Қоғам • 17 Наурыз, 2021

Вице-министр мүгедектігі бар балалардың ата-аналарымен кездесті

297 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бірқатар қоғамдық ұйымның бастамасымен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ерлан Әукеновтің мүгедектігі бар балалардың аналарымен кездесуі ұйымдастырылды. Іс-шараға Парламент депутаттары Берік Әбдіғалиұлы мен Елнұр Бейсенбаев қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Вице-министр мүгедектігі бар балалардың ата-аналарымен кездесті

Мүгедектігі бар балалардың аналары бірқатар проблема мен ұсынысты айтты. Атап айтқанда, әйелдерді мүгедектігі бар бала күтімі бойынша жәрдемақымен бірге асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы төлеу мүмкіндігін қарау мәселесі алаңдатты.

Бұл мәселенің шешімі Парламент Мәжілісінің қарауында жатқан «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасында көрініс тапты.

«Бұл асыраушысынан айырылған және құрамында мүгедек балалары бар отбасылардың табыс деңгейін арттыруға мүмкіндік береді. Осы норманы енгізген кезде 2 мың бала мүгедектігі бойынша жәрдемақымен қатар асыраушысынан айрылу жағдайы бойынша жәрдемақы ала алады. Қазіргі уақытта таңдау бойынша жәрдемақының бір түрі ғана беріледі», деп атап өтті Ерлан Әукенов.

Сондай-ақ мамандандырылған орталықтарда балаларды оңалту туралы мәселе қозғалды. Бүгінгі күні Қазақстанда халықты әлеуметтік қорғау саласында 40 оңалту орталығы жұмыс істейді, оның ішінде 2020 жылы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бастамасымен 12 жаңа орталық ашылды. Еңбекмині 2025 жылға дейін олардың санын 2 есеге арттыруды жоспарлап отыр.

Қазақстанда ерекше қажеттіліктері бар адамдарға түрлі әлеуметтік қолдау шаралары көрсетілетінін атап өткен жөн. Атап айтқанда, мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған азаматтарға ай сайынғы жәрдемақы, бала кезінен I топтағы мүгедекке күтім жасау бойынша ай сайынғы жәрдемақы төленеді. Оңалтудың техникалық құралдарының 55 түрін (67 түрлерін ескере отырып), жеке көмекшілердің қызметтерін, санаторлық-курорттық емдеу, қалалық қоғамдық көлікте тегін жүру және инватакси қызметтерін алу мүмкіндігі бар. Мүгедектігі бар адамдарға (I, II топтағы) біржолғы ақшалай төлемдер, тіс протездеу қызметтері, қатты отын сатып алуға әлеуметтік көмек және т. б. ұсынылады.