Туризм • 18 Наурыз, 2021

Үлгі алатын үрдіс

472 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Мыңдаған жыл бойы ұлы өркениеттердің мекені болған қаншама орталық жермен жексен болды. Әрине, соның дені адам озбырлығынан. Әлемнің білім ордаларына айналған Бағдат, Шам сынды мәдени ошақтардың да күлі көкке ұшты. Солардың сақталып, бүгінге дейін жеткендері ірі туризм орталықтарына айналды. Соның бірі – Анадолы, қазіргі Түркия жері.

Үлгі алатын үрдіс

Түркия мозайкалық мемлекет болған­дық­тан, Византия мен гректерден қалған тарихи жерлерін жаппай туристік аймақтарға айналдырды. Әсіресе 2000-2010 жылдары қарқынды дамыды. Қазіргі кезде жыл сайын әлемнің сая­хатшыларының 46% ағылатын көрікті мекен. Өйткені адамзаттың қысқаша мазмұнынан сыр шертетін шамада көптеген дін мен мәдениеттің қалдықтары бар. Сон­дық­тан қысқа немесе ұзақ мерзімді са­парға келген турис­тер Түркияның табиғи актив­терінен, ерекше сұлулығынан бөлек тарихи байлығын да көруге асығады. Онда өткеннің бедер­лі іздері жатыр.

Әуелі жалпылама түсінік ретін­де әлем елдерінің туризмге деген көзқарасын үш деңгейге бөліп, қарас­тыруға болады. Мәсе­лен, бірінші деңгейге мемлекеттік кіріс көзінің басқа салаларынан жиналатыны себеп­ті туристерге аса мұқтаждық та­ныт­­пайтын елдерді, екінші деңгейге турис­тік мұқтаждық бойынша саяхатшылар ұдайы сол елге ағылатын және үшінші дең­гейге туристерден түсетін ақшаны қажет ететін, бірақ елдегі күрделі мәселелерге бай­ланысты мемлекет репутациясының төмен­деуінен қонақтар өте сирек баратын мемлекеттерді жатқызуға болады.

Бірінші деңгейге Қазақстан, Түрікмен­стан, Канада, Ресей сияқты қазба байлық ар­қылы негізгі табыс тауып отырған елдер кіреді. Ал екінші деңгейге International SOS компаниясының 2021 жылғы интерак­тивті картасына сәйкес саяхатшылар үшін қауіпсіз және ыңғайлы елдерге Англия, Швейцария, Дания, Финляндия, Словения, Норвегия, Гренландия, Түркия жатса, үшінші типке Сирия, Орталық Африка Респуб­ликасы, Ауғанстан, Ливия, Ирак және Сомали сияқты қауіпті мемлекеттер енген. Сондықтан Түркия саяхаттық ұран ретінде «Мәдениетсіз туризм мен фило­софия­сыз мәдениет болмайды» деген қанатты сөзді берік ұстанған.

Егер мәдениет философиясы теориядан қолданысқа ауысатын бол­са,туризмде экономикалық жо­ға­рылау басталады. Мәдениет деп отыр­ғанымыз аристократтық сана немесе мырзалық деңгей емес, қарапайым ғана бизнес жүргізу жолындағы мақсат пен ұстаным. Сол идея әрбір түрік кәсіп­керінің санасына мызғымастай ор­ныққан. Соның арқасында қызмет көрсету сапасы жоғары бағаға ие. Се­бебі түріктерде алыпсатарлық ой мен бір жолғы пайда тауып қалу емес, ұзақ мерзімді жобалау қалыптасқан.

Егер бір түрік азаматы қонақты алдаса, мемлекеттік қалыптасқан ойға нұқсан келеді деп есептейді. Мысалы, дүкенге қонақ кірсе тегін шай беріп, тәттіден дәм татқызып, клиентінің көңілін өзіне аударып болғаннан кейін ғана тауарын сата бастайды. Бұл – маркетингтік тәсіл. Алайда олар мұны әдеттік деңгейге көтеріп алған. Яғни қонаққа ілтипат көрсету борышымыз деп есептейді. Себебі Түркияда көрсетілген әрбір қонақжайлық елдің атағын шарықтатады. Әлбетте, мұны патриотизм деуге де келетін шығар.

Климаты да жайлы болғандықтан, ол жақта қысы-жазы турист үзіл­мейді. Көктем мен жазда оңтүстік жағын­да­ғы жағажайлары, күз бен қыста сол­­түстіктегі тарихи жерлері турис­терге есігін айқара ашады. Былтыр күзде пандемия бәсеңдей бастаған кезде Орталық Азия елінің туристері Ыстанбұлға ағылды. Ыстанбұл Мәр­мәр мен Қара теңізді ұштастырып, Византиядан қалған құнды жәдігер ретінде Еуропа мен Латын Америкасын да өзіне тартып тұрады.

Демек Түркия заманауи және тарихи жерлері арқылы өзіне ынтықтырып отыр. Ал арабтар заманауи және жасанды көл, құмға ағаш отырғызу сынды табиғатты жасауды шығарды. Дубайды дамытып болып, Әбу-Дабиді көркейте бастады. Мұнайға бай араб түбегі күндердің бір күні қазба байлықтың маңызы жоғалатынын, арзандап кететінін біліп отыр. Соны түсінген Сауд Арабиясы да Меккеден басқа қалаларға турист қабылдауды баста­ды. Соңғы жылдары Джидда қаласына қызығушылардың саны артты.

Осылайша кейбір ғылыми тұрғыда алға дами қоймаған елдер туризмді ілгерлетуді бастап кетті. Себебі жыл өткен сайын шетел аралау қалыпты дәстүрге айналып барады. Аздаған қаражатпен-ақ діттеген жерге жетіп алуға болады. Интернеттің дамуы да осы салаға оң әсер етті.

Түркістанда Бакудің орталығын­дағы тарихи қала сияқты Сауран ауда­ны салынды. Ал енді табиғатта демалғысы келетіндер үшін еліміздің Швейцариясы болған Катонқарағай гүлденсе, заманауи қала керек болса Нұр-Сұлтан мен Алматыдан өзге қалалар да бой көтерсе, ең бастысы соларды жалғап тұратын әуе және темір жолдары дамыса, құба-құп болар еді.

Дүниежүзілік экономикалық фо­рум­­ның 2019 жылғы нәтижесі бо­йын­ша туризм мен саяхат сарапшы­лары 1 млн турист қабылдаған Қазақстанды 80-орынға қойған. Ал сол жылы Моң­ғолия 577 262 турист қабылдаған. Ол 2018 жылға қарағанда 9%-ға өскен. Демек айналасы 4-5 жылда Моңғолия Қазақстанды басып озады деген сөз. Әрі Моңғолияға әлемдік жұлдыздар барып демалады. Мысалы, 2016 жылы Леонардо Дикаприо Оскар сый­лығын алған кезде Гавайға емес Ұлан-Батырға барып, қымыз ұрттап демалған еді. Соның өзі Моңғолияға үлкен бренд болды.

Біздің халықтың турист емес, түр-си­­паты басқа адам көрсе, жақтыр­май қа­райтындары өтірік емес. Сон­дай келең­сіздіктерді жою үшін көзді үйрететіндей, қонаққа деген сый­лас­тықты арттыратындай, туристерді тар­та­тындай жүйе іске асса деген уәж бар. Сол үшін алдымен халықтың және кәсіп­керлердің санасына жоғарыда айт­­қан туризм философиясын сіңірген жөн.

 

Азамат МӘУЛЕНҰЛЫ