Жерді шетелдіктерге сатпау және жалға бермеу – ұлттық қауіпсіздікке тікелей байланысты маңызды мәселе. Еліміздің әлемдік аренада тәуелсіз мемлекет болып тұғырдан таймауы, ішкі бірлігіміздің тұтастығының бүлінбеуі де жер тағдырымен тікелей байланысты. Сол себепті де Қасым-Жомарт Кемелұлының бұл заң жобасын Мәжіліске тездетіп жолдауын ерекше қолдаймын. Алдағы уақытта Мәжіліс те халық тағдырымен астасып жатқан бұл заң жобасын қолдап, нақты іске асырады деген сенім мол.
Шындап келгенде, қарапайым халық үшін жерден артық байлық жоқ. Ұрпақтан-ұрпаққа қалдыратын басты қазынамыз да осы жер. Сондықтан да Президенттің талай жылдан бері шатқаяқтап, талай мүдделі топтың талас-тартысына түсіп келген осы мәселеге соңғы нүкте қойып, шығарған осындай нақты шешіміне ұлт болып, қоғам болып қолдау көрсетіп, алдағы уақытта заңның нақты жүзеге асырылуына бір кісідей атсалысуымыз қажет.
Самат НҰРТАЗА,
саясаттанушы