Аймақтар • 16 Наурыз, 2021

Жамбыл облысы жасыл аймаққа айналады

702 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында экология және биологиялық әркелкілікті қорғау жөнінде айтқан еді. Президент тапсырмасын орындау мақсатында Жамбыл облысында алдағы бес жыл ішінде 140 миллион түп ағаш отырғызылатын болды. Бұл орайда, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Аслан Оразбеков ауқымды жұмыстар туралы әңгімелеп берді.

Жамбыл облысы жасыл аймаққа айналады

«Президент Жолдауында айтылған республика бойынша отырғызылатын 2 миллиард ағаштың 140 миллион түбін біздің өңіріміздегі орман қорына отырғызу жоспарланып отыр. Аталған тапсырманы кезең-кезеңімен орындау үшін арнайы жоспар да бекітілген. Тапсырманы алдағы 5 жылда орындау үшін Жамбыл облысы бойынша кешенді жоспар 5 есеге көбейтіліп, еліміздің орман шаруашылығы комитетімен келісілді. Отырғызылатын ағаштарға 79,4 мың гектар орман қоры жерлері дайындалуда», дейді Аслан Оразбеков. Бұдан бөлек, елді мекен ішінде және оның айналасына отырғызылуы тиіс 970 мың түп ағашты отырғызудың 5 жылдық жоспары да бекітілген. Бұл жұмыстар басқарманың бастамасымен орман, жануарлар дүниесі, су қоймалары, жер қойнауын пайдалану және экология салаларын дамытудың кешенді жоспарына енгізілген. Әсіресе, орман шаруашылығы саласы төңірегінде атқарылған жұмыс көп екен. «Бүгінде өңіріміздегі орман қорының жалпы көлемі 4,4 миллион гектарға тең. Өткен жылы басқармаға қарасты мекемелермен бірлесіп орманға ағаштар 3054 гектарға, сексеуіл тұқымы 2750 гектарға отырғызылды. Сонымен қатар, жоспар бойынша 49 гектарға тұқымбақ жасақталып, әртүрлі қылқан жапырақты ағаш көшеттері өсірілуде. Өткен жылдың күз айында тұқымбақ көлемі 93 гектарға ұлғайтылды», дейді басқарма басшысы.