Қоғам • 15 Наурыз, 2021

Сыйлық - «беру арқылы алудың» түп тамыры

642 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Еуропаның бізден мәдениеті жоғары екенін мойындап жүрміз. Барлық саладағы білімін жетілдіріп, экономикасын өркендетіп, адамзат қоғамының алдына кеткендігі жоғары мәдениеттің арқасында деп айтуға толық негіз бар. Олардың мәдениетінің ең басты артықшылығы сол, олар тек еңбекпен тапқан тиынды ғана бағалайды. Біреуден сый дәмету деген оларда атымен жоқ. Өзінің қарым-қабілетінше тапқан еңбекақысын қанағат тұтып, артық бірдеңені көлденеңнен табуды ойға да алмайды.

Сыйлық  - «беру арқылы алудың» түп тамыры

2010 жылы астанамызда ЕҚЫҰ елдерінің көптен бері өткізілмеген саммиті болды. Сол жылы біздің ел 56 мемлекет мүшесі болып табылатын осы ұйымның төрағасы еді. Бізге дейін ұйымның саммиті 11 жыл бойы түрлі себептермен ұйымдастырылмаған, соны тарихқа «Астана саммиті» деген атпен енгізіп, Қазақстан ғана өткізе алды. Оған ЕҚЫҰ-ға мүше елдер мен халықаралық ұйымдардан 73 ресми делегация келді. Соның ішінде төрт жүздей шетелдік журналистер болды. Бәрін қуантып, мәз қыламыз деп ойлаған болу керек, біздің ұйымдастырушылар осындайда ежелгі әдетімізге басып, оларға бағалы сыйлықтар дайындапты. Әрине, іштерінде бағалы сыйлық беру арқылы журналистердің аузын алып, олардың өз мақалаларын жағымды жазуынан да дәме болған шығар...

Ал бірақ... еуропалық журналистер қатты шошынып, бұл сыйлықты алудан бас тартқан.  Әрине, мемлекеттік шенеунік бас тартса ол түсінікті болар еді, өйткені оларға бағалы сыйлық алмау заңмен белгіленген. Ал журналистің сыйлықтан бас тартуын қалай түсінуге болады? Естіген жерде бәріміз де таңырқап қалдық. Сөйтсек, бұл туабітті тәрбиеден, біреуден себепсіз ештеңе алмау, артық дүние дәм етпеу, біреудің жомарттығын пайдаланбау, еңбегін жемеу сияқты басқа егілген дұрыс салттан екен. Біреудің нәрсесін пайдаланып кету, арбаумен алып қою дәстүрі оларда бала жасынан қалыптаспаған. Осының арты сайып келгенде коррупцияның да  жолын кескен. Сыбайлас жемқорлық болмағандықтан, жоғарыда айтқандай, олардың елдерінің дамуы да жоғары, табыстары да толымды.

Ал бізде ше... Біз туғаннан демесек те ес біліп, етек жапқаннан біреуден сыйлық дәм етуге бейімделе бастаймыз. Алдымен туған күнің деп бір береді, одан мерекелерде береді, мектепте жақсы оқысаң үш береді, үйге шақырылған қонақ төрт береді... Солай-солай кете береді. Алда-жалда сыйлық берілмей қалса алушы ғана емес, ата-анасының да өкпесі дайын тұрады. Сыйлық бергенді біз ақкөңілділік, жомарттық, тіпті жанашырлық деп санап, оған құрметпен қараймыз.

Сөйтіп, бізде бірте-бірте сыйлықтың культі қалыптасқан. Ол үйден шығып, қызмет істеген, жүрген-тұрған орныңа да ұласады. Ол болмаса кәдімгідей қоңылтақсып, бірдеңе жетпей тұратындай. Соның ішінде мұғалімдерге ата-аналардың ақша жинап, сыйлық жасауы қатаң қалыптасқан дәстүр болып кеткен. Ал егер бір ата-ана қарсы шығып, осынымыз жол емес, корруцияның басы осы десінші... Ойбу, ондайда «қазан бұзған» ата-ананың басына ит терісін қаптап, «ақыл айтуға» бәрі шебер.

Өзінің кәсіби міндетін орындап, мемлекеттен еңбекақы алып жүрген адамға неге сыйлық жасауымыз керек дегенді ешкім әсте ойламайды. Мереке болса болды, тек сыйлық беруге асығамыз. Дәп бір мереке сыйлық үшін жасалатын сияқты. Әсіресе, әйел мұғалімдердің 8 наурыз күні сыйлықтан құр қалатыны жоқ...

Әрине, символикалық құрмет ретінде қалам, кітап сыйлау, шын жүректен құттықтап бір шоқ гүл ұсынуға болатын шығар. Мәдениеті жоғары елдер сөйтеді. Ал біз қазір кемінде бір себет тәтті-дәмдімен қоса бір құшақ гүл сыйлаймыз. Одан кем болса «ұят сияқты»... Мұндайдың құны 20-25 мың теңге тұратынын, ал бұл ортаңқол шенеуніктің бір айлық табысының бестен бірі екенін ешкім де ойламайды. 

Мемлекеттік қызметте де солай. Әсіресе бастықтың туған күн, қызметте өсуі, атақ алуы деген сияқтылардың бәріне сыйлық береміз. Біз пара алудың басы осы сыйлық алудан басталады деп еш ойламаймыз. Бала кезден сыйлық алып дағдыланып қалғанғандықтан шенеуніктер ұсынылған параны да сыйлық деп қабылдап, қалтаға жымқыра береді. Тіпті біреуге қызметтік міндеті бойынша жақсылық жасаған шенеуніктер үнемі көзімен «сыйлық» дәметіп тұрады. Өйткені, бала жасынан сыйлық алуға үйренген. Мұның пара екенін білсе де «жақсылығыма жақсылық жасамайсың ба» дегенді көзбен ұқтырады. Өзінің міндетін ғана орындағанын, сол үшін өкімет еңбекақы беретінін ол ойламайды...

Әрине, сыйлық беру бүгін басталған жоқ және бізден де басталған жоқ. Ол бұрынғы, кеңестік жүйеде де бар болатын. Компартияның коммунистерді сөз жүзінде тазалыққа, шыншылдыққа, қарапайымдылыққа үндеуімен, қорқытуымен бастықтар да, қарапайым шенеуніктер де, мұғалімдер де басында сыйлық алудан қашқалақтап тұратын. Кейін, Хрущев-Брежневтердің тұсынан бастап бәрінің де бұған еті үйренді. Ақырын-ақырын қоғамның жазылмаған дәстүріне айналып кетті. Ал сол зиянсыз саналған дәстүр қазір үлкен қоғамдық проблемаға айналып отыр. Сыйлық бере отырып ұсынушы өзіне бір пайда дәм етеді. Бастықтан жоғарырақ қызмет немесе кезексіз сыйақы, мұғалімнен баласына жақсы баға үміт ететіні сөзсіз. Бастық немесе қатардағы шенеунік сыйлық алған адамына ерекше қарап, оның кәсіби шеберлігі төмен болса да қолпаштап, жұмысына өтірік мақтау жасайды, тіпті қызметінде өсіруге тырысады. Сөйтіп сыйлық біліксіз кадрлардың  жоғары өрлеуіне жол ашады. Бұдан, сайып келгенде қоғам жапа шегеді.

Мұғалім де пенде, «ана жолы бір жақсылық қылып еді» деп ойлап, сыйлық бергеннің үш алатын баласына төрт, төрт алатынға бесті қойып жібереді. Бұл әділетсіздік қана емес, жас балаға берумен алуға болатынын көрсететін жаман үлгі. Мұны көрген басқа балалар өзінен төмен оқитын баланың бағасы жоғары болғанына наразы болады, психологиялық тұрғыдан соққы алады.

Қалай айтсақ та қарапайым сыйлықтың ұланғайыр зияны бар екенін есте ұстаған жөн. Айналып келгенде ол бүкіл қоғамға қасіретін тигізетін сыбайлас жемқорлыққа ұласатыны сөзсіз. Сондықтан қоғамдық орындарда, барлық мемлекеттік мекеме-ұйымдарда сыйлық беру мен алуға заңды түрде тиым салған жөн. Ал оны ұйымдастыратындарға заңды түрде қатаң жауапкершілік жүктелуі керек. Соның ішінде баласы оқитын сыныпта сыйлық  алуды ұйымдастыратын шығаннан шыққан шолақ белсенділерді құрықтаған дұрыс. Бұл белсенділердің арасында өзінің немесе тамыр-таныстарының тауарларын өткізгісі келіп, ата-аналарға бас тартуға болмайтын бір «пайдалы» кеңестер беріп, ақыры оларды алғызатын бас пайдасын көздегендер де болады. Ал мектеп бітіретін баласы бар ата-аналарға осындайлар әрбір мұғалімге сыйлық алудың «дұрыс» екенін түсіндіріп бағып, 100 мың теңгеге дейін шығындатқан кездері болғанын білеміз... 

Әрине, бір кезде мұғалімдердің еңбекақысы төмен, тұрмыстары қиын болды дегенді ойлап, ата-аналар мұндай шығындарға ауыр тисе де үнсіз көніп жататын. Ал қазір жоғары категориялы мұғалімдер 400-500 мың теңгеден еңбекақы алып жатқанда мұндайды әлеуметтік қолдау дегенге әсте бола қоймас.

Ақша жинап, сыйлық жасау мектепте ғана емес, ОАОО мен ЖОО-ларда да бар. «Кураторымызға жинап жатырмыз» деп жүгіріп жүрген талай ата-аналарды да көрдік. Қысқасы, қоғамымыздың жегі құртына айналған сыбайлас  жемқорлықтың түп тамыры болған сыйлық беру салты әбден өрістеп кеткен. Оны құрықтап, тамырына балта шаппасақ, сыбайластық та өрістей береді.

Солтүстік Қазақстан облысы