Кейбір аудандарда адамдар иттерді, мысықтарды және басқа да ұсақ жануарларды жеп, қоймалардан терілерді сүйреп шығарып, қоректенуге көшкен. Орал губерниясында және басқа да кейбір жерлерде адам етін жеу байқалуда; ашыққан аудандарда ұрлық, тонау, кісі өлтіру жиілеп кетті, аштық салдарынан ақылдан адасу жағдайлары кездесуде. Әсіресе, даладағы көшпелі халық, жұт кезінде бар малынан айырылған қырғыз кедейлері ауыр азапты бастан кешуде. Аймақтардан келген қысқа хабарламаларда ешқандай көмек көрмеген қырғыздар өз отбасымен бірге қыстауларында ешқайдан көмек күтпей үнсіз өлуде делінеді. Бұл хабарламалар Қырреспублика еңбекшілеріне жеткен апат мөлшерінің нақты көрсеткіші болып табылады. 1 қаңтарға дейінгі аймақтардың мәліметтері бойынша аштыққа ұшырағандардың жалпы саны: ересектер 927.593, балалар 158.392, барлығы 1.476.985 адам. Губерниялар бойынша олар төмендегідей бөлінеді: Орынбор – ересектер 138.339 адам, балалар 209.671; Ақтөбе – ересектер 171.389, балалар 134.000; Қостанай – ересектер 217.365 адам, балалар 96.935; Орал – ересектер 123.600, балалар 103.500; Бөкей – барлығы 100.000 адам, Адай уезі – 75.000, Семей – 5.616 бала, Ақмола – 92.000 ересек, 9.670 бала. Аймақтардағы қоғамдық тамақтандыру және азық-түлікпен қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыру губерниялық және аудандық ашыққандарға көмектесетін комиссиялардың тапсырмалары бойынша губерниялық әлеуметтік қамсыздандыру органдары мен кооперациялардың жабдықтау және ұстау ісіне қатысуымен Азық-түлік халкоматы органдары арқылы жүргізілуде. Ересектер үшін барлығы 173 тамақтандыру пункті ұйымдастырылған. Аштыққа ұшыраған көшпелі қырғыз халқын ішінара азық-түлікпен жабдықтау асханаларда, балалар үйлері мен қабылдау орындарында және балабақшаларда жүргізіледі, ал аштыққа ұшыраған аймақтағы 5 губернияда барлығы 225.466 бала аштық жағдайында, оларды тамақтандыру үшін 425 асхана ашылған. Балалар АКОК секциясының қарамағындағы 425 балалар үйіне және қабылдау орындарына орналастырылды. Балаларға қосымша тамақ ретінде 4 қазаннан 1 желтоқсанға дейін 179.371 азық-түлік үлесін босатқан №10-тамақтандыру пойызының өнімдерінен дайындалған түскі ас берілді.
АРА (АРА – American Relief Administration – Американ көмек әкімшілігі. 1919 жылдан бастап 1930 жылдың соңына дейін жұмыс істеген АҚШ-тың мемлекеттік емес ұйымы) 1920 жылдардың ортасына дейін белсенді жұмыс істеген. 25 қаңтардан бастап күн сайын 66.380 балаға тамақ берді; 15 ақпаннан бастап ол күн сайын 130.000 баланы тамақтандырады, ақпанда АРА ұйымы 350.000 ересек адамды тамақтандырады деп күтілуде. Азық-түліктің аз жиналуы бұл жұмысты анағұрлым кең ауқымда өрістетуге мүмкіндік бермей отыр. Әрине, бұл бағыттағы жұмыстың аймақтарда қарқынды түрде жүргізіліп жатқанына күмән жоқ, сондай-ақ халықтың өз бастамалары, кәсіподақтар мен партиялық ұйымдардың, сонымен қатар ашыққандарға үлкен мөлшерде көмек көрсетіп жатқан губерниялық ашыққандарға көмек комиссияларының үлкен бастамасы мен ынта-жігері байқалады. Бірақ аймақтардан нақты есеп келіп жатпағандықтан, сандық мәліметтерді дәл анықтау қиынға соғады.
Кең ауқымды қоғамдық жұмыстарды ұйымдастыру екі мақсатты көздейді: ашыққан халықтың бір бөлігін оларға жалақы беру арқылы тамақтандырудан босату және қоғамдық жұмыстар үшін жұмыс күшін пайдалану. Бұл бағыттағы басты міндет – табиғи апаттардан болатын егіннің шықпай қалуын болдырмауға негізделген ауылшаруашылық іс-шаралары болып табылады. Кең көлемдегі қоғамдық жұмыстар әлі де басталған жоқ, оған ақша мен азық-түлік қорының жоқтығы себеп болуда. Қырөндіріс бюросы орталыққа 25.000.000.000-қа өтінім жасады, бірақ нәтиже жоқ. Главкустпром білікті жұмысшылардың бір бөлігін өндірістік артельдерге ұйымдастырды, бірақ оны кең көлемде дамыту мүмкін емес, өйткені тағы да ақша жоқ. Аштыққа ұшыраған жұмыс күшінің бір бөлігі аштарға арналған үйлерде, олар Еңбек бөлімі арқылы коммуналдық бөлімдерден жұмыс алуда, бірақ қазіргі уақытта киім мен аяқ киімнің болмауына байланысты жұмысшыларды кеңінен қамту мүмкін болмай тұр. Кейбір губерниялық құрылыс комитеттерінен қоғамдық жұмыстарды жүргізуге арналған сметалар мен жоспарлар келіп түсті. Бұл жұмыстардың жүргізілуі туралы бір жерден ғана мәлімет бар: Ырғыз-Шалқар жолында ашыққан адамдардың күшімен пошта стансалары салынған және Қарабұтақ-Ырғыз, Ырғыз-Торғай телефон желісі жүргізілген.
Қоныс аударушылардың жағдайын жақсарту мақсатында темір жол бойында эвакуацияланғанға дейін әлеуметтік қамсыздандыру органдары арқылы аштыққа ұшырағандарға арналған үйлерді ашу, оларды киім-кешекпен жабдықтау, медициналық-санитарлық және монша көмегін көрсету, сондай-ақ мүмкіндігінше жұмыс беру немесе қолөнершілер артельдеріне тарту шаралары қабылданды. Ашыққандардың қалалық жерлерге ұмтылысын тоқтату мақсатында АКОК аудандарда, болыстарда, поселкелер мен ауылдарда қоғамдық тамақтандыру орындарын ұйымдастыру және жергілікті жерлерде көмек көрсету жөніндегі қызметті кеңейтуге бағытталған шаралар қабылдады. Ашыққандар үшін барлығы 53 үй ұйымдастырылды. Темір жолдардың қалың қар құрсауында қалуына және темір жол қозғалысының әлсіздігіне, азық-түлік қорларының сарқылуына байланысты аудандарда ашыққандардың жағдайы өте қатты нашарлады. Қатты аяз ашыққандардың қалаларға көшуін тежеп тұр және күн жылына салысымен мыңдаған аштың қалаларға ағылуы басталады деп болжауға болады. АКОК ашыққандарға көмектесетін губкомиссияларға жеткілікті көлемде түнде жататын үйлерді жедел жабдықтауға кірісуді ұсынды. Бұл үйлерден жаңа экономикалық саясаттың жүргізілуіне, штаттардың қысқаруы мен бірқатар кәсіпорындардың жабылуына байланысты жұмысынан айырылған, мұқтаж және баспанасы жоқ жұмыссыздар баспана таба алады.
Эвакуация
Ашыққан халықты аш аудандардан эвакуациялауды реттеу мәселесі әлі күнге дейін АКОК үшін маңызды мәселелердің бірі болып табылады. Бұл жерлерден анархиялық қоныс
аударту түріне айналып бара жатқан стихиялық қоныс аудару төтенше маңызды құбылыс, өйткені, темір жол стансалары мен қалаларда жаппай шоғырлану іш сүзегі эпидемиясының өршуін тудырады, оларды темір жол арқылы жіберуді, сондай-ақ үйлерге орналастыруды қиындатады. 1921 жылдың 15 шілдесінен бастап 26.655 адам эвакуацияланды, оның 23.455-і Түркістанға, 3.200-і Семейге жіберілді.
Стихиялық қоныс аудару көп жағдайда қоныс аударушылардың толық күйреуіне және өліміне әкеліп соқтыратынын ескеру керек. Сонымен қатар бұл шаруашылық тұрғыдан тиімді емес, өйткені аштықты бастан кешіргендер әлі де өз шаруашылығының бір бөлігін сақтап қала алады және республика тарапынан болатын азғантай қолдаудың арқасында алда да шаруашылық бірлік ретінде өмір сүре алады. АКОК осы себептерді ескере отырып өзінің алдына тек ұйымдасқан қоныс аудару міндетін ғана емес, сонымен бірге оларды өз жерінде қалай ұстап қалу керек және олардың өмір сүруін қалай қамтамасыз етеміз деген міндетті де қойды.
Оған қаншама көңіл бөлінгеніне қарамастан, темір жол көлігі қозғалысының бұзылуы және азық-түліктің болмауы сияқты объективті жағдайларға байланысты АКОК бұл мәселені әлі күнге дейін шеше алмады. Балаларды эвакуациялау тек Орталықтан болған нарядтар бойынша әскери-санитарлық пойыздармен ғана жүргізілді. Осы уақытқа дейін 24.000 бала мінген 4 пойыз жөнелтілді.
Медициналық-санитарлық көмек
Аштыққа және ашыққан босқындардың жаппай шоғырлануына байланысты іш сүзегі індеті қатты өршіп тұр. Суық және өмір сүрудің қиын жағдайлары оның таралу қаупін күшейте түсуде.
Әсіресе, жолаушыларының басым бөлігі ашыққандар болып табылатын темір жолда індет қатты өршіп тұр.
Ашыққандар арасындағы індетпен күресу мақсатында Денсаулық сақтау халкоматымен және басқа да медициналық ұйымдармен ашыққандарға санитарлық көмек көрсету мәселесі бойынша АКОК-тың бірнеше арнайы мәжілісі ұйымдастырылды. Аудандарда медициналық көмек көрсету үшін жылжымалы медпункттер ашылуда. Қызыл Крест ұйымы көктемнен бастап далалық аймақтарда отрядтар ұйымдастыруды жоспарлауда.
АРА да медициналық көмек көрсету бойынша шаралар қабылдауда. Қазірдің өзінде дәрі-дәрмектері мен іш киімдері бар 13 вагон алынды, олар ашыққан 2 губерния – Орынбор және Ақтөбе ауруханаларына шұғыл таратылуда.
Азық-түлік қорлары әртүрлі жолмен жиналуда: Орталықтан алу, қайырымдылықтар, үлестен пайыздық аударымдар, фунт алымдары, кооперативтік ұйымдар мен саудагерлердің азық-түлік қорларынан, тауар алмастыру операцияларынан, ақша сатып алудан пайыздық алым, сондай-ақ губерния ішінде азық-түлік салығын жинау жолымен алынуда. ҚКСР аштарын жабдықтау үшін Москва, Воронеж, Ақмола және Семей губернияларының 25% территориясы, сондай-ақ Украина мен Түркреспублика бекітілді.
Азық-түлік дайындаудың негізгі орны – Түркреспублика болып отыр. Онда азық-түлік даярлау үшін АКОК, Қырорталық одағы және Қыразық-түлік халкоматының өкілетті бөлімшелері ұйымдастырылған, соңғысы сонымен бірге осы жүктерді дайындау, қабылдау және Қырреспубликаға жөнелту жөніндегі АКОК-тың өкілетті өкілі болып табылады.
Қаражаттың жоқтығы бұл жұмысты барынша қиындатып отыр, өйткені темір жол көлігінің қазіргі ауыр жағдайына, атап айтқанда, Ташкент темір жолына байланысты тауар алмастыру арқылы азық-түлік дайындау өте қиынға соғуда. Ақша қоры әртүрлі халкоматтардан қосымша шоттар бойынша алынуда. Бұл шығындар сметасы аштықпен күрестің төтенше жағдайларынан туындап отыр. Осы сметалар бойынша ақшалай қаражат тікелей Орталықтан халкоматтар бойынша жіберілуде. Ақша қорын көбейту үшін сауда-өнеркәсіптік кәсіпорындарына әртүрлі салық салу, сондай-ақ пайыздық есептеулер жүргізілуде. Ашыққандарға көмектесетін комиссиялардың қаржы қоры жұмысшылар мен қызметкерлердің жалақысынан жасалатын пайыздық аударымдардың айтарлықтай түсімінен, сондай-ақ сенбіліктер өткізу арқылы толықтырылуда. Қазіргі уақытта халкоматтардың барлығы дерлік ақша қорын көбейту ісіне тартылды. Ақша қаражатының, азық-түлік қорының үлкен мөлшерін алу үшін, салық салу мен пайыздық аударымдарды төмендету және қысқарту мақсатында АКОК үкіметтік лотереяны және хат конверттеріне пошта маркаларымен бір мезгілде жапсырылатын «аштық» атаулы пошта маркаларын шығаруды жүргізуде. Материалдық қорлар Орталықтан фабрика-зауыт және қолөнер кәсіпшілігі өндірісінің пайыздық аударымдары түрінде, сондай-ақ қайырымдылықтан алынып жатыр. Олар ашыққандар үшін және оларға киім-кешек тігу үшін бөлінуде, бір бөлігі нанға айырбас үшін кетеді.
Ауыл және мал шаруашылықтарын қалпына келтіру шаралары туралы
193.200 десятина жерге күздік егін егу үшін Жер-су халкоматы Орталыққа 995.000 пұт тұқым алуға өтінім берді. Орталық тек 496.296 пұт мөлшерінде, яғни қажеттіліктің жартысына жуығын ғана қанағаттандырды.
Бөкей және Ақтөбе губерниялары жеткілікті мөлшерде тұқым алмады, ал Қостанай көлік жағдайына байланысты мүлдем алған жоқ. Ашыққан губернияларда егілген күздік егістік көлемі аймақтардың мәліметтері бойынша төмендегідей: Орал – 210 десятина, Қостанай – 100, Ақтөбе – 3.120 десятина (көп бөлігіне тұқым себілді), Бөкей – 1500 десятина, Орынбор 14.441, Адай уезі – 900, барлығы – 20.971 десятина.
Егілмеген алқап 172.229 десятинаға тең. 1.172.230 десятинаға егуге есептелген 6.707.196 пұт жаздық егіс тұқымына өтінім жасалды. Орталықтан келген хабарға сәйкес бұл өтінім 93% мөлшерінде қанағаттандырылмақ болды. Осыдан кейін, әртүрлі жағдайларға байланысты, бұл көлем 30%-ға қысқартылды, содан кейін 1.938.000 пұт бөлінетіні хабарланды, бірақ соңғы уақытта өтінім 80% шамасында қанағаттандырылады деген мәлімет алынды. Көріп отырғанымыздай, күздік егіс айтарлықтай жетіспеген кезде көктемгі тұқымның аз мөлшері Қырреспубликаның егін шаруашылығын өте қиын жағдайға душар етеді.
Қырреспубликада аштық жылдары қайталанады. Тарихи анықтамалар Қырреспубликаға кіретін губернияларда 1802, 1810, 1833, 1840, 1859, 1864, 1876, 1880, 1891, 1896, 1911, 1921 жылдары аштық болғанын көрсетеді. Көріп отырғаныңыздай, аштық жылдары мезгіл-мезгіл, әр онжылдықта бір рет болып отырған. Тарихи жазбадан көрініп тұрғандай, әрбір аштық жылы қарсаңындағы бір жылда құрғақшылық болады, сосын, аштықтан кейінгі келесі екі жылда қатарынан егістік көлемінің аздығынан қиындық көреді. Мал шаруашылығын сақтап қалу үшін ҚАКСР Жер-су халкоматы жұмыс жоспары мен сметаны әзірледі. Бірақ бұл смета бойынша ақша бөлінбегендіктен, ҚКСР-дағы мал жағдайы апатты болып қала береді. Ауыл шаруашылығы құрал-жабдықтарын сақтау бойынша жоспар мен смета әзірленді, бірақ орталықтан бұған да ақша алынбады. Осыған қарамастан, губерниялық жер бөлімдері біраз жұмыс жасады, құрал-жабдықтар жиналды және жер органдарының қоймаларына тапсырылды. Азық-түлік қорының баяу жиналуы, темір жол көлігінің әлсіз қозғалысы мен үнемі ақшаның жетіспеушілігі салдарынан тамақ өнімдерін қарқынды дайындау, халыққа барынша кең көлемде көмек көрсету мүмкін болмай отыр. Мұндай жағдай аудандарда ерекше қиын ахуал қалыптастырады. Бұл орталық қалалар мен темір жол стансаларына ашыққандардың қатты ағылуын тудырады. Ақпан, наурыз және сәуір айлары аштық апатының дамуы мен ауқымы бойынша ең қиын уақыт болатынын ескере отырып, ашыққандарға көмек комиссиясы келесі міндеттерді кезекті деп санайды:
1) Азық-түлік қорларын дайындауды күшейту және оны аудандарға жіберу;
2) Қайырымдылықтан түсетін көмекті арттыру мақсатында, он тоқ адамның бір аш адамды, тоқ болыстың бір аш поселкені тамақтандыруға алуын және т. б. үгіт-насихатты күшейту;
3) Жаздық тұқымды қазіргіше алуға, ауыстыруға және бөлуге қатысты төтенше шаралар қабылдау;
4) Барынша үлкен мөлшерге жеткізе отырып, кең көлемдегі қоғамдық жұмыстарды және қолөнер артельдерін ұйымдастыруды жеделдету;
5) Барлық халкоматтар мен өлкелік мекемелердің жергілікті жерлердегі бөлімдерімен бірге аштықпен күресу жұмыстарын күшейту;
6) Автокөлік пен жегін көлікте жылжымалы тамақтандыруды шұғыл ұйымдастыру жолымен ашыққан далалық қырғыз халқына көмектесу ісіне ерекше назар аудару;
7) «Жұт» пен аштықтан зардап шеккен қырғыз мал шаруашылықтарын малмен жабдықтау бойынша шұғыл шаралар қабылдау.
Міне, мен Қырғызстандағы аштық жөнінде және онымен күрес туралы Сіздерге қысқаша жеткіздім.
Материалды орыс тілінен аударып, ұсынған
Сәбит Шілдебай