Бұл күнде өндірісті өңірдің қалалары мен елді мекендері келген көктем көркімен бірге жарасып, сәнденген жастай жасанып, жаңару үстінде. 15 наурызда басталып кеткен үш айлық көшелерді, аулаларды, саябақтарды ажарландыру, көгалдандыру акциясының қоршаған ортаға әсерінің әдемі көріністері барған сайын байқалып келеді. Осыған орай өткен бірінші сенбіліктен соң айнала тіпті әдеміленіп сала берді. Оған 200 мыңға жуық адам бір кісідей белсенділікпен қатысты. Жаңадан отырғызылған 66 мың ағаш көшеті күні ертең-ақ жапырақ жайып, тыныс кеңейтіп тұратын болады. Қысқы күл-қоқыстан тазарған төңірек айнадай жарқырап қалды.
Биылғы көктем Қарағандыдағы Жеңіс саябағы келбетін сәндендіре түсті. Мұнда алыстағы Бельгиядан арнайы әкелінген шыршалар бой көтерді. Теміртау, Жезқазған, Балқаш, Сәтбаев қалаларында да әдеттегі қараағаш, теректер орнына Қарқаралының, Көкшетаудың қарағайлары тамыр жайды.
Ортаны көркейту, тазарту мұнымен аяқталған жоқ. Бұл жүмыстар мамырдың аяғына дейін жүргізіледі.
Айқын НЕСІПБАЙ.
ҚАРАҒАНДЫ.