Руханият • 16 Наурыз, 2021

Біртуар күйші Баламайсаң

555 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында: «Тәуелсіздігіміздің мерей­лі 30 жылдығы қарсаңында біртуар тұлғаларымызды жастарға және бүкіл әлемге паш етуіміз керек», деген еді. Иә, бүгінгі таңда есімі сирек аталып, күй өнерінде өзіндік ізі қалған дәулескер күйші Бала­майсаң Дауылұлының есімін осы тұста ерекше атап өтуіміз қажет.

Біртуар күйші Баламайсаң

Күйші Баламайсаң Дауылұлы XVIII ғасырдың соңы мен XIX ғасырдың бірінші жартысын­да өмір сүрген. Өнер зерттеушісі, компо­зитор Ахмет Жұбанов өзінің «Ғасыр­лар пернесі», «Құрманғазы» атты зерттеу еңбектерінде күйші­нің ғұмырнамалық жолына баса тоқталады.

Баламайсаңның дүние есігін ашқан сәтінде қойылған есімі Байсан болған. Күйшілігімен елдің түкпір-түкпірін аралап, «Бала Байсан» атанады. Кейін ел аузында дыбыстық өзгерістерге ұшырап, «Баламайсаң» атын иеленеді.

 Баламайсаң Дауылұлының ғұмырының көп бөлігі Атырау облысы, Индер ауданы, Толы­бай құмы, Жұлдызшағыл, Қос­шағыл, Шобалақ деген ірілі-ұсақты қоныс­тарда өткен деген деректер бар. Күйшінің өмір сүр­ген жылдары құйма құлақ ақ­сақалдардың ай­туынша,  күй атасы Құрманғазымен замандас, ал жас жағынан мүшелдей кішілігі бар дейді. Ағайын-туыстарының жорамалдауына қарасақ, шамамен 1835-1905 жылдар аралығында өмір сүрген. Ал журналист, аудан­дық «Дендер» газетінің бас редакторы Жанай Амантурлиннің «Егемен Қазақстан» газетінде 25 мамыр, 2013 жылы жарияланған «Бала­майсаң» атты мақаласында: «Ел аузындағы тағы бір әңгімеде «Баламайсаңды Жәңгір хан ша­қырып алып, күй тартқызған. Күйіне разы болған хан «бала майсаңдатады екенсің» депті. Байсаң аты содан бері Баламайсаң аталып кетіпті» деген де бар. Бұл сөзге де мән беріп қарасақ, Әбілқайыр ханның шөбересі, Нұралы ханның немересі, Бөкей ханның ұлы Жәңгір хан  – 1801-1845 жылдардағы Бөкей ор­дасының соңғы ханы. Егер Баламайсаңды 1835 жылы туған десек, Жәңгірдің қабылдауындағы бала нешеде болғаны?», деген ой саларлық деректі келтіреді. Баламайсаңның өмір сүрген жылдарын нақтылау күн тәртібінен түспеу керектігін аңғарамыз.

Баламайсаңның бүгінгі таңда жиірек орындалып жүрген «Ба­ламайсаң» күйін көпшілік қауым біледі. Бұл күйді жаңғыртып, елге жеткізген күйші Қали Жан­тілеуов еді. Күй анасы Дина Нұрпейісова, Оқап Қабиғожин, Науша, Махамбет Бөкейхановтар да бұл туындыны орындаған. Қали Жантілеуовтің деректеріне сүйенсек, жоғарыда аталған күйді Баламайсаң қар­тайған шағында «Дүниеғапыл» деп тартқан екен. Ғалым Исатай Кенжәлиев Бала­майсаңның «Қыз Ақжелең», «Шалқыма», «Той бас­тар» атты күй­лері, қазақтың бард ақыны Табылды Досымов «Науан», «Салауат» күйлері болғанын зерттеу мақалаларында атаған.

Баламайсаң Дауылұлының есі­­мін жаңғырту мақсатында әлі де игілікті істер легі жалғасса деген тілек бар. Өйткені ұлы тұл­ғаларымызды ұлықтау – бүгінгі ұр­­пақтың парызы.

 

Әділбек ӨМІРЗАҚОВ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

 

АТЫРАУ