Әлем • 17 Наурыз, 2021

Еуропаның цифрлы онжылдығының маңызы жоғары

239 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Таяуда Еуропалық комиссия «цифрлы онжылдық» құжатын қабылдады. Онда 2030 жылға дейінгі цифрлы технология саласындағы өзекті мәселелер қамтылған. Project Syndicate жобасы аясында «Egemen Qazaqstan» жариялап отырған мақалалардың біреуі осы мәселеге арналған.

Еуропалық одақтың Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғары өкілі Хосеп Боррел мен Еуропалық одақтың Бәсекелестік жөніндегі комиссары Маргрет Вестагер бірлесіп әзірлеген мақалада қарт құрлықтың цифрландыру саласындағы көзқарасының маңызы жайлы сөз қозғалады.

Автор­л­ардың сөзіне сүйенсек, Еуропалық одақ әлемдегі цифрлы технология саласын дұрыс бағытқа бұруға қабілетті. Бұл мақсатқа қол жеткізу үшін қарт құрлықтың ше­неу­ніктері тиісті шараларды іске асырып, халықаралық ынтымақтастық орнатуы қажет.

Принстон университетінің биоэтика профессоры Питер Сингер АҚШ-тағы мынадай қызық оқиғаға тоқталады. Тұрғындарға вакцина салуға жауапты Хасан Гокал артық қалған екпелерді басқа адамдарға егеді. Кейінірек осы әрекеті үшін жұмыстан шыға­рылып, жауапқа тартылған. Автор осы оқиғада дәрігерді қудалағандарды сынға алады.

Естеріңізге салайық, әлемдегі маңызды да өзекті тақырыптар жөнінде бірегей контент әзірлейтін Project Syndicate жобасының мақалалары Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен жарық көріп отыр.

 

Еуропаның цифрлы онжылдығының маңызы жоғары

БРЮССЕЛЬ. Таяуда Еуропалық комиссия «цифрлы онжылдық» бастамасын таныстырды. Еуропалық одақ 2030 жылға дейін төрт негізгі бағытқа басымдық бермек. Атап айтқанда, инфрақұрылым, мүмкіндіктер, қоғамдық қызмет және бизнесті цифрландыру. Осылайша, қарт құрлық қазіргі таңдағы цифрлы революцияның алдыңғы қатарында болуды көздейді.   

Технология азаматтар мен бизнес­ке өркендеген және қолайлы қоғам қалып­тастыруға мүмкіндік беруін қам­тама­сыз ету үшін бізге ашық және бәсекеге қабілетті нарық қажет. Тұтыну­шыларға өнімдері мен қызмет­терін тең дәрежеде жеткізуге және инно­­вация­лар енгізуге бүкіл кәсіпорын­дардың мүмкіншілігі болуға тиіс.

Кеңірек айтсақ, цифрландыру қазіргі таңда экономикалық және әлеуметтік тұрақтылықты қалыптастырудың және жаһандық ықпал етудің кілтіне айналды. Ортақ болашағымыз цифрлы ортада қалыптасып келеді. Технологиялық басымдыққа жетуді көздейтін геосаяси тұрғыда бәсекелес әлемде Еуро­па­лық одақтың цифрландыру жөнін­дегі көзқарасы өзін дәлелдеуі тиіс. Осылай­ша ашық қоғамға, заңның үстемдігіне және басты еркіндіктерге сүйене отырып, цифрлы технологияларды қадағалау және оны қуғын-сүргін құралы ретінде қолданатын авторитарлы жүйелерден артықшылығын көрсетуі қажет.

Өз мүмкіншіліктерін толыққанды пайдалана отырып, Еуропалық одақ әлемдегі цифрлы технология саласын дұрыс бағытқа бұра алады. Еуропа­ның цифрлы онжылдығын сәтті өткізу ЕО-ның аясында терең ынтымақтас­тық қалыптастырып, екіжақты және көпжақты қатынастарды жолға қоюға тікелей байланысты. Бәрінен бұрын, технологиялық инновацияның бүкіл тиімділігін көру үшін инвестиция еркін құйылатын ашық цифрлы экономика қалыптастыру керек. Денсаулық сақтау саласында цифрлы шешімдерді қол­данып, терроризммен күресіп, кли­маттың өзгеруінің алдын алып, биоло­гиялық алуан түрлілікті қорғаймыз ба, әлде технологияны табиғи апаттарды болжап, келешек пандемиялардың алдын алуға пайдаланамыз ба, бәрібір бізге халықаралық технологиялық ынтымақтастық қажет.

Бірақ цифрландырудан келетін қауіп-қатер де жетерлік. Мәселен, жаппай қадағалау мен маңызды нысан­дарға жасалған кибершабуылдан бастап, қоғамды бөлшектейтін, демократияны әлсірететін, мемлекет қаржыландыратын дезинформацияға дейін жалғаса береді. Ендеше, ашықтық пен біздің маңызды құндылықтарымыз бен мүдделеріміздің арасында тепе-теңдікті сақтап отырғанымыз жөн.

Атап айтқанда, мына үш негіз­гі қағидаларды ұстануымыз керек. Цифрлы нарықта тең жағдай жасау, киберкеңістіктегі қауіпсіздік және желідегі еркіндік (соның ішінде сөз бостандығы мен жиналыстарды қорғау, кемсітушілік пен жеке мәліметтердің тарап кетуіне жол бермеу).

Еуропалық одақтың екіжақты қаты­­­­настарын нығайтуға, нақты стан­дарт­тарды орнатуға және тауар жеткізу­де тұрақты цифрлы тізбе құруға деген ын­тамызды сақтай отырып, АҚШ прези­денті Джо Байденнің әкімшілігіне бір­лес­кен сауда және технологиялар кеңе­сін құру туралы ұсыныс жасадық.

Сондай-ақ ЕО адамзатқа арнал­ған цифр­ландыру жөніндегі ортақ көз­қарасы бар жаһандық коалиция құру­ға ұмтылады. Біз технологиялар мен цифр­лы экономиканы тиімді демо­кра­­тия­лық басқару арқылы жүргізе­тіндер­­­мен ынтымақтастықта болуы­мыз қажет. Мұндай кез келген коа­лиция­ға интернеттің ашық, орталық­тан­ды­рыл­маған моделін және цифрлы нарық­тардағы әділеттілік, кибер­кеңіс­тіктегі қауіпсіздік және жеке желі­дегі еркіндікті қорғауға дайын барлық адам қосыла алуы керек.

Тізе қосып жұмыс істегенде ғана жа­сан­ды интеллект пен басқа да заманауи технологияларға ортақ құндылық­тарымызға негізделген стандарттар қойып, басқалар жасаған инновация­ның тиімділігін көріп, кибершабуыл­дарға қарсы мықты қорғаныс қалыптас­тырамыз. Озық ойлы әріптестердің коалициясын құру біздің цифрлы жеткізу тізбегін қауіпсіздік пен тұрақтылықтың негізгі қайнар көзіне айналдырады.

Сонымен қатар, тағы бір маңызды мәселе – цифрлы онжылдық 2030 жылға дейінгі Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуге берілген соңғы мүмкіндік. Цифрлы технологияның әлемнің түкпір-түкпіріндегі қоғамдық қызметтерге қол жеткізіп, оларды іске қосуға мүмкіндігі мол екені белгілі. Африкада интернетке қолы жеткен тұрғындардың мөлшері 2005 жылғы 2 пайыздан 2019 жылға қарай 40 пайызға дейін ұлғайтылып, бала­лардың көбірек білім алуына, әйел­дерді жұмыспен қамтуға жол ашылды. Әйтсе де, жаһандық деңгейде цифрлы бөлі­ну бар кезеңде жаңа техно­логия­лар­дың бүкіл мүмкіншілігін сезіне алмаймыз.

Осы мақсатта ЕО көп ұзамай серік­тестеріне өзінің цифрлы басқару шеңберін, соның ішінде киберқауіпсіздік және деректерді қорғау секілді салаларды дамытуға көмектесу үшін қаржылық ресурстар мен техникалық көмектерді біріктіретін бастама ұсынады. Мысалы, жаңа Цифрлы байланыс қоры бұл бастамаға негіз бола алады. Осылайша, серіктестерімізбен бірге алдағы уақытта осындай идеялардың қаншалықты орындалатынын зерттейміз.

Сөз соңында, қауіпсіз, бірақ ашық интернетті сақтау ел билігін ғана емес, сонымен бірге азаматтық қоғам, жеке меншік және ғылыми топтардың өкіл­дерін біріктіретін көпжақты көзқарас моделін жасауды қажет етеді. Содан кейін бұл модель БҰҰ мен Дүниежүзілік Сауда Ұйымынан бастап, Халықаралық Телекоммуникациялар Одағына дейінгі халықаралық ұйымдар шеңберінде жүзеге асып, ортақ ережелердің мақсатқа сай екенін қамтамасыз етеді.

Сонда ғана ортақ қағидаларымыз арқылы қалыптасқан орта адамзатқа негізделген цифрлы өзгеріске қол жет­кізіп, технологияның пайдасын арттырып, қаупін азайтуға жол ашады. Кибер­кеңістікте де Еуропа жаһандық негізгі құндылықтардың тірегіне айналады. 1948 жылғы Адам құқықтарының жал­пыға бірдей декларациясы адам­ның қадір-қасиетін, жеке өмірге қол сұғылмаушылық пен кемсітпеу құқығын, сөз бен сенім бостандығын белгіледі. Цифрлы революцияны осыған сай жүргізу – біздің ортақ міндетіміз.

 

Маргрет ВЕСТАГЕР,

Еуропалық комиссияның Еуропаның цифрлы дәуірге бейімделуі жөніндегі атқарушы вице-президенті, ЕО-ның Бәсекелестік жөніндегі комиссары,

Хосеп БОРРЕЛ,

Еуропалық одақтың Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғары өкілі, Еуропалық комиссияның Еуропаның әлемдегі орнын нығайту жөніндегі вице-президенті

 

Copyright: Project Syndicate, 2021.

www.project-syndicate.org