– Оқиға орын ала салысымен терроризмге қарсы іс-қимыл саласы бойынша жедел іздестіру шаралары жүргізілді. Нәтижесінде «жалған терроризм» туралы хабар түсіруші Арал қаласының тұрғыны, 2012 жылы туған, 3-ші сынып оқушысы екені анықталды. Жалпы мұндай қылмыстар ҚР Қылмыстық кодексінің 273-бабында қарастырылған. Яғни жалған ақпарат таратқан адам 6 жылға дейін бас бостандығынан айырылып және тексеріс жұмыстарына тартылған мемлекеттік органдардың материалдық шығынын өтеуі мүмкін, – деді облыстық полиция департаментінің экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының орынбасары Қуаныш Оразов.
– Жалпы «жалған терроризм» туралы хабарлама тарату қылмыстың ауыр түріне жатады. Сондай-ақ, заңға сәйкес, кәмелетке толмағандардың жасаған әрекеті үшін оның ата-анасы жауапкершілікке тартылады. Біреулерге мұндай әрекеттер баланың ойыны, еш зияны жоқ болып көрінуі мүмкін. Бірақ түскен ақпаратты ойын деп есептеп, тиісті шаралар атқарылмай қалса, оның соңы адам шығыны, басқа да материалдық залалдарға әкеліп соғуы мүмкін. Әрі жалған ақпарат таратушыны табу үшін де құзырлы органдар белгілі бір материалдық-техникалық, қаражатты және жұмыс уақытын шығындауға мәжбүр болады, – деді облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысы Медет Усаин.
Айта кетейік, облыста мұндай жалған ақпарат беру соңғы рет үш жыл бұрын тіркелген.