Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен жүзеге асқан әлеуметтік маңызы зор қайырымдылық жобасы аясындағы іс-шараларды тамашалауға көп балалы отбасылардың балдырғандары шақырылды. Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова мәлімдегендей, жаңа жоба Көрісу күнінің тәлім-тәрбиелік сипатын көрсетіп, өскелең ұрпаққа өнегесі мол туындыларды ұсынады. «Барша қазақстандықтарды ата-бабамыздың ежелден келе жатқан мерекесі – Көрісу күнімен құттықтаймын. Бұл мереке – барша жұрт бір-бірімен қауышып, жастар үлкендердің батасын алып, қыстан аман-есен шыққанын мерекелейтін күн. Біз де бүгін өсіп келе жатқан жас балдырғандарға осы дәстүрімізді көрсетудеміз. Барша қазақстандықтарға дүние жүзінде өршіп тұрған індеттен аман-есен өтейік деп тілегім келеді. Көрісу күні – достықтың, қайырымдылық пен жақсылықтың мерекесі. Сондықтан бүгінгі «Дәстүрім – асыл қазынам» атты жобаны біз көп балалы отбасылардан шыққан кішкентай балдырғандарға арнадық», деді министр.
Жоба халқымыздың бұрыннан келе жатқан «Көрісу» дәстүрінен бастау алды. Көрісу дәстүрінің ерекшелігі мен тәрбиелік мәнін іс-шараға жиналған зиялы қауым өкілдері мен қоғам қайраткерлері түсіндіріп, жас балдырғандарға үлгі көрсетті. Бұл мерекені балалардың көзқуанышына айналдыру мақсатында шараға келген қонақтар барша балдырғандарға кәмпит, жент, құрт, ірімшік сынды ұлттық тағамдардан тұратын тәтті сыйлықтар жинағын табыстады. Қонақтар қатарында Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп, Мәжіліс депутаттары Бекболат Тілеухан, Азат Перуашев, Парламент Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің хатшысы Дархан Мыңбай және Айгүл Мүкей, Мақсат Толықбай сынды белгілі тележүргізушілер мен танымал блогерлер болды.
«Қазақконцерт» мемлекеттік ұйымының директоры Жеңіс Сейдоллаұлының айтуынша, Ұлыстың ұлы күні балалардың асыға күтетін мерекесі болып қалыптасу керек. «Халқымыз бұрыннан-ақ Көрісу күнін мейірімділік пен қамқорлық, бірлік пен келісім сынды мәңгілік құндылықтарды дәріптейтін мейрам ретінде тойлаған. Осыған орай, Наурыздың бастауы – Амал мерекесінде біз мейірімділік шуағы мен жүрек жылуын сыйлау дәстүрін бастадық. Бүгінгі жоба соның дәлелі. Бұл жоба арнайы жас балдырғандар үшін ұйымдастырылып отыр. Балалар – еліміздің болашағы. Наурыз мерекесінің бастауы осындай дәстүрге сай тойланып, балалардың санасына кіріксе, нағыз халықтық мейрамға айналады», деді ол.
Концертте «Астана сазы» мемлекеттік фольклорлық ансамблі мен Құрмаш Махан, Ардақ Балажанова, Құмарбек Қалқатай, Дінисламбек Жайлаубай, Гүлнәр Көшенова, Біржан Айтахметов, Айдана Қаржаубаева сынды белгілі әншілер өнер көрсетті. Концерттік бағдарламаға көрермен сүйіп тыңдайтын халық әндері мен заманауи танымал туындылар енген. Мерекелік ән мен күй шашудан кейін балдырғандар Наурыз көжеден дәм татып, «Астана мюзикл» мемлекеттік театры дайындаған «Наурызбектің оқиғасы» интерактивтік ертегісін тамашалады. Заманауи форматтағы қойылым жас балдырғандардың ұлттық құндылықтар мен фольклорлық мұраға қызығушылығын арттыруға бағытталған.
Жоба отандық анимациялық фильмдердің көрсетілуімен аяқталды. Балалар «QAZAQSTAN» ОКЗ үлкен залында «Қазақфильм» АҚ ұсынған «Күлтегін» мультфильмін тамашалап, көңілді уақыт өткізді. Іс-шара соңында балалар мен ата-аналар ұйымдастырушыларға өз алғыстарын жеткізді.