Спорт • 17 Наурыз, 2021

Алмас балуан

949 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Қазақ самбошыларының ішінде КСРО-ның ересектер чемпио­натында олжаға ең көп кенелген жамбылдық балуан Алмас Мұсабеков екен. Кеңес Одағының екі дүркін чемпионы, алты мәрте жүлдегері. Оның бұл рекордын қазақ самбошыларынан ешкім өзгерте алған жоқ. Қадірлі оқырман, Алмастың ұстазы – Кеңес Одағының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Марат Жақыттың тамыры тереңге бойлаған бапкерлік білігінің бір ұшын осы жерден іздеу керек.

Алмас балуан

Суретте: айтулы бапкер Марат Жақыт пен Еуропа чемпионы Алмас Мұсабеков.

– 1972-1973 жылдары Сағадат Ханбатыров ағаның қол астында жаттығу жасадым, – дейді Алмас балуан сонау көкөрім шағын еске түсіріп. – Самбоның біраз әдіс-тәсілін үйрене келе, Марат Жақытқа ауыссам деген ой туды. Марат аға Жамбылдағы ең бір беделді бапкер екеніне қарамай, қашан көрсең де кілемде жүреді. Қаптаған балаға әдіс үйретуден жалықпайды, шаршамайды. Бір күні Сағадат ағаның батасын алып, Марат Жақыттың қара­ма­ғына көштім.

– Алмастың дүркін-дүркін жеңістері бізді де күреске елік­тірді, – дейді атақты ба­луан­ның досы, Қазақстан Респуб­ли­касының еңбек сіңірген жат­тықтырушысы Досберген Там­биев. – Өзі бір сүйкімді бозбала. Күресі сұмдық. Біздің Бай­­зақ ауданындағы Кеңес ауы­­лының бар баласының Ал­мас десе көздері жарқ ете қа­латын. Үстіндегі киіміне қыл жұқ­пай­­ды. Сондай әдемі киінеді. Ас­тындағы велосипедін қазіргі «Мер­седестен» кем ұстамайды.

 Әлі есімде. Кстово қаласын­дағы жарыста Алмас досым КСРО-ның екі дүркін чемпионы, ресейлік Владимир Беловты 11:0 есебімен ұтып жатып, соңғы минутта қайыра тарту (болевой) әдісіне түсіп қалды. Алмастың қолын екі аяқтың ортасына салып, шынтақ түбінен қайыра тартқанда біздің жігіттің тамырлары адырайып, қолы шынтақ түбінен шарт сынуға шақ қалды. Досым әрең шыдап жатыр. Мына жақта біз шырылдап тұрмыз. Ананың аяйтын түрі жоқ. Ақыры, Алмас тістенген күйі төтеп берді. Кеңес Одағының әр түкпірінен жи­налған балуандар мен мамандар, зал толы жанкүйер сол жолы Алмастың жанкештілігіне тік тұрып қол соқты. Маман ре­тіндегі пікірім: Мұсабековтің балуандық деңгейі Олимпиада чем­пионы Жақсылық Үшкем­піровтен кем емес.

Ендігі сөзді балуанның ұс­тазы Марат Нұрмұхамедұлы жалғасын:

– Балуандық Алмастың сүйе­гіне біткен қасиет десем, артық емес. Кеңес Одағы самбоны ғы­лыми жағынан жетілдіруге барын салды. Соның нәтижесінде самбо күресінің әдістері 11 топқа жіктелді. Мысалы, тобықтан қағу әдісі өз алдына жеке топ; бұл әдіс іштен қағу, сырттан қағу, қарсыласты қуалап жүріп қағу, т.б. тармақтармен тарқатылып, жіктеліп кете береді. Ал қайыра тарту (болевой) әдісі өз алдына жеке топ, осы әдістің 40-қа тарта түрі бар. КСРО құрамасының ғылыми тобының сараптауы бо­йынша жоғарыдағы 11 тарау­лы әдістерді сол кезде түгел жа­­са­ған құрамадағы жалғыз ба­луан Мұсабеков екен. Дәлел кел­ті­рейін. Менің Бек Қадишин деген шәкіртім Кеңес Одағының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, профессор Евгений Чумаковтың қол астында, Мәскеуде біраз жыл еңбек етті. Бек – кеңестің самбо құрамасының ғылыми то­бының мүшесі. Сол інім құра­мадағы балуандардың жарыс үстіндегі әдіс-тәсілдерін талдай келе, Алмас Мұсабеков самбо әдістерінің 11 тобын меңгерген деген қорытынды жасайды. Мұ­ны естіген Евгений Чумаков таң қалғанын жасыра алмады. Себебі КСРО құрамасындағы әлем чем­пиондарының өздері үш-төрт әдісті қапысыз, шебер жасайды. Көп балуан белдесу­ге шыққанда қарсыласына бір қырындап қарсы тұрса, Мұ­сабеков екі иығын тең ұстап, тура ұмтылады. Бұл – қарсылас үшін өте ыңғайсыз позиция. Себебі Алмастың қай тұстан қармақ тастайтыны жұмбақ.

– Марат ағай жаттығуға атүс­ті қараған емес, – дейді Ал­мас Мұсабеков. – Ол кісі кү­ресер алдында шәкірттерінің етін қыз­дыруға қатты мән бе­ретін. Әдіс-айланы әр балаға өзі үйретеді. Сол әдістерді же­тілдіру үшін жанын аямай тер төгеді. Әдісті пысықтау үшін біз­бен белдесіп, қате, кем­ші­лігімізді түзеп отырады. Әдіс­ті жете меңгергеніңше сан мәрте қайталатып, ащы теріңді сығып алады. Жаттығуды мереке, де­малыс күндері де үзбейді. Не­бір аптап ыстықта далада тер төге­тінбіз. Жігітке қажет төзім, табандылық, балуандық шеберлік қасиеттерін біз ағайдан үйрендік. Ал Марат аға залға келмесе, жаттығудың сәні болмайтын. Ағайдың ортамызда жүргенінің өзі бізге қанат бітіруші еді. Жарысқа ұстазбен бірге барсаң, арқаңды Алатауға тірегендей се­німді жүресің. Ал қасыңда ағай болмаса, көңілің біртүрлі қо­ңыл­тақсып, жалғызсырағандай күй кешесің. Ағай балуандарды қат­ты ұстады. Мен жасым 62-ден асса да, әлі күнге дейін Марат ағам­ның бетіне келген емеспін. Ағай­дың алдында өзімді әлі күнге дейін шәкірт сезінемін. ...1981 жы­лы Қарағандыда болған КСРО чем­пионатының қорытындысы бойынша тех­никалық шеберлігі ең кемел балуан атандым. Нақтылай айтсам, қарсыластарыма 13 рет ұмтылып, соның 10-ында әдіс­терім сәтті шығыпты. Сөйтіп, техникалық шеберлік, пайдалы қимыл сараптамасы бойынша КСРО құ­рамасындағы барлық балуаннан озық тұрдым. Бұл Марат Жақыт ұстазымның мені сапалы әрі жүйелі баптауының нәтижесі болатын.

Иә, 1981 жылдың шілде айы­нда Қарағанды қаласында сам­бодан КСРО-ның 35-ші чем­пионаты дүркіреп өтті. Марат бапкер мен Алмас балуан одақ­­тық чемпионатқа тың­ғы­лық­ты әзірленді. Бұл бәсе­ке Қа­зақ­станның самбо күре­сі үшін тарихи чемпионат болды. Бұған дейінгі 34 бірін­шілікте республиканың бір­де-бір самбошысы Кеңес Ода­ғы чемпионатының алтын тұ­ғы­рына шыға алмаса, Қара­ғанды кілемінде Темірхан Досмұ­хам­­бетовтің шәкірті Айтжан Шаң­­ғараев 48 кило салмақта, Марат Жақыттың шәкірті Алмас Мұса­беков 52 килода КСРО чемпиондары атанды.

Алмас Мұсабеков нағыз зар күйінде жүрсе де әлем чем­пио­натына жолы түспеді. КСРО чемпионаттары мен кубок бә­се­келерінде әлем чемпион­дары Юрий Круглов, Сергей Тер­новых, Бабамұрад Файзиев, Гур­ген Тутхалянды, әлем чем­пио­натының жүлдегерлері Вла­димир Белов, Геннадий Белоглазовты, басқа да мықтыларды жық­қа­нына қарамай, 1984 жылы екін­ші мәрте Одақ чемпионы атанса да, Мәскеудегі самбо қо­жайын­дары Марат Жақыттың осы шәкіртін дүниежүзілік бі­рін­шілікке апармай қойды. Бұл – отарлаушы жүйенің спорт­тағы сорақылығының бір ғана көрінісі.

Алмас Мұсабеков 1977-1989 жылдары Қазақстан ұлттық құ­рамасының капитаны болды. Иә, Алмас сол кезеңде көш бастаған серке еді. Талай жарыста жі­гіт­терді бастап кілемге шықты, со­ңынан ерген інілеріне жеңіс жолын көрсете білді. Боз кілемде ғана емес, турникке тартылса да, Алатаудың құз беткейлерінде құлдыраңдап жүгірсе де көштің алдын бермейтін. Қайраты қа­бындап, жұлқынып тұрған ке­зінде Мәскеу аяғын тұсап әлем чемпионатына жібермеген Алмас аға­мыз азаттық жылдарында сол өкініштің есесін қайтарды. Ал­мас Мұсабеков – ардагерлер ара­сындағы әлем чемпионы!

Бірде Марат ұстазы: «Сен өсек айтпайсың, біреудің үс­тінен арыз жазбайсың, біреуді жамандамайсың», десе Алмас: «Оған уақытым жоқ. Себебі сіз­дің қасыңызда жүрмін», деп жауап қайтарыпты.

Енді қазақ спортының ар­дагері Ғазым Жарылғапов балуан інісінен «Қазір қайда жүр­сің?» деп сұраса керек. Алмас: «Ағай­дың қасындамын», депті. Сонда Ғазым ағасы: «Сен қандай аза­матсың! «Ағайдың жанындамын», деген бір ауыз сөзіңнің өзі неге тұрады!», деп інісіне шынайы разылығын білдірген екен.

Алмас болса, сол қарапайым қалпы. Әлі күнге дейін күрес десе, жаны жай таппайды. «Ағай­дың бетіне тура қараймын. Әділін айтамын», дейді самайын қырау шалған ардагер балуан. Ұстаз бен шәкірттің тағдыры тоғысқанына 48 жыл болыпты...

 

Қыдырбек РЫСБЕК,

журналист