Саясат • 17 Наурыз, 2021

Өңдеу саласы өрге басады

526 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында өңдеу өнеркәсібін дамыту мәселесі қаралды. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов, Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ басқарма төрағасы Айдар Әріпханов, Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек, Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов, Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев, Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов баяндама жасады. 

Өңдеу саласы өрге басады

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

 

Биыл үш ірі жоба іске қосылады

Индустрия және инфра­құры­лымдық даму министрі Б.Атам­құлов атап өткендей, Елбасының бас­тамасымен жүзеге асырылып жатқан индустриялық саясат­тың нәтижесінде өңдеу өнеркә­сібінің берік тұғырын құруға қол жеткізілді, бұл пандемия жағдайында саланың өсу қар­қы­нын сақтауға мүмкіндік берді.

«Биыл біз ферроқорытпа, құ­рылыс арматуралары, болат құ­бырлар, темір және марганец кенін қайта өңдеу өндірісін арттыруға мүмкіндік беретін 6 жобаны іске қосамыз. Жоспарланған өсімге қол жеткізу үшін мүдделі мемлекеттік органдармен және бизнеспен бірлесіп, отандық кәсіпорындарды шикізатпен қамтамасыз ететін рет­теуші тетік әзірленеді. 2025 жылға қарай өндіріс көлемі жы­лы­на 4 млн тонна болатқа жеткі­зіліп, «АрселорМиттал Темір­тау» компаниясының негізгі тех­ни­калық қуатын жаңғырту жұмыс­тары аяқталады. Салынатын инвес­тиция көлемі – 1,3 трлн теңге», деді Б.Атамқұлов.

Түсті металлургияда 2021 жылға жоспарлы көрсеткіш – 104,5%. Мырыш өндіру көлемі – 18,6%, қорғасын – 18,8%, мыс концентраты – 9%, алюминий 6% ұлғайтылады. «Bloomberg болжамына қарасақ, қысқа мерзімді перспективада түсті металдардың барлық түрі бойынша баға көтерілуі тиіс. Осыған байланыс­ты номиналды мәнде түсті металлургия өндірісінің өсімі 13% деңгейінде болжанып отыр. Бұл өндірістің жоспарланған көлемін қамтамасыз етеді. Өндірістің қосымша көлемі Жәйрем кен байыту кәсіпорнын, Қазминералс Ақтоғай-2 және Сәтбаев тау-кен байыту кәсіпорнын, сондай-ақ алтын шығару фабрикаларын іске қосады» деді ведомство басшысы. 

Титан өндірісі бойынша әлем­дік көшбасшылардың бірі – Өс­кемен титан-магний комбинатын шикізатпен толық жүктеу үшін ЕЭК шеңберінде титан шикізатына салынатын кедендік баждарды алып тастау бойынша жұмыстар жүргізіледі. 2025 жылға дейінгі мерзімде Алматы облысында Көксай мыс кен орнын игеру жобасы іске асырылады. Оның қуаты жылына 25 млн тонна болады және Павлодар қа­ла­сындағы қуаты 250 мың тонна бастапқы алю­миний болатын «Қазақстандық элек­тро­­лиз зауытының» екінші кезегі са­лынады.

Химия өнеркәсібінде нақты көлем индексінің саладағы үлесі 57%-ды құрайтын ірі кәсіп­орындардың өндіріс көлемінің ұл­ғаюы есебінен 102%-ға жетуі тиіс. Машина жасау саласында да өсім болады деп жоспарланған. Нақ­­ты көлем индексі 113%-ды құ­рай­ды. Негізгі өсім машина жасау са­ла­сындағы үлесі 35%-ды құ­рай­­тын ав­томобиль құрастыру сек­торы есе­бінен болады. Биыл фар­ма­цевтика саласының өндіріс кө­лемі 105% деңгейінде жоспар­лан­ған. Негізгі өсім дәрі-дәрмек өндірісінің 10,2%-ға ұлғаюы есе­бінен қамтамасыз етіледі. Коро­навирус инфекциясына қарсы вакцина өндірісін және 5 жаңа өн­дірістік қуатты іске қосу оң әсер етеді. Жеңіл өнеркәсіп бо­йынша жоспарланған нақты көлем индексі – 105%. Тоқыма өнімдерін өндіру көлемі 6%, оның ішінде мақта-мата иірім жібі – 50%, мата – 14%, кілем – 19%, киім – 11%, тері 30,4%-ға ұлғаяды. Құрылыс материалдары өндірісінде нақты көлем индексі 106% деңгейінде жоспарланған.

«Мемлекет басшысының өң­деу өнеркәсібі көлемін 2025 жыл­ға қарай 1,5 есеге арттыру жөнін­дегі тапсырмасын жергілікті атқа­­рушы органдармен бірлесіп орын­­дай­мыз. Қазіргі уақытта біз өңір­­лер мен салалар бойынша 2025 жылға дейінгі өңдеу өнеркә­сібі өнді­рісінің көлемі бойынша жос­парлы көрсеткіштерді айқын­дадық», деп түйіндеді Б.Атамқұлов.

Өз кезегінде Энергетика ми­нистрі Н.Ноғаев еліміздің энергия қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында отын-энергетикалық кешен саясаты мұнай-газ химия­сын дамыту бөлігінде өңдеуді тереңдетуге және ішкі нарықта бәсекелестікті дамытуға негізде­летінін атап өтті. Биыл 17 млн тонна көлемінде мұнай өңдеп, 12,4 млн тонна мұнай өнімдерін өндіру жоспарланған.

Ел Президенті 2020 жылғы 1 қыр­күйектегі Қазақстан халқы­на арнаған Жолдауында батыс өңір­лерді мұнай-химия кешендерінің құрылысына инвестициялар тарту орталықтары ретінде қалып­тас­тыру, сондай-ақ мұнай-химия мен жоғары бөліністі газ өңдеуді дамы­ту міндетін қойды. «Соңғы 4 жыл­­да шығарылған өнім көлемі 4 есе өсіп, 360 мың тоннаны құра­­ды. Бүгінде елімізде жалпы қуа­ты шамамен 870 мың тоннаны құрай­тын майлау материалдарын, по­ли­пропилен, метил-трет-бутил эфирін, бен­зол мен параксилол өндіретін 5 зауыт жұмыс істейді», деді Н.Ноғаев.

Nur Otan партиясының «Өзге­ріс­тер жолы: Әр азаматқа лайық­ты өмір!» сайлауалды бағдар­ла­масы шеңберінде Атырау, Орал және Шымкент қалаларында мұнай мен газды терең өңдейтін 5 зауыт­ты іске қосу арқылы экспортқа ба­ғыт­талған мұнай-газ химиясы өнім­дерінің өндірісін 2019 жылмен са­лыс­тырғанда 9 есеге ұлғайту көзделген. Бүгінде 3 зауыт салынуда.

Бұдан басқа, 2025 жылға қарай 2 әлеуетті жобаны іске асыру жос­парлануда. Олар –  қуаты жылына 430 мың тонна полиэтелентерефталат өндіру зауыты; қуаты жылына 130 мың тонна метанол өндіру зауыты.

Арнайы экономикалық аймақ іске қосылғаннан бастап 2021 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойын­ша: тартылған жеке инвести­циялар көлемі – 598,3 млрд теңге, шығарылған өнім көлемі – 20,3 млрд теңге. 793 адамға тұрақты жұмыс орны, 3 002 адамға уақытша жұмыс орны құрылды.

Мемлекет басшысы қаңтар айында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында іске асырылып жатқан мұнай-газ химиясы өндірістерін жеделдету жөнінде шаралар қабылдау, сондай-ақ әлеуетті инвесторлар үшін тартымды жағдайлар жасау міндетін қойды. Осыған орай Үкімет пен Инвестор арасында мемлекеттік қолдаудың барлық шараларын бір құжатта біріктіруге мүмкіндік беретін инвестициялық келісім әзірлеу қажет. Аталған келісім мынадай нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік береді: Мұнай-газ химиясы өнімдерін өндіру көлемі 2020 жылмен салыстырғанда 2025 жылға қарай 5,5 есеге артып, 2 млн тоннадан астам өнімді құрайды. Мәлімделген жобаларды іске асыру үшін тартылған қаражаттың жалпы көлемі шамамен 3,9 млрд долларды құрайтын болады. Құрылыс кезеңінде 6 мыңнан астам жұмыс орны, пайдалану кезеңінде шамамен 2 мың жұмыс орны құрылмақ. Бұл ретте сарапшылардың бағалауы бойынша, мұнай-газ химиясы саласында 1 жұмыс орны экономиканың аралас салаларында қосымша 3 жұмыс орнын құрады. 

Қуаты жылына 1 250 мың тон­на полиэтилен өндіру жобасы бойынша бүгінгі таңда страте­гиялық серіктесті іздестіру жұмы­сы жүргізілуде. Қазіргі уақытта Chevron Phillips Chemical компа­ния­сымен келіссөздер бастал­ды, ол өзінің «MarTECH» лицен­зия­­лық технологиясын және off-take ке­лісімшартын сүйемел­деуге қа­тысты көмегін ұсын­ды. Ын­­ты­мақ­тастық, оның ішін­де жо­ба­ға қа­тысу туралы ег­жей-тег­жей­лі мә­селелер жақын арада талқы­ла­нады.

Президент тапсырмасы бойын­ша биыл Қашаған кен орнының шикізаты базасында қуаты 1,150 млрд текше метр шикі газ, құны 860 млн долларды құрайтын газ өңдеу зауытының құрылысын бастау жос­парланып отыр. Болашақта оны жылына 4-5 млрд текше метр­ге дейін одан әрі кеңейту қарас­тырылуда. 

Даму серпінді болуы тиіс

Мәселені қорытындылаған Үкімет басшысы Асқар Мамин Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауына және Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасына сәйкес, Үкімет алдына 2025 жылға қарай өңдеу өнер­кәсібі өндірісін 1,5 есеге ұлғайту міндеті қойылғандығын атап көрсетті. Биыл қара метал­лур­гияның 5%-ға өсуін қамтамасыз ету жоспарлануда, оның ішінде ферроқорытпа өндірісін 10,4%-ға, болатты 17%-ға және прокат өндірісін 19%-ға, түсті металлургияны 4,5%-ға, оның ішінде мырышты 18,6%-ға, қорғасынды 18,8%-ға, мыс концентратын 9%-ға, алюминийді 6%-ға арттыру көз­делген. Химия саласында фосфор тыңайтқыштары, аммофос, ам­миак селитрасы және хром қосы­лыстары өндірісінің өсуі күтілуде.

Машина жасауда автомобиль жасауды (+29%), темір жол вагондарын (+180%), ауыл шаруашылығы техникасын (+58%) және аккумуляторларды (+10%) қоса алғанда, 13%-ға өсім күтіледі. Фармацевтика саласының өндіріс көлемінің өсуі 5% деңгейінде жоспарланған, бұл дәрі-дәрмектер өндірісін 10,2%-ға ұлғайту, коронавирус инфекциясына қарсы вакцина шығару өндірісін іске қосу және 5 жаңа жоба есебінен қамтамасыз етіледі.

Темір-бетон бұйымдары, кір­піш, цемент, құрылыс ерітінділері, жылу оқшаулағыш материалдар, гипсокартон өндірістерінің 16-11% ұлғаюы есебінен, жалпы құрылыс материалдары өндірісінде 6% деңгейінде өсімді қамтамасыз ету жоспарлануда.

«Биыл өңдеу өнеркәсібінің нақты көлем индексі көрсет­кішінің 5,8% деңгейінде өсуіне қол жеткізуіміз керек. Машина жасау­­да, қара металлургияда, жеңіл өнер­кәсіпте, фармацевтикада, тамақ өнімдерімен, құры­лыс мате­риалдарының өндірі­сінде өсімді әрі қарай қамтамасыз етуіміз қажет. Биыл жалпы сомасы 2 трлн теңгеге жуық 110 өңдеу жобасын енгізу керек», деді А.Мамин.

Үкімет басшысы өндірістік процестерге жаңа технологияларды енгізу жөніндегі әлемдік тренд­терді есепке алудың маңыз­дылығын, цифрлы инновациялық шешімдерді енгізетін кәсіп­орындарды қосымша ынталандыру шараларын, сондай-ақ жұмыс күшінің өнімділігі төмен секторлардан анағұрлым өнімді секторларға ауысуын ынталандыру шараларын қабылдау қажет екенін атап өтті. «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қа­зақ­станды дамытудың 2025 жыл­ға дейінгі Ұлттық жоспарын бе­кіт­ті, оның негізгі басымдығы «мық­ты экономика» құру болып айқын­далды. Стратегиялық салалард­а ұлт­тық жобалар құрылатын болады. Мұнда өңдеу секторына ерек­ше назар аударылған», деді А.Мамин.

Премьер-Министр Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасын орын­даудың Жол картасына сәй­кес 2025 жылға қарай экспортқа бағдарланған мұнай-газ химия­сы өнімдері өндірісінің 9 есе өсуін қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті. Осыған байланысты Үкі­мет басшысы Энергетика минис­трлігіне «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-мен бірлесіп, биыл Атырау облысы мен Шымкентте үш мұнай-газ химиясы зауытын пайдалануға беруді тапсырды, бұл мұнай-газ химиясындағы өндіріс көлемін 400 мың тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

 

Халықты вакцинамен қамту жақсара түседі

Сондай-ақ Үкімет отырысында еліміздегі санитарлық-эпидемиялық жағдай қаралды. Ден­саулық сақтау министрі Алек­сей Цой, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов, Алматы об­лысының әкімі Амандық Баталов, Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев, Павлодар об­лысының әкімі Әбілқайыр Сқақов баяндама жасады. 

Мәселені қорытындылаған Үкімет басшысы Асқар Мамин қазіргі таңда Қазақстанда, әсіресе, «қызыл аймаққа» кірген Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларында және Батыс Қазақстан облысында коронавируспен сырқаттанушылықтың ұлғаюы байқалғанын атап өтті. Ал­маты, Қарағанды, Ақмола және Атырау облыстарында ауыр­ған­дар саны өсуде. Респуб­лика бойын­ша вирустың репро­дук­тив­тік көрсеткіші 1,1-ді құ­рай­ды. Жұқпалы аурулар ауру­ха­на­ларының толуы 24%, реани­ма­циялық төсектік орындарының толуы 16%-ды құрайды. Өткен тәулікте КВИ+ 954 жағдайы және КВИ- 7 жағдайы тіркелді.

Елімізде ресейлік вакцинаны шығару жолға қойылды және отандық вакцина да тіркелетін болады. Халықты вакциналау ақпан айында басталды. Қазіргі уақытта 95 мыңнан астам адамға вакцина салынды. Бірінші болып медицина қызметкерлері, содан кейін педагогтер, күш құрылымдарының қызметкерлеріне вакцина салынды. Вакцина алғандардың бар­лы­ғының жағдайы жақсы, препа­ратқа қалыпты төзімділігін және жа­ғымсыз реакцияның жоқтығын көрсетті. Сәуір айында вакцина алатын­дардың саны, оның ішінде аға буын өкілдері арасында айтар­лықтай артады.

Үкімет басшысы вакцина алу­­дың қолжетімділігін қамта­масыз ету және жаппай егу пан­де­миямен күресте басты мін­дет еке­нін атап өтті. «Вакци­налау ха­лық­тың ұжымдық имму­ни­тетін қа­лып­тастыруға және инфек­ция­ның одан әрі таралуын шектеуге мүмкіндік береді. Дәл осы фактор – пан­демиямен күресте, сондай-ақ эко­номикалық өсімді қалпына келті­руде аса маңызды», деді А.Мамин.

Вакцина салынатындар санын ұлғайту мақсатында Пре­мьер-Министр вакцинаны сақ­тау және тасымалдау үшін қа­жетті жағдайлары бар егу каби­нет­терін қосымша ашуды, азамат­тарға ақ­параттық-түсіндіру жұмыс­тарын күшейтуді тапсырды. «Әкім­дік­тердің сайттарында вак­циналау, оның пайдасы, егу пункт­терінің мекенжайлары туралы толық ақпа­рат жоқ. Халық арасында вак­ци­налаудың маңыздылығы тура­лы дұрыс пікір қалыптастыру үшін жұртшылық пен медицина қыз­мет­керлері арасында семинарлар ұйым­дастыру қажет», деді А.Мамин.

Денсаулық сақтау министр­лігіне осы жылдың наурыз айының соңына дейін егу пункттерінің да­йындығын бақылау және вакци­наның қажетті мөлшерін уақ­тылы жеткізуге қатысты барлық мәселені шешу тапсырылды.

Өңірлердің әкімдіктеріне ха­лықтың, әсіресе ұжымдарда және білім беру ұйымдарында шектеу шараларын сақтауын қамтамасыз ету, адамдар көп жиналатын ойын-сауық іс-шараларын өткізуге жол бермеу, Ішкі істер, Денсаулық сақтау министрліктерімен бір­лесіп, мониторингтік топтар­дың жұмысын күшейту және тәр­тіп бұзушыларды қатаң жауап­кер­шілікке тарту міндеттелді.

Денсаулық сақтау министр­лігіне әкімдіктермен бірлесіп, ауру ошақтарында жедел шара қолданып, шектеу шараларын қайта қарау тапсырылды. «Нау­қастармен байланыста болған бар­лық адамға коронавирусқа тестілеу міндетті түрде жүргізіліп, олар бақылауда болуы керек. Бұл ретте күнделікті жүргізілетін ПТР-тестілеу деңгейі төмендемеуі тиіс», деді А.Мамин.