Үкімет • 15 Наурыз, 2021

Бас келісімге қол қойылды

144 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі республикалық үшжақты комиссияның отырысы өтті. Отырысқа Кәсіподақтар федерациясы мен жұмыс берушілер бірлестіктерінің өкілдері, сондай-ақ орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың басшылары қатысты.

Бас келісімге қол қойылды

Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау министрі мен өңір әкімдерінің орынбасарлары осы бағыттағы атқарылып жатқан шаралар бойынша есеп берді. Отырыс барысында вице-премьер пандемия кезінде ең алдымен жұмыс орындарының сақталуы, жалақының уақтылы төленуін қамтамасыз ету мәселелеріне басымдық беріліп отырғанын атап өтті. Осы орайда Е.Тоғжанов жұмыс берушілер мен қыз­меткерлердің мүдделерін қорғай­тын кәсіподақтардың баға жетпес үлесін атап өтті. Қорытындылай келе орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарға бірқатар тапсырма берді, атап айтқанда, штаттарды және еңбекақы төлеу шарттарын оңтайландыру бо­йынша Қазақстанның жұмыс берушілері іске асыратын шара­ларға кешенді талдау жасау; еңбекақы төлеудің бірыңғай стандарттарын енгізу мәселесін пысықтау; салалық үшжақты комиссиялардың жұмысын жандандыру.

Бұдан бөлек, отырыс аясында ел Үкіметі, жұмыс берушілердің республикалық бірлестіктері мен кәсіподақтардың республикалық бірлестіктері арасында 2021-2023 жылдарға арналған бас келісімге қол қойылды. Жаңа бас келісімде қойылған міндеттер қызметкерлердің жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасап, қауіпсіздігін қамтамасыз етуді көздейді.