Мерғалым және оның балалары
Басындағы құлпытасында: «Хижра 1332. 22 Ражаб (1914 жылдың 2 шілдесі – автор). Бәйімбет руынан, Құттымбайұлы (әлхажәлхарамйн) Мерғалым Жанболатұлы, 81-нде пәниден бақиға сапар шекті» – деп жазылған.
Осыған қарап, Мерғалым қажының 1833 жылы туып, 1914 жылы өмірден озғанын білуге болады.
Қажының шөбересі Еркебұлан Ибрагимовтің жеке мұрағатында Мерғалым қажының 1910 жылы белгісіз павлодарлық фотограф түсірген суреті сақтаулы екен. Төменде соны ұсынып отырмыз.
1887 жылы Мерғалым Мекке мен Мәдинаға баруға рұхсат сұрап және Павлодар уезі, Алтыбай болысының №4 ауылының тұрғыны деген куәлік алуға өтініш береді.
Ол уақыттарда қажылық сапарға барудағы қиындықтың бірі – жолдың қымбатшылығы болатын. Екінші қиындық – Ресей империясы әкімшілігінің шетелдік төлқұжат рәсімдеудегі бюрократиялық кедергісі еді.
Келесі жылы (1888) Павлодар уезі, Алтыбай болысының адамдары Қатпа Қуандықов, Тасқымбай Сейтенов, Батырбай Сейтеновтермен бірге Мерғалым қасиетті Меккеге аттанады.
Семей облысынан Мекке – Мәдинаға дейінгі бұл сапар жылдан аса уақытты алатынын байқаймыз. Мысалы, Кұрбанғали Халид Семейден 1897 жылдың 15-ші ақпанында шығып, Мәдинаға тек 1898 жылдың қаңтарында жетеді. Ол – Ресей, Польша, Аустрия, Венгрия, Болгария, Түркия, Пәкістан, Иерусалим, Египет арқылы Сауд Арабиясына жеткен.
Мерғалым қажының ұрпақтарының айтуынша, ол екі мәрте қажылық жасаған.
Мерғалым қажының жерленген жері туралы мына бір қызықты әңгімені маған №6 ауылдың тұрғыны Қаратай Әбенов деген кісі айтты:
Мерғалым қажы тірі кезінде өзін ауылынан 60 шақырым қашықтықтағы Күрең бие деген жерге жерлеуді балаларына өсиет етіпті. Себебі ауылдың жанындағы жерлерді бір кездері «кәпірлер» келіп алады деген. Бірақ неге екені белгісіз, қажының өсиеті орындалмай, балалары оны 1914 жылы ауылының жанындағы қорымға жерлейді. Бір қызығы, осыдан 45 жыл өткен соң, құрылысшылар осы арамен сол кездегі үлкен құрылыс Ермак ГРЭС-іне жол сала бастайды. Жоба бойынша бұл жол қажы жатқан қорымның үстімен өтуі керек еді. Жергілікті тұрғындар бұл жөнінде құрылыс басшыларына қорымды айналып өтіңіздер деп өтініш жасаса да, жол құрылысы тоқтамай, зиратқа жақындап қалады. Бірақ бір күндері жер қазып жатқан экскаваторлардың әуелі біреуі, сосын екіншісі істен шығып қалады. Осылай бірнеше күн тұрған соң, құрылысшылар ақыры қорымды айналып кетеді.
Мерғалымның ер балалары: Аяпберген, Ысмағұл, Ысқақ, Жүніс, Ыбырайым (Ибрагим).
1928 жылғы байлардың мал-мүлкін тәркілеу жөніндегі мәліметтерге сүйенсек, (Мерғалымның балалары Ысқақ пен Ыбырайым (архивтік құжаттарда Ибрагим болып жазылады – автор) және бұлардың әкесі Мерғалым өте ауқатты адам болған: шаруашылығында 1000 бас мал ұстаған; уезда аймағында Ертіс бойында дүкендері болған; сондай-ақ, Қоянды жермеңкесінде өзінің сауда орны болыпты.
1893, 1895, 1901, 1904 жылдары Мерғалымның ұлы Ысқақты Павлодар уезі, Алтыбай болысы, №4 ауылдың биі етіп сайлайды. 1898 жылғы Щербина экспедициясының мәліметі бойынша, Мерғалым Жанболатов пен оның балаларының шаруашылығында 471 жылқы, 32 түйе, 485 ірі қара және 410 қой болған. 1908 жылғы сайлаудың нәтижесі бойынша, Алтыбай болысының басқарушысы болып Ысқақ Мерғалымұлы Жанболатов сайланады. Ол осы қызметте кеңес билігі орнаған 1918 жылға дейін болған. Ысқақтың інісі Ыбырайым – 2,3-ші гильділі құрметті көпес болған.
Қуғын-сүргін және тәркілеу
1928 жылы тамызда Қазақ АССР-і Орталық Атқару Комитеті мен Халық Комиссарлары Кеңесі «Ірі байлар мен жартылай феодалдардың мал-мүлкін тәркілеп, жер аудару туралы» декрет қабылдайды. Павлодар уезі бойынша №1 осы тізімге Ыбырайым және Ысқақ Жанболатовтар кіреді.
ҚР Орталық мемлекеттік мұрағатында Жанболатовтарды тәркілеп, жер аудару туралы құжаттар сақталған.
Ыбырайым Жанболатовты тәркілеп, жер аудару туралы акті
Отбасы құрамы: Ыбырайым – 44 жаста. Әйелі Нұрила – 43 жаста. Екінші әйелі Биғаш – 28 жаста. Қызы Хафиза – 13 жаста. Бауырына салып алған інісі Жүніс Жанболатовтың баласы Шәмші – 19 жаста. Шәмшінің әжесі Бипа – 77 жаста. Барлығы алты жан. 200 бас ірі қарасы, 250 бас ұсақ малы, ағаш үйі, екі киіз үйі, 5 арбасы, 2 жайдақ арбасы бар. 6 адамды жұмысқа пайдаланады, тасымал мен саудадан 50 000 рубль алтын ақшамен кірісі бар. Алашорда қозғалысына қолдау білдірген.Толықтай тәркіленіп, Ақтөбе уезіне жер аударылуға жатады.1928 жыл, 2 қыркүйек.
Ысқақ Жанболатовты тәркілеп жер аудару туралы акті
Отбасы құрамы: Ысқақ – 60 жаста. Әйелі Жамал – 57 жаста. Екінші әйелі Қалима – 39 жаста. Ұлы Насыр (Насретдин) – 17 жаста. Ұлы Зейнолла – 14 жаста. Ұлы Шияз – 3 жаста. Қызы Шағбан (Шағабану) – 13 жаста. Қызы Күләш – 8 жаста. Қызы Күлғайша – 1 жаста.
Ұлы Қабыш (Ғабдулхамит) – 43 жаста. Әйелі Қалима – 31 жаста. Ұлы Қасаб – 4 жаста. Қызы Зейнеп – 16 жаста. Ұлы Інсәт – 1 жаста.
Ысқақ ұзақ уақыт болыс басқарушысы болған.Тәркіленіп, Ақтөбе уезіне жер аударылуға жатады.
Сапар үстінде бұл отбасы (Сібір өңіріндегі Славгород ауданы, Қарабұлақ ауылы – автор) отағасы Ысқақтың қайтыс болуына байланысты тоқтауға мәжбүр болады. Осыдан соң Ысқақтың екінші әйелі Қалима отағасы Ысқақтың қайтыс болуына және күнкөрістің жоқтығына байланысты туған жерлеріне қайта оралуға рұхсат сұрап өтініш жазыпты (1928.6.12.). Бірақ елге қайтуға рұқсат берілмейді.
Бұл әулеттің бұдан арғы тағдыры тек трагедияға толы. Кеңес билігінің жазалаушы ұйымдарының шешімімен Ысқақ болыстың отбасы Сібірдің Туруханск аймағына жер аударылады. Тәркіленіп Украина жерінен келген бір топ отбасымен бірге Ысқақтың үй іші Енисей өзенімен жүзіп кете барады. Жолшыбай іш сүзегі індеті басталып, осы аурудан Ысқақ отбасындағы әйелдер мен кішкентай қыздар тегіс қаза болып, денелері суға тасталады. Осы індеттен аман қалған Зейнолланы үлкен ағасымен екеуін Туруханск аймағындағы елсіз жағалауға тастап кетеді. Осы жерде ағасы қайтыс болып, тек Зейнолла ғана аман қалады.
Бұл кезде Ыбырайымның отбасы Ақтөбеден Ресейдің Красноярск өлкесіне жер аударылады.
Ыбырайымның немересі Еркебұлан Ыбырайымовтың әңгімесінен: Бұл кезде менің әкем Шәмші Ыбырайым атамызбен бірге Красноярск өлкесіндегі Клюквенная деген станцияда болған. Бұлар отызыншы жылдардың аяғында Красноярск қаласындағы зауытта бір қазақ жігіті комсорг болып жүр деген хабар естиді. Әкем осыдан соң, туыс-туғандарымыздың бірі болып қала ма деген оймен қалаға барады. Шынында да комсорг болып жүрген бұл жігіт Зейнолла еді. Осылай табысқан туыстарды Ұлы Отан соғысы қайтадан айырады. Зейнолла соғысқа қатысып, одан соң Мәскеу қаласында тұрып, Татьяна атты әйелге үйленеді. Біз ол кісіні Таня тәтей деп атаушы едік, қазір ол кісінің бар-жоғын білмеймін. Адресін жоғалтып алдым. Зейнолла 60-шы жылдардың басында жүрек ауруынан қайтыс болды. Ол кісіден екі қыз бар: Ғалия – 1946 жылы туған, Халима – 1951 жылғы.
Әкем Шәмші соғыстан соң Фрунзе (қазіргі Бішкек) қаласындағы немере туысы Қапарға (Смағұл Мерғалымұлы Жанболатовтың баласы) барады. Қапар соғысқа дейін Қырғызстанның Денсаулық сақтау халкомында кадрлар бөлімін басқарып жүріп, жала бойынша ОГПУ-ға ұсталып, 4 ай түрмеде отырып шығады. Соғыстан соң Қапар тағы да Фрунзеге келіп, менің әкемді ержетіп қалған және туберкулезбен ауыратын баласы Арыстанбекпен сол жаққа, ауа райы жылы жерге шақырады. Арыстанбектің туған шешесі бұған дейін аурудан қайтыс болып кеткен. Соғыстан кейінгі жылдары әкем менің шешеме, Үйсін руының қызы Инсарға үйленеді. Ал Арыстанбек сол сырқатынан айыға алмай, өзін сонша жақсы көретін менің анамның қолында қайтады. Менің анам да (Инсар) 1971 жылы 54 жасында ерте қайтыс болды.
Біз, Ыбырайымның Шәмшіден тараған ұрпақтары Қырғыз жерінде тұрып жатырмыз. Қарындасым Күлсім және менің қыздарым көп жылдардан бері Аустрияда тұрады. Сержан атты ұлымның отбасы менімен бірге. Бір туысқанымыз Алматыда. Бізге 80-ші жылдары Мерғалымның үлкен ұлы Аяпбергеннің баласы Баукен жиі келіп жүретін. Оның ұрпақтары қазір Павлодар облысында тұруы керек, бірақ ешқандай хабарымыз жоқ.
Сөз соңы
Кейінгі кезде тарихтың ең бір аласапыранды кезеңін суреттейтін, жаныңды тебірентіп, сол бір қасіретті жылдарды бастан кешкен кейікперімен бірге күй кешіп, көзіңе жас келтіретін фильмдер есімде жоқ. Дегенмен «Анаға апарар жол» фильмін осындай дүние дер едім. Қазір біздің ұлан-байтақ Отанымыздың кез келген ауылында сол замандардың барлық сұмдығын – кеңестік төңкерістің, қуғын-сүргіннің, ашаршылықтың қасіретін, соғыстың зардабын бастан кешкен адамдар, отбасылар молынан табылады. Жоғарыдағы Мерғалым қажының әулеті бастан кешкен трагедия осының бір дәлелі. Бір қуанарлығы, Павлодар облысының Ақсу ауданы аумағындағы Мерғалым қажы зираты сакралды орындар тізіміне кіріпті. Бұл әрине, жақсы жаңалық.
Дәурен АЯШИНОВ,
тарихшы-өлкетанушы
Павлодар облысы