Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институтының ұйымдастыруымен өткен «Азаматтық алаң» жобасының биылдыққа бірінші отырысы «Жастардың бәсекеге қабілеттігі: Қазақстанның әлемдік көшбасшылығының негізі» тақырыбына арналды. Бүгінде әлемдік ареналардағы қазақ жастарының жетістіктеріне тоқталған ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі «Рухани жаңғыру» департаментінің директоры Нұрлан Күнтуов жастардың бәсекеге қабілеттілігін арттырудың маңыздылығына тоқталды.
«Бүгінде қай салада болмасын, еліміздің намысын халықаралық аренада абыроймен қорғап жүрген жастарымыз жетерлік. Бұл спортқа да, өнерге де, техника салаларына да қатысты. Мәселен, кеше ғана отандасымыз, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы Иманбек Зейкенов әйгілі Grammy жүлдесін жеңіп алды. Дегенмен жалпы жастарымыздың бәсекеге қабілеттілігі қаншалықты? Бәсекеге қабілетті жастарымыздың бейнесі қандай болуы керек? деген сынды мәселелер көпшілікті толғантатыны рас. Біз бірінші кезекте елін сүйетін патриот азаматтарымызды тәрбиелеуіміз қажет», деді Нұрлан Күнтуов.
Отырыс барысында «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институтына қарасты «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Аян Сакошев Қазақстан жастарының портретіне тоқталды.
«Ресми деректерге сүйенсек, 2020 жылы 14 пен 29 жас аралығындағы республика жастарының саны 3,7 млн. адамды құраған. Бұл елдегі жалпы халық санының 20,4 пайызын құрайды. Олардың 56,4%-і қалада тұрса, ауылда тұратындарының көрсеткіші – 43,6%. Тағы бір айта кетерлігі, дәл осы жас аралығындағы қазақстандықтардың 92,9 пайызы ешбір партияға мүше емес», деді Сакошев.
Расымен де, бүгінде қай салада болмасын, әлемдік ареналарда Қазақстанның абыройын асқақтатып, елімізгі әмбеге танытып жатқан жастарымыз жетерлік. Мәселен, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы, әнші Әлібек Альмадиев «Қазақстан дауысы», «Хочу к Меладзе» сынды байқаулардың финалисі болған. Өзінің жоспарларымен бөлісу арқылы Әлібек жастардың бейнесі қандай болу қажеттігін айтып өтті.
«Ұзақ уақыттар бойы ресейлік «Хор турецкого» ұжымының құрамында болдым. Гастрөлдерге жиі шығатынбыз. Жалақым жақсы болды. Қазіргіден 5-6 есе артық таптым. Бірақ табысымнан ләззат ала алғаным жоқ. Өйткені, өзге елдің мүддесіне қызмет етіп жүргенімді іштей түйсінетінмін. Содан елге оралу қажет деп шештім. Мұнда табысым аздау болса да, өз елім үшін қызмет етемін. Менің түсінігімде жастар отансүйгіш болуы керек. Қайда жүрсең де, бірінші кезекте өзіңді емес, өз еліңнің атын асқақтату үшін еңбек ет», деп пікірін білдірді Альмадиев.
Сондай-ақ Forbes Kazakshtan рейтингінен орын алған жас инженер Мәулен Бектұрғанов робототехника саласындағы Қазақстан жастарының жетістіктеріне тоқталып, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы қандай болу қажеттігін айтып берді.
«Шынымды айтсам, кезінде бұл жобаға қатысам деген ой болған. Өтінішті мен үшін басқалар жолдаған. Алайда менің кішкентай да болса, жетістігіме қызығушылық танытып, ілтипат танытқандары үшін ризамын. Жобаға қатысқандар арасында еліміздің абыройын күллі әлемге асқақтатып жатқан замандастарымыз да бар. Меніңше, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы өзіне ғана емес, еліне пайдасын тигізер патриот және көшбасшылық қабілеті зор болуы керек», деді Мәулен Бектұрғанов.
Естеріңізге сала кетсек, Мәулен кәдімгі қолдың прототипін жасап, мүмкіндігі шектеулі жандарға зор мүмкіндік жасаған болатын. Бұл роботоқол ми арқылы басқарылып, «тірі қолдың» қызметтерін атқара алады. Ендігі кезекте Бектұрғанов бастаған компания «робот аяқтарды» жасап шығармақшы.
Айта кетейік, «Азаматтық алаң» жобасы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институты ұйымдастырды. Оған қоғам белсенділері, мемлекеттік қызметкерлер, блогерлер, журналистер, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, жалпы танымал тұлғалар қатысты.