Қазақстан • 16 Наурыз, 2021

Қордайда шекара маңы ынтымақтастығы мәселесі талқыланды

130 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов пен Қырғыз елінің экономика және қаржы министрінің орынбасары Сұлтан Ахматов Қордай ауданына келді. Екі елдің сала басшылары Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевпен бірге аудандағы «Қарасу» және «Қордай» бақылау-өткізу пункттерінің қызметімен танысты.

Қордайда шекара маңы ынтымақтастығы мәселесі талқыланды

Жұмыс сапарының басты мақсаты – «Қорғас» секілді «Қарасу» бақылау-өткізу пунктінің жанында «Қордай» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығының жобасын жүзеге асыруға дайындыққа негізделді. «Қарасу» бақылау-өткізу пункті арқылы негізінен жүк көліктері өтетін болса, осыған орай қазақстандық билік мұнда арнайы визалық режиммен шектесетін мемлекеттердің өнеркәсіптік кооперациясы секілді дүние құруға ниетті екен. Сондай-ақ, қосымша құны жоғары тауарларды өткізу де бар. Еркін экономикалық аймақтың қатысушыларына бірқатар жеңілдіктер мен преференциялар беріледі. Мәселен, белгілі бір мерзімге жер учаскелерін тегін беру, дайын инфрақұрылымды пайдалану мүмкіндігі мен корпоративтік табыс салығынан, мүлік салығы мен қосымша қаржы салығынан, жер салығынан босату және тағы басқа жеңілдіктер қарастырылған. Қазақстандық тараптың осындай мүмкіндіктерін таныстырған министр Бақыт Сұлтанов қырғыз министріне шекараға жақын маңда 15 гектар мемлекеттік жер телімі дайын екенін, қажет болған жағдайда оны 100 гектарға дейін ұлғайтуға болатындығын айтты. Бұл расында маңызды артықшылық десек болады. Себебі, жекеменшік иелерінен жер телімдерін сатып алуға уақыт пен күш жұмсалмайды. Ал, бақылау-өткізу пунктінің ғимараты шекараға жақын жерге ауыстырылып, іргелес аумаққа ауыр жүк көліктеріне арналған тұрақ салынады. Сонымен қатар, Қырғыз мемлекетіндегі Шу облысының шекара аймағындағы жер телімдері жекеменшікте екен. Бұл орайда, осы және өзге де факторларды ескере отырып, Бердібек Сапарбаев ынтымақтастық орталығын толығымен Қазақстан аумағына орналастыруды ұсынды. Аталған ұсынысқа орай, Сұлтан Ахматов бұл мәселе қырғыз билігі тарапынан жан-жақты талқыланып, екі-үш күннен кешіктірілмей жауабы берілетінін айтты. Өз кезегінде Бақыт Сұлтанов жобаның қазақстандық тұжырымдамасы дайын екенін, оны уақыт созбай көрші елге жолдай алатындарын атап өтті.

ь

Бұдан кейін екі елдің сала басшылары жеке адамдар мен жеңіл көліктердің өтуіне арналған қайта жаңғыртылған «Қордай» бақылау-өткізу пунктіне ат басын барды. Бүгінде мұнда қозғалыс жолақтары екіден сегізге дейін ұлғайып, тексеру кабиналарының саны 12-ден 34-ке дейін артқан. Ал, құрылыстың жалпы ауданы 4,9 мың шаршы метрге жеткен. Егер бұрын жаяу жүргіншілерді өткізу мүмкіндігі тәулігіне 6000 адамнан аспаған болса, ол қазір 25 мыңға дейін жеткен. Ал, шекарадан өтетін автокөліктер саны тәулігіне 2,5 мыңға дейін өскен. Ірі көлемді көліктерге, соның ішінде негізінен жолаушылар автобустарына арналған тексеру кешені жұмыс істейді. Ол үшін бір көлікке бес минут көлемінде уақыт жұмсалады. Ал, заманауи қондырғылар сағатына 700 дана қол жүгін сканерлеуге қабілетті.

 

Жамбыл облысы