Қоғам • 16 Наурыз, 2021

Атырауда 60 жастағы шопан із-түзсіз жоғалып кетті

402 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Атырау облысында 10 наурызда жоғалып кеткен 60 жастағы шопанның дерегі шықпай тұр.

Атырауда 60 жастағы шопан із-түзсіз жоғалып кетті

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің ақпаратына сүйенсек, шопан Исатай ауданындағы шаруа қожалығында жұмыс істеген.

«10 наурызда екі шопан отарды өріске шығарған. Оның бірі– 60 жастағы азамат жаңа туған қозыны алып, түйемен қыстауға беттеген. Ал, екінші шопан кешке отарды қыстаққа әкелген. Жоғалған шопанды іздеу сол күні, 10 наурызда басталды» деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Бірақ, 6 күн бұрын із-түзсіз жоғалып кеткен шопан әлі табылған жоқ. Бүгін, 16 наурызда оны іздеуге«Қазавиақұтқару» РМК Атырау филиалының МИ-8 тікұшағы тартылды.

«Бес сағатқа жуық әуеден іздестіру жүргізілді. Тікұшақпен Исатай, сондай-ақ көршілес Махамбет және Индер аудандарының Батыс Қазақстан облысының аумақтық шекарасына дейінгі шалғай учаскелер зерттелді. Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері шалғайда қараусыз қалған қыстауларды да тексерді» деді баспасөз қызметінен.

Із-түзсіз жоғалған шопанды 4 төтеншелік, 10 полицей, сондай-ақ, шаруа қожалығының 2 қызметкері «Трэкол»және өзге де көліктермен іздестіруді жалғастырып жатыр.