Экология • 16 Наурыз, 2021

Кәсіпорын қалдықтарын кәдеге жарату – қоршаған ортаға қамқорлық

32 рет көрсетілді

Қоршаған ортаға орасан залалын келтіретін зауыттардың қалдықтары ең өзекті экологиялық мәселе екені анық. Әлбетте, қалдықсыз өндірісті жолға қою әзірге арман болып тұр. Сондықтан бүгінде бұл шетін мәселенің бір шешімі ретінде өнеркәсіптік қалдықтарды кәдеге жарату үрдісі қарастырылады.

Біраз уақыттан бері қайталама ши­кізат коммуналдық құрылыста және азаматтық құрылыста қауіпсіз қолданылып келеді. Бүгінгі таңда бұл тәжірибе Қазақстанның белгілі бір өңірлерінде сәтті қолданылуда. Мәселен, Экология, геология және таби­ғи ресурстар министрлігінің мәлі­меті бойынша, өткен жылы Қос­танай облысындағы экология департаменті құрылыс объектілеріне өнеркәсіптік қалдықтарды тарту жұмыстарын жүргізді. Соның нәти­жесінде соңғы екі жылда облыс бойынша өнеркәсіптік қоқыс көлемі 15%-ға азайды. Егер 2019 жылы бұл көрсеткіш 287,8 млн тоннаны құраса, 2020 жылы көрсеткіш 43,2 млн тоннаға төмендеді. Бұл – осы өңірдің экологиясы үшін оң өзгеріс.

Коммуналдық қалдықтарды қайта өңдеу қазақстандықтар үшін шетелдік ноу-хау емес. Бүгінде Қостанай облысының аумағында пластик, шыны, қағаз, қаңылтыр бұйымдарын бөлек жинауға арналған мыңнан астам контейнер орнатылды. Тек өткен жылдың өзінде онда 1 500 тоннадан астам пай­даланылған шикізат жиналып, қайта өңдеуге берілді. Сонымен қатар қазір Қостанайда қуаттылығы жылына 30 тоннаға дейін болатын полимерлік қалдықтарды қайта өң­деу цехы жұмыс істейді. Арнайы тех­нология бо­йын­ша қалдықтардан кәріз люктері шығарылады және болашақта тас төсемдер мен плиткалар шығарылады.

2020 жылы Қостанай облысы «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ спутниктік зондтау арқылы қоқыс үйінділерінің бар-жоғы зерттелді. Спутник суреттерінің көмегімен 538 рұқсат етілмеген қоқыс орындары анықталды, оның көбі жойылды.

Қауіпті қалдықтарды реттеу көп­теген облыстың проблемасы екені белгілі. Науырзым ауданында бұл проблема улы қалдықтар мен у­лы химикаттардың басым бөлігі ор­наласқан мамандандырылған қойма салу арқылы шешілді. Департаменттің қолдауымен экологиялық таза технологияларды енгізу мақсатында демеркуризация – құрамында сынабы бар пайдаланылған шамдарды жинау үшін контейнерлер орнатылды. Сондай-ақ медициналық қалдықтарды қайта өңдеу жобасы сәтті іске асырылды. Осының барлығы Қостанай өңірінің барлық елді мекендеріндегі қоршаған ортаның жағдайын жақсартуға мүм­кіндік берді.

Сонымен қатар қоршаған ортаны кәсіпорындардың қалдықтарынан тазарту жұмыстарына көп мән беріледі. Жақында Маңғыстау облысында мұнай қалдықтарымен ластанған 10 полигон толықтай тазартылды. Бұл туралы Экология, геология және табиғи ре­сурс­тар министрі Мағзұм Мыр­зағалиев Twitter парақшасында жазды.

«Экологиялық маңызы зор жұмыс­ты министрлік пен «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ арасындағы Қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынты­мақ­тас­тық туралы меморандум аясындағы жүзеге асырдық. Кеңес кезеңінен бері мұн­да мұнай қалдықтарымен ластанған жер­лер 47 гектарға жеткенін атап өтуі­міз керек. Компания соның әзірге 6 гектарын, яғни 350 мың тонна топы­рақты тазартты», деп хабарлады министр.

Оның сөзінше, енді топырағы қай­та өңделген аумақ мемлекеттік бақылау органдарының қарауында болмақ. «ҚазМұнайГаз» 2024 жылға дейін мұнаймен бүлінген жерлерді толық қалпына келтіріп беруге уәде етіп отыр.

Соңғы жаңалықтар

6 өңір «жасыл» аймақта тұр

Коронавирус • Кеше

Депутатты пышақтап кетті

Әлем • 15 Қазан, 2021

Шетелдік вакциналар ақылы болады

Коронавирус • 15 Қазан, 2021

Қазақстанда ревакцинация қалай өтеді?

Коронавирус • 15 Қазан, 2021

Ұқсас жаңалықтар