Құрсаудағы жандар төтенше жағдай қызметіне, ауыл әкіміне, полиция бөліміне қайта-қайта хабарласып, өздерін құтқаруды өтінген. Әрине, бұл қызметтер де түк көрінбейтін боранда құрсаудағыларға тез жетіп, құтқара қоймайды. Тек арада 12 сағат өткенде ғана Ақжар аудандық төтенше жағдай бөлімінің қызметкерлері С.Қалиев, М.Ғабдысәләм және В.Матвеев қарды жарып өтетін қуатты техника «ТРЭКОЛ-мен» құрсауда қалғандарға жетеді. Түк көрінбейтін боранда және түн жарымында қар астында қалғандарға барынша ақырын бармаса және қиын. Өйткені ауыр машина жеңіл көліктерді зақымдап кетуі де мүмкін. Бірақ құтқарушылардың шеберлігінің, кәсіби дайындықтарының жоғарылығының арқасында құрсаудағы азаматтар құтқарылды.
Құтқарушылар үсуге таяп, әбден тоңып, дірілдеген жандарды эвакуациялық тірекке жеткізіп, ауыздарын жылытып ыстық шай мен тамақ беріп, бойларына қан жүгіртеді. Тіпті осында қондырып, тек боран басылған соң, ертеңіне жолға салып жібереді. Шексіз алғыстарын жаудырған жүргіншілер сөйтіп ажал аузынан аман қалып, үйлеріне жетеді.
Ал Ұялы ауылдық округінің әкімі Ғ.Кәрібаев өзінің үлкен алғысын Солтүстік Қазақстан облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Рамиль Камаловқа хатпен жеткізіп, құтқаруға қатысқан азаматтардың істерін атап өтуді өтінген. «Егер осы азаматтар өз істеріне адалдықты, жоғары шеберлік пен кәсіби дайындықтың биіктігін көрсетпесе бүгінгі таңда Ұялы ауылдық округінде қаншама отбасы қан жұтып, қайғы шегіп отырар еді. Сіздің қызметкерлеріңіз оларға екінші өмір сыйлағандай болды. Сондықтан біз олардың ерліктерінің алдында бас иеміз және олардың еңбегін лайықты атап өтуді өтінеміз» делінген екен хатта.
Осыған ұқсайтын алғыс хаттарды биылғы ақпанда Солтүстік Қазақстан облыстық ТЖ департаменті көп алды. Өз ісіне алғыс алғанға не жетсін?!
Солтүстік Қазақстан облысы