған 700-ге жуық тұрғын ойнлайн режімінде өзара байланысып, қоғамдық тыңдаулардың демократиялық бағытта өрбуіне атсалысты. Ал бұл жауапты іс-шараны Қарағанды қалалық мәслихатының хатшысы Құдайберген Бексұлтанов жүргізіп отырды.

Бірден айта кету керек, қарағанды­лық­тар бұл маңызды шаруаға тыңғы­лықты дайындықпен келді. Қоғамдық тыңдау барысында зиялы қауым өкілдері, белсенді азаматтар өздерінің ойларын екі тілде еркін және сауат­ты түрде жеткізіп, іс-шараға қатысу­шылардың көкейіндегіні тап басқан пәтуалы пікірлерін білдірді. Мы­салы, айтыс ақыны, елге «Сары тентек» лақап атымен белгілі Қуаныш Мақсұтов мәселе ауданға Әлихан Бөкейхан есімін беруге қарсылық танытқандардың болу-болмауында еместігін тілге тиек етті. «Бар мәселе – біз әлі күнге Әлихан Бөкейханның әлемдік деңгейге көтерілген қайраткер тұлға  екендігін жалпақ жұртқа таныта алмай жүргендігімізде», деген пікір айтқан ол әңгіме түйінін ынтымағымызға нұқсан келтірмейтін ымы­ражай саясатпен шешуге ша­қырды.

Ақын айтқан пікірдің жаны бар. Жасыратыны жоқ, қоғамдық тың­дау болатыны туралы әлеуметтік желілер арқылы құлағдар болған жұрттың ғаламтордағы әңгімесі де әрқилы өрбіген еді. Ұсынысты қолдаушылар мен қарсылар арасында қызу пікірталастың болғаны да рас.  Көбіне  20 мен 35 жас аралығындағы желі қолданушылары қарынды аштыратын пікірлер қалдырып жатты. Шынтуайтына келгенде, бұл отандастарымыздың төл тарихымыз турасындағы түсінігі жеткілікті деңгейде болса, бүйтіп кері кеткеннің сөзін сөйлемес еді-ау деген ойдың қылаң бергені де жасырын емес-тін.

Облыстық «Қазақ тілі мен мәде­ниеті» қоғамдық бірлестігінің өкілі Бақытқали Мұсабеков ауданға Әли­хан Бөкейхан есімін беру туралы әңгіменің бұдан 20 жыл бұрын көте­ріл­генін еске салды. «Сол кезде қа­ланың бір ауданына ұсынылған  Қазы­бек би атауы қабылданды да, Әлихан Бөкейхан атауы өтпей қалған еді. Енді міне, сол күнге де жеттік. Ерекше қуанып тұрмын», деді аға буын өкілі толқынысын жасыра алмай.

Обалы нешік, ауданға Алаш кө­семінің есімін беру ұсынысына өзге ұлт өкілдері де түсіністік таныта білді. Мысалы, Октябрь ауданының тұрғыны Татьяна Лунева өз ойын еркін жеткізіп, Әлихан Бөкейханның ұлттың болашағы үшін аянбай қызмет еткен ұлы тұлға екен­дігіне шүбә келтірмейтінін айт­ты. Ал қоғам белсендісі Ольга Сквор­цова: «Біз осындай тарихи ше­шім­дер қабылданып жатқан дәуір­­де өмір сүрудеміз. Бұл бізге – үлкен жауапкершіліктер жүктейді», – дей келе, күн тәртібінде тұрған ұсы­нысты шын ниетпен қолдайтынын мем­лекеттік тілде жеткізді. Зейнеткер На­дежда Хванның айтқаны да адамға ой салды. «Мен, – деді ол, – Ресейге жиі барып жүрдім. Сонда ол жақта батыр отандастарының есімін иеленген елді мекендердің көптігіне көз жеткіздім. Ал Қазақстанға неге өйтпеске? Мен
ау­дан атауының өзгер­генін қолдай­мын».

Қоғамдық тыңдауға қатысқан Е.Бөкетов атындағы Қарағанды уни­вер­ситеті жанындағы «Тұлғатану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, белгілі тарихшы Нұрсахан Бейсенбекова өзінің сөзінде Әлихан Бөкейханды ұлтшыл деп атаудың негізсіз екеніне назар аударды. «Алашорда үкіметін құрғанда оның 25 мүшесінің 10-ы басқа ұлт өкіл­дерінен болды. Қайраткер тұлға орыс, неміс, басқа да халықтар тура­лы қалам тербеді. Сондықтан оны қа­­лай ұлтшыл деуге болады? Әлихан Бө­кей­хан бүгінгі тәуелсіз Қазақ­стан­ның экономикалық-мәдени, саяси негіз­­демесін жасады. Теориясымен қатар, тәжірибелік жолын да көрсетіп бер­­ген»,  деп түйіндеді өзінің ойын  ғалым.

Сонымен, маңызды мәселені тал­қылаған қоғамдық тыңдаудың қоры­тындысы ескінің сарқыншағынан арылып, тарихи әділеттілікті қалпына келтіруді көксеген Арқа азаматтары үшін сәтті болды.  Қарағанды қалалық мәслихатының хатшысы Құдайберген Бексұлтанов айтқандай, ауданның атауын өзгертуді іс-шараға қатысқан тұр­ғындардың барлығы бір кісідей қолдады.

Қоғамдық тыңдаудың қорытын­дысы шыға салысымен, Қарағанды қаласының әкімі Ермағанбет Бөлек­паев фейсбук парақшасында мынадай жазба қалдырды: «Қоғамдық тыңдау­лардың қорытындысы бойынша қаладағы  Октябрь ауданының атауын Əли­хан Бөкейхан атындағы аудан деп өзгерту туралы ұсыныс бірауыздан қол­дау тапты деген хабарды мен зор қуаныш­пен қабылдадым! Мен осы айтулы оқиғамен құттықтаймын!».

Осы орайда ескере кететін мынадай жайт бар: біздің елімізде 2021 жылдың 1 мамырынан бастап 31 желтоқсанға дейін ауыл, аудан, көше атауларын ауыстыруға тыйым салатын мораторий жарияланатын көрінеді. Бұл дегеніңіз, жергілікті атқарушы билік бір жарым айдың ішінде бұл шаруаға қатысты қағаз-құжатты қаттап, жоғарыға жө­нел­тіп үлгеруі тиіс деген сөз.

Әлбетте, ауданның атауын өзгерт­кен жақсы-ақ, бүгінгі өмірдің жарқын талабы – бұл. Таразы басына ұлттық мүдденің мәселесі тартылғанда, бұл шаруаға кететін қаржыға бола қат­ты уайымдаудың да жөні жоқ. Тіпті мұны болашақтың жолына салын­ған рухани инвестиция есебінде де қарастыруға болады. Тек, алдағы уа­қытта аты өзгерген ауданның заты да өзгерсе деген тілек бар көкейде. Об­лыс орталығына іргелес болса да, бұл өңірдің жылдар бойы шешілмей, әбден ығыр қылған ірілі-ұсақты мәселесі шаш етектен. Мәселен, осы ауданға қарасты Майқұдық, Сұрыптау және Пришахтинск елді мекендерінің тұрғындары биылғы қыстағыдай пәтерлерінде бүрсеңдемесе екен дей­сің. Жалпы, қазіргі таңда 250 мың­нан астам тұрғын мекен ететін бұл ауданның ойқы-шойқы жолдары жөн­деліп, аулалары абаттандырылып, халық­тың әлеуметтік жағдайы мен тұр­­мысы оңалып жатса, нұр үстіне нұр болары анық.

Ақ түйенің қарны жарылған күн туып, биыл туғанына 155 жыл толған Әлихан Бөкейханның есімі аудан атауы ретінде ресми түрде бекісе, бұл харекет «Тірі болсам, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын», деген Алаш ардақтысының асқақ  рухы алдындағы тағзым мен құрметтің ең зоры болар еді!

 

ҚАРАҒАНДЫ