Экономика • 16 Наурыз, 2021

Жаңғырмалы энергия – орнықты даму кепілі

322 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазір адамзат тұрақты дамуға бет бұрғандықтан, балама қуат көздері оның ажырамас бөлігі іспетті. Жаһандық үрдістен Қазақстан да қалыс қалмауға қамданып, осы бағыттағы із­деніс­тердің үлесін жылдан-жыл­ға арттырып келеді.

Жаңғырмалы энергия – орнықты даму кепілі

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «ЕQ»

Инвесторлардың елімізге келуге дәті бармайтын

Елімізде жаңғырмалы энергия көз­дері 2009 жылдан бастап қолға алынды. Сол жылы жаңғырмалы энер­гия көздерін қолдау туралы заң қа­был­данған еді. Энергетика министрлігінің Жаң­ғыр­малы энергия көздері департа­ментінің директоры Айнұр Соспанова­ның айтуынша, сол кезеңде салалық жүйе қалыптастырылып, инвесторлармен қарқынды жұмыс басталды.

«Бұл кезеңде Қазақстанға инвесторлар келуге дайын емес болатын. Өйткені олар инвестициялық климаттың қолай­сыздығын алға тартып, тәуекелге баруға жүректері дауалаған жоқ. Десе де 2013-2014 жылдардан бастап тиісті заң өзгертіліп, жеңіл тарифтер енгізілді. Электр энергиясының бірыңғай сатып алушысын анықтадық. Содан кейін электр энергиясын сату және сатып алу жүйесін әзірлеп, теңгенің долларға қатысты бағамының өзгеруін ескере отыра тарифтер индекстеуден өт­к­ізіл­ді. Міне, осы кезде елімізге алғашқы инвес­торлар келе бастады. Алғашқы күннен қуат алатын 50 МВт-тық электр стансасы 2014 жылы Жамбыл облы­сында салынды. Яғни бұл кезең еліміз­дегі балама қуат көздерінің бастауы болды десек те артық болмайды», дейді А.Соспанова.

 

EXPO көрмесін көркейтуге атсалысты

Білікті маманның бастауымен 2017 жылы елордада өткен  EXPO ха­лық­аралық көрмесінде Қазақстан па­вильоны­ның тақырыптық мазмұны то­лық­­ты­рылды. Оның айтуынша, атал­ған жаһан­дық шара елімізде тұрақты энер­ге­ти­каның қанат қағуына жол ашты.

«Электр стансалары 3-4 жыл ішінде кезең-кезеңімен салынатынын ескерсек, еліміздегі негізгі балама қуат нысандары 2018-2019 жылдары іске қосылды. Бүгінде республика аума­ғында жалпы көлемі 1700 МВт-қа жуық­тайтын жаңғырмалы энергия көз­дері жұмыс істеп тұр. Оның ішінде 100 МВт-тық күн және жел электр стансалары бар. Әлемдік деңгейде алып қарасақ, бұл жаман нәтиже емес. 2020 жылдың қорытындысы бойынша жаңғырмалы энергия көздерінің үлесі 3%-ға жетті. 2025 жылға қарай оның көлемін 6%-ға және 2030 жылға қарай 10%-ға жет­кізу межесі қойылып отыр. Өңірлер бөлі­нісінде климаты жылы оңтүстік аймақтарда күн электр стансаларына басымдық берілген. Оның жарқын мысалы ретінде Түркістан, Жамбыл облыстарын келтіруге болады. Жел электр нысандарын далалы және таулы өңірлерде дамытқан қолайлы. Айта­лық, Алматы және Ақмола облыстары. Қазір перспективалық бағыт ретінде гидроэнергетикаға басымдық берілмек. Себебі бұл бағыттағы жобаларды жү­зеге асыру қымбатқа соқпайды. Десек те бұл күн және жел электр энер­ге­­ти­ка­­сы­на көңіл бөлінбейді дегенді біл­дір­мей­ді», деді департамент директоры.

 

Аукцион тарифті арзандатты

2018 жылға дейін жаңғырмалы энергия көздерінен өндірілген энергияның құны дәстүрлі энергия нысандарына қарағанда қымбатқа түсетін. Мәселен, күн электр стансасынан өндірілген энер­гияның тарифі МВт-қа шаққанда 34 теңгені құраса, жел электр стансасынан өндірілген қуат тарифі 22 теңге болатын. Әйтсе де 2018 жылдан кейін тарифті төмендету мақсатында тиісті ведомство аукцион өткізу форматына ауысты. Бұл энергетика нарығындағы баға саясатына оң әсер етті, дейді А.Соспанова.

«Аукцион тәртібіне көшкеннен кейін тарифтер шамамен екі есеге төмендеді. Мысалы, 2014 жылы күн электр стансасынан өндірілетін энергияның тарифі МВт-на 34 теңге болса, аукциондағы шекті бағасы 17 теңгеден аспайды. ЖЭК нысандарының иелеріне Сыртқы істер министрлігінің инвестициялар комитетімен басым бағыттағы инвестициялық келісімшартқа отырып, салықтық жеңілдіктер алуға мүм­кіндіктер қарастырылған. Яғни, Кәсіп­керлік туралы кодексте қамтыл­ған нормативтерді балама қуат көздері­мен айналысатын іскер азаматтар да пайдалануға құқылы», деді департамент басшысы.

Бұл саланы қарқындатып, өркендету үшін нарықта жүйелік өзгерістер қажет дейді маман.

«Жаңғырмалы энергия көздерінің ны­сандары өндірілген энергияны желіге жібереді. Ол KEGOC жүйелік опе­ра­торы­ның немесе өңірлік электр желі­лік компаниялардың желілері болуы мүм­кін. Егер де аталған желілер энергия­ны қа­был­дап, таратуға дайын болмаса, он­да ЖЭК нысандарына да қажетті қуат көле­мін өндіру оңайға тимейді. Бұдан бөлек, аспаннан күннің көзі көрінбей және жел соқпаса, сәйкесінше энергия да өндірілмейтінін жүйелік оператор ескеру қажет. Сон­дық­тан да ол ортақ жүйеге басқа бала­маны беруге дайын болғаны абзал. Бұл проблема біздің елімізге ғана тән емес. Бұл әлемдік үрдіс. Әр мемлекет оны өз бетінше шешіп келеді», деді А.Соспанова.

Аталған мәселені шешудің амалы ретінде отандық мамандар елімізде маневрлік қуат көздерін дамытуды көздеуде. Осы бағытта жауапты орган аукцион өткізуді жоспарлап отыр.

Соңғы жаңалықтар