Қаумалда алғаш рет былтыр қаңтар айында БҰҰ бағдарламасы аясында арнайы орнатылған фототұзаққа мысық тұқымдасына жататын ең ірі аң – қар барысының (ілбіс) да түсіп қалғаны тіркелген. Еліміздің аумағында 130-ға жуық, ал жер бетінде бірнеше мыңы ғана қалған осынау аң түрінің Жамбыл жерінен ұшырасуы, шынында да сүйсінерлік жаңалық. Осыған байланысты Алматы қаласындағы зоология институтынан арнайы мамандар келіп, фототұзақ түсірілімдері бойынша зерттеу жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде, қаумал аумағындағы тау қойнауларын 4 бірдей қар барысы мекендейтініне нақтылы көз жеткізілген-ді.
Ал Меркі ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Ж.Ибраимовтың айтуынша, бүгінде қаумал аумағындағы қар барысының саны 8 басқа жеткен. Бұл аумақты сондай-ақ 140 арқар, 8 үнді жайрасы мекендейтіні де мәлім болып отыр.
Осы орайда айта кетерлік жай, былтырдан бастап облыс әкімінің бастамасымен Меркі ауданының таулы аймағында мемлекеттік өңірлік табиғи саябақ құру ісі қолға алынғаны баршаға мәлім. Қазіргі уақытта аталған жобаның жаратылыстану-ғылыми тұжырымдамасы толықтай дайындалып бітті. Енді табиғи саябақтың шекара-шегі белгіленіп, техникалық-экономикалық негіздемесін түзу жұмыстары жүзеге асырылу үстінде.
Баймаханбет АХМЕТ,
журналист
Жамбыл облысы