Сол себепті мен Президенттің заң шығаруға бастамашылық ету құқын толық пайдаланып, осындай шешім шығаруын толығымен қолдаймын.Қазақта «Ұлтарақтай болса да, атамекен жер қымбат» деген ұлағатты сөзі бар. Осынау кең-байтақ қасиетті жер біздің ата-бабамыздың қанымен, жанымен қорғап қалған дүниесі. Қанша дүние саудаға түсіп, сатылғанымен, жер ол – халықтың мәңгілік қазынасы.
Сондықтан да оны сатуға ешкімнің де құқы жоқ. Алақандай жер болса да ол біздің, Қазақ елінің еншісіндегі құндылық болып қалуы керек. Қазақтың жерінде өзіміздің ұрпақтарымыз ие болып қалу керек, осы жерде өз перзенттеріміз еңбек етіп, өсіп-өнуі, өмір сүруі қажет.
Ел егемендігінің ең басты қазынасы – жерді көзіміздің қарашығындай сақтап, ертеңге аманат етіп қалдыру – мемлекеттің жүгін арқалаған азаматтардың бүгінгі басты міндеті, міне, осы. Шындап келгенде, бұл – киелі қазақ топырағында кіндік қаны тамған әрқайсысымыздың қасиетті парызымыз. Өйткені жердің тағдыры – елдің тағдыры.
Әкім ЫСҚАҚ,
қоғам қайраткері