Облыстық полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы, полиция полковнигі Асқар Жұмабековтің айтуынша, өткен жылы өңірде 815 есірткі қылмысы тіркеліпті. Оның қатарында 120 дерек есірткі заттарын сату болса, 68 дерек оны аса ірі мөлшерде сақтау бойынша анықталған. Сондай-ақ аймақта есірткі контрабандасының 6 дерегі, құрамында есірткі заты бар өсімдіктерді өсірудің 26 дерегі және үй қабырғаларына граффити-жазуларды жазу арқылы есірткі затын насихаттау мен жарнамалаудың 3 дерегі тіркелген. Ал заңсыз айналымнан 3 тонна 277 кило әртүрлі есірткі заттары тәркіленген.
Сонымен қатар Жамбыл облысының аумағында шамамен 251 гектар жерді жырту, шабу, өртеу және гербицидтерді қолдану арқылы 50 тоннадан астам жабайы қара сора жойылған.
Дегенмен де, қоғамда есірткі дейтін есті алатын дерттің жайылып кетуі көпшілікті алаңдататын мәселе. Бұл бір жағынан құмарлық болса, екінші жағынан пайда табудың да төте жолы болып тұрғаны жасырын емес.
Мәселен, жуырда ғана республикалық кең ауқымды «Допинг» жедел-іздестіру іс-шаралары аясында Жамбыл облысының Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Шу ауданынан 38 жастағы әйелді ұстаған болатын. Тексеру барысында «Бони» атты қызметтік ит күдіктінің тұрғын үйінің аумағында орналасқан сарайдан жалпы салмағы екі килодан асатын өсімдік тектес затты тапқан. Табылған есірткі заты тәркіленіп, сотқа дейінгі сараптамаға жіберілген. Ұсталған әйел кінәсін мойындаған.
Жалпы, осы жылы бір жарым айға жуық уақыт ішінде өңірде есірткі бойынша құқық бұзушылықтың 154 дерегі тіркеліпті. Оның ішінде 34 дерек есірткіні сату, 15 дерек есірткі заттарын аса ірі мөлшерде сақтау болса, есірткі құралдарының контрабандасы бойынша 2 дерек және 103 теріс қылықтар анықталған. Сонымен қатар жедел іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында заңсыз айналымнан 95 килодан астам әртүрлі есірткі заттары тәркіленіпті. Оның ішінде 570 грамм героин, 60 килодан астам гашиш және 29 килодан астам марихуана бар.
«Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бойынша біздің басты мақсатымыз – облыс тұрғындары мен жастардың арасында нашақорлықтың алдын алуға назар аудару. Бүгінгі таңда күнделікті мониторинг жүргізу барысында ғаламтор кеңістігінде синтетикалық есірткі заттарын таратумен айналысатын 6 ғаламтор сайты анықталып, бұғатталды. Тараз қаласының үйлері мен ғимараттарының қабырғаларында жазылған 260-тан астам граффити-жазулары жойылды», дейді басқарма бастығы Асқар Жұмабеков.
Бүгінде ел арасында есірткі бақшасы туралы да жиі айтылады. Бұл мәселе төңірегінде Асқар Жұмабеков 733 түп есірткі заты бар өсімдіктердің жойылғанын жеткізді. Ал Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері «Допинг» республикалық жедел-алдын алу іс-шарасын өткізген бес күннің ішінде 42 есірткі қылмысын анықтаған. Бұл мәліметтерге қарап, өңірде есірткі мәселесінің өзекті екенін байқауға болады. Аймақта қауіпті құбылыстың алдын алу мақсатында да жоғары оқу орындарында, колледждер мен мектептерде жастармен жиындар жиі ұйымдастырылуда. Өңір полицейлерінің бастамасымен басқа да шаралар қабылдануда. Бірақ есірткі қылмысының жиі тіркелуі әлі де өңірдегі өзекті мәселенің бірі ретінде қалып отыр.
Жамбыл облысы