МЕЛЬБУРН. Былтырғы 29 желтоқсанда Техас штатындағы Харрис ауданының (оның құрамына халықтың саны бойынша АҚШ-тың төртінші қаласы Хьюстон кіреді) коронавирусқа қарсы тобының медициналық директоры Хасан Гокал Moderna вакцинасын егуді, әсіресе жедел жәрдем қызметкерлеріне салынуын қамтамасыз етіп жүрген еді. Вакцина 11 дозасы бар құтылар арқылы келеді. Құтыны ашқаннан кейін 6 сағаттан соң екпенің мерзімі өтеді және пайдаланылмаған вакцинаны жою керек.
Желтоқсанның сол күні пациенттердің бірі медицина орталығы жабылар кезде келгендіктен, мейірбикенің жаңа құтыны ашуына тура келді. Бірақ вакцинаның 10 дозасы қалған-ды. Гокал оны орталықта жүрген медицина қызметкерлеріне және екі полиция офицеріне ұсынды. Бірақ олардың кейбірі екпе қабылдап қойған, енді бірі бас тартты. Ереже бойынша, 65 жастан асқандар мен дімкәсі бар азаматтардың бәрі коронавирустан зардап шегу ықтималдылығы жоғары болғандықтан, вакцина алуларына болады. Содан кейін Гокал осы топқа сай келетін ата-анасы бар әріптесіне хабарласуға талпынған, бірақ олармен байланыса алмаған.
Кейін Гокал телефоны бар таныстарына хабарласып, вакцина салдыруға сай келетіндері бар-жоғын анықтауға талпынып, қалау білдірген адамды кешке үйіне келуге шақырды. Сол күні кешке үйге оралғанында екі адамның күтіп отырғанын көріп, оларға екпе екті. Бұдан соң вакцина алуға құқылы адамдардың үйлерін аралап, тағы бесеуіне вакцина салып шықты.
Сөйтіп жүріп телефон шалуын жалғастыра берді. Тағы үш адам екпе алуға келісімін берген. Бірақ біреуі көп ұзамай бас тартты. Гокалдың жұбайы өкпе саркоидозымен ауыратындықтан, оның вакцина алуға құқығы бар болатын. «Мен бұны сізге бергім келген жоқ. Бірақ мен оны жарты сағат ішінде пайдаланбасам, әжетханаға тастауым керек», дейді ол жұбайына. Соңғы дозаның мерзімі аяқталуына он бес минут қалғанда Гокал оған вакцина салды.
Ертеңіне Гокал басшылыққа оқиға туралы айтып беріп, он дозаның кімдерге салынғанын атап көрсетті. Бірнеше күн өткен соң басшылық оны шақырып алып, қалып кеткен дозалар қайтарылуы қажет екенін, тіпті мерзімі өтіп кетуі мүмкін болса да қоқысқа тасталуға тиістігін жеткізді. Бұл талапты орындамағандықтан, ол жұмыстан шығарылды.
Екі аптадан соң Харрис ауданының огругтік прокуроры Ким Огг оны ұрлық жасады және округ хаттамаларын бұзды деп айыптады. Гокалдың адвокаты бұзылды деп айыпталған хаттамалардың көшірмесін сұрады. Оған құжаттардың жоқ екені айтылды.
Судья айыптауларды жоққа шығарып, огругтік прокурор Гокалдың кінәсін дәлелдей алмағанын, коронавирусқа қарсы орталықтың медициналық кеңесшісінің вакциналау жөнінде шешім қабылдауға құқылы еместігін көрсете алмағанын атап өтті. Огг тағы да талпынатынын жеткізді.
Кейбір моральдық жүйелер ережелерге қол сұғылмайды деп қарайды. Мысалы, Рим-католик шіркеуі адамның жазықсыз өмірін қию әрқашан дұрыс емес деп санайды.
Кейде бала туу кезінде нәрестенің бас сүйегі қысылып қалып, оны шығарып алу мүмкін емес болғанда осындай сәт туады. Мұндай жағдайда ешқандай әрекет жасалмаса, ана да, бала да қайтыс болады. Босандырудың тәсілдері жетілмейінше, осындай сәттегі шығар шешім – екі өлімге жол бермеу, яғни нәрестенің бас сүйегін сындыру. Сәби қайтыс болады, бірақ анасы тірі қалады. Католик діні елдерінде мұндай тәсілге тыйым салынған. Өйткені бұл нәрестені тікелей өлтіру болып саналады. Соның салдарынан тірі қалуы мүмкін әйел де қаза табады.
Утилитаризм бұған қарама-қарсы. Оның негізін қалаушы Джереми Бентам кез келген заң, әдет-ғұрып немесе моральдық ереже жөнінде «Мұның не қажеті бар?» деп сұрайды. Яғни сол арқылы азапты азайтып, бақытты көбейтуге бола ма? Бентам мен оның ізбасарлары мұндай тәсілді ақсүйектердің артықшылығы, құл саудасы, дауыс беру жөніндегі шектеулер секілді мәселелерде қолданған.
Ережелер тіпті утилитаристер үшін де маңызды. Джон Стюарт Милльдің пайымдауынша, ереже ата-бабаларымыздың баршаға игі өмір әкелуі мүмкін әрекеттер туралы тәжірибесі мен ақыл-ойынан құралады. Алайда, Милл үшін ереже абсолютті емес. «Өмірді сақтау үшін ұрлықтың өзі рұқсат етіліп қана қоймай, міндетке айналуы мүмкін», дейді ол.
Біз Гокал салған 10 доза вакцина адам өмірін сақтап қалды ма, жоқ па – білмейміз. Бірақ оның әрекеті екпені бірнеше күн немесе апта күтетін адамдардың жанына тыныштық орнатты. Оған қоса, ол ештеңе ұрлаған жоқ. Вакцинаны лақтырып тастағаннан гөрі оны адамдарға салған артық екені анық. Егер Гокал қызметінен қуылып, жауапқа тартылмағанда тіпті керемет болар еді.
Гокалға жасалған әділетсіздіктен вакциналауға жауаптылар басшылыққа алуы тиіс, ақылға қонымды ережелердің қаншалықты маңызды екенін түсінеміз. Лос-Анджелесте клиникалардан тыс күту режімі жасалып, ресми емес болса да екпе екті. Лос-Анджелес округі қоғамдық денсаулық сақтау департаменті денсаулық сақтау ұйымдарына пайдаланылмаған дозаларды тастамауын сұрады. Израильде вакцина салу тобына кірмейтіндер жақын маңдағы орталықта ысырап болатын вакциналар туралы мәтіндік хабарлама алады. Осы мысалдар көрсеткендей, өмірді сақтайтын вакциналарды лақтырғаннан гөрі тиімді пайдаланған қисынды.
Бұл оқиғадан алатын тағы бір сабақ, нақты ережелер болмағанда немесе ережелерді құрастырғандар ойламаған жағдайда жақсылық жасауға талпынатын адамдарды жазалау дұрыс емес. Мұндай жағдайда адамның баршаға қолайлы шешім қабылдауына рұқсат етілуі тиіс.
Питер СИНГЕР,
Принстон университетінің биоэтика профессоры және «Сіз сақтай алатын өмір» коммерциялық емес ұйымының негізін қалаушы
Copyright: Project Syndicate, 2021.
www.project-syndicate.org