Суретті түсірген Нұрманбет ҚИЗАТҰЛЫ
– Наурызбай ауданы әкімдігінің қолдауымен кітапхана оқырмандарымен ұлы Абай, әл-Фараби жылына орай онлайн-офлайн он-сан кездесу өткіздік, – деді Бақыт Демекжанқызы. – Ал бүгінгі залға жиналған шағын әрі оқшау топтағы оқырман мен қонақтар жүздесуінің өз ерекшелігі бар.
Мәдени іс-шараның модераторы, кітапхана қызметкері Ләззат Исабаева жыр алыбы Жамбылға арналған «Жамбыл менің жәй атым, Халық менің шын атым» атты әдеби-көркем мазмұндағы басқосуда ақынның қысқаша өмірбаяндық деректерін видеолық көрсетіліммен демеп, шырайландырып жіберді. Арнайы шақырылған қонақтардың көшбасшысы – жазушы, Халықаралық Жамбыл қорының директоры Манарбек Ізбасар республикамыздың түкпір-түкпірінде ұйымдастырылып жатқан іс-шаралардың, яғни ұлы ақынның мұрасын зерттеу, зерделеу бағытындағы түрлі кештер мен ғылыми конференциялардың, симпозиумдар мен жыр алыбы кештерінің бағдарламасы туралы түйінді әңгіме айтты.
– Қазақ поэзиясы мен ақындық-жыр өнерінің қос алыбы өзінен кейінгі ұрпаққа өшпес мұра қалдырды. Күні кеше ұлы Абайдың мерейтойын уақыт кезеңінің аяқтан шалған «COVID-19» қиындықтарына қарамастан лайықты мерекелеп, шығарып салдық. Елімізде пандемия дерті әлі де толығымен жойылған жоқ, сол себепті шектеу талаптарына мойынсұна отырып, ұлы Жамбыл бабамыздың 175 жылдық мерейлі мерекесін атап өту іс-шараларын жалғастыра бермекпіз. Бүгінгі кездесуіміздің келбетін ашу үшін мен елден ұлы ақынның шөбересі, жыршы Бекмұрат Әлімқұлұлы Жамбыловты, шөпшегі Әлиханды әдейі шақыртып алып келдім, – деді М.Ізбасар.
Ақын шөбересінің домбыраның қоңыр үнімен кемел дауысқа салып әуелеткен ерекше екпінді жыр-термелері шын мәнінде тосынсыйға айналды. Ол оқырмандар залындағы қайталай көрсетіліп тұрған видеодағы нағыз Жамбыл бейнесімен үйлесіп, баршаға ортақ ғажайып көрініс әкелгендей әсер етті. Ұлы Жамбылдың өзін көргендей күй кешкен көпшілік Бекмұрат Жамбыловқа ду қол шапалақтап, құрмет көрсетті.
Белгілі жазушы, филология ғылымдарының докторы, профессор Нұрдәулет Ақыш Жамбылдың әдеби-ғұмырнамалық өмір жолына қысқаша шолу жасап, жалын жүрек жас жігіт Жамбылдың Бұрым сұлуға ғашықтығы хикаяларын ортаға салды, ақынның махаббат сезімдеріне тұнған сирек жыр жолдарынан үзінді оқыды.
Майтөбенің көкмайсалы баурайында жыр алыбының тізесіне отырып батасын алған қазіргі қазақ журналистикасының ақсақалы, Қазақстан фотоөнерінің қайраткері Нұрманбет Қизатұлының қызықты етіп бабымен айтқан ақын баба туралы ел арасындағы ақиқат та аңыз әңгімелері де тыңдаушыларын ұйытты.
Кітапхана оқырмандары да кездесуге құралақан келмепті, кезек-кезек Жамбыл өлеңдерінен үзінді оқып, жырдан шашу шашты.
«Жамбыл есімі – ешқандай да таныстыруды қажет етпейтін бүкіләлемдік ерекше құбылыс», деп әдеби-көркем басқосуды қорытындылаған сөз зергері М.Ізбасар өзі қызмет ететін Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикадық университетінің «Ұлағат» баспасынан шыққан жыр алыбының шығармалар жинағы мен үлкен портретін Наурызбай аудандық отбасылық оқу-кітапханасына сыйға тартты.
АЛМАТЫ
СУРЕТТЕ: (солдан оңға қарай) ұлы Жамбылдың шөбересі Бекмұрат Жамбылов, Халықаралық Жамбыл қорының директоры, жазушы Манарбек Ізбасар және отбасылық оқу-кітапханасының директоры Бақыт Саурамбаева.