Silkway халықаралық университетінің басшылығы университеттің алғашқы ректоры болып, оқу орнының қалыптасып дамуына еңбек сіңірген түрколог-ғалымның есімін білім алушы жастарға үлгі ету мақсатында арнайы «Профессор М.Оразов кабинетін» ашып, жыл сайын білім беру мен түркологияның өзекті мәселелеріне арналған дәстүрлі «Оразов оқулары» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясын өткізіп келеді. Кейінгі жылдары бұл конференцияға қатысушы шетелдік ғалымдардың да саны арта түсуде. Осындай ғылыми басқосуларда ғалымдар өзара пікір алмасып, ой бөліседі, түркология ғылымының жеткен жетістіктері мен келелі мәселелері туралы ойларын ортаға салады.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалаларындағы түркология ғылымының алдына қойылған міндеттер бүгінде жалпы түркі елдерінің тарихын, тілі мен әдебиетін, түркі дүниесінің әлемдік өркениеттегі орнын анықтаудағы ғылыми бағдарламаға айналып отыр. Қазіргі жаһандану дәуірінде түркі халықтарының өзара ынтымақтастығының да артып отырғаны белгілі. Осындай уақыт талабына сай университетімізде 2019 жылы құрылған «Түркология» ғылыми орталығының негізгі мақсаты – түркі халықтарының дүниетанымы мен тарихына, тілі мен әдебиетіне, этнографиясына, түркі мәдениетінің сабақтастығына, өзара және өзге көршілес халықтармен интеграциялану мәселелеріне қатысты жазба дереккөздер мен далалық экспедиция материалдарына синхронды (қазіргі кезеңі) және диахронды (тарихи) тұрғыдан зерттеулер жүргізу, сондай-ақ түркология ғылымының қалыптасу кезеңдерінің теориялық-әдістемелік аспектілерін зерттеуге үлес қосу болатын.
Орталықтың негізгі міндеттеріне жоғарыда аталған деректемелерді жинақтап, жазба ескерткіштердің электронды базасын жасау; жинақталған материалдарды ғылыми тұрғыдан сараптау; жазба мұралардың ғылыми басылымдарын жариялау; оларға түрлі аспектілерде зерттеу жұмыстарын жүргізу және нәтижелерін жариялау жатады.
Бұл саладағы зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін алдымен жазба ескерткіштердің түпнұсқа басылымдарының факсимилелерінің, олар туралы зерттеулердің электронды қорын жасау керек болды. Қазір Түркология ғылыми орталығында Махмұт Қашғаридің «Дивани Лұғат ат-Түрк» еңбегінің түрік, ағылшын, қазақ, өзбек, ұйғыр, парсы, орыс тілдеріндегі жарияланымдары мен ол туралы зерттеулердің, XIII-XIV ғасырдан жеткен «Кодекс Куманикус» ескерткішінің түпнұсқасынан бастап, латын (Геза Куун, 1880), неміс (Гренбек, Радлов), ағылшын (Дримба, Питер Голден), орыс (Гаркавец, Радлов), қазақ (Құрышжанов) тілдеріндегі басылымдары мен зерттеулердің, XIII-XV ғасырлардағы Мысыр мәмлүктері ескерткіштерінің, XVI-XVII ғасырлардағы армян жазулы қыпшақ ескерткіштерінің, Алтын Орда, Хорезм жазба ескерткіштерінің факсимилелері жинақталды. Қазақ тіл білімі тарихында Хорезм ескерткіштерінің тілі зерттеушілер назарынан тыс қалып келеді. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында бір ізденушімізге Рабғузидің «Қысас ул-әнбия» ескерткішінің тілі туралы тақырып бекітіліп берілді.
Орталықтың басты мақсатының бірі – тілдік кафедралардың оқытушы-профессорлар құрамын, магистранттар мен докторанттарды тарта отырып, тіл тарихы туралы зерттеулер жүргізу болғандықтан, кешенді зерттеу тақырыбына Университет ғылыми кеңесінің шешімімен «Түркі жазба мұралары және олардың қазақ тілі мен әдебиетін зерттеудегі маңызы мен сабақтастығы» деген кешенді тақырып бекітілді. Екі ғылыми топ «Түркі жазба мұраларымен қазақ тілінің сабақтастығы мәселелері» және «Қазақ әдебиеті тарихындағы аударма және әдеби байланыстар» деген бағыттар да зерттеу жұмыстарын жүргізуде.
Түркі халықтарының ортақ мұрасы саналатын ортатүркі жазба ескерткіштерін тарихи-салыстырмалы тұрғыдан зерттеу, яғни туыстас түркі халықтарының тарихи даму ерекшеліктерін өз бойында сақтап отырған сөз маржандарын құрылымдық, танымдық жағынан салыстыра зерттеу түркі дүниетанымындағы, мәдениеті мен болмысындағы, рухани әлеміндегі, тіліндегі түрлі өзгерулердің табиғатын зерделеу, негізі бір туыстас халықтардың тілдеріндегі лексиканың сол халықтардың этностық ерекшеліктерін ескере отырып, тарихи даму жолымен байланыста қарастыру барысында жасалған түйіндеулер мен тың тұжырымдарға жетелейтін қорытынды ойлар жинақтауға мүмкіндік береді.
Университетіміздің ортатүркі жазба ескерткіштерін зерттейтін ғылыми әлеуетіне келер болсақ, тілдік пәндер кафедрасындағы қазақ, орыс тілінің мамандары, әдебиетшілер, шет тілдері кафедрасындағы ағылшын, неміс, араб тілдерінің мамандары осы ортақ тақырыпқа тартылып отыр. Жоғары оқу орындарында түркологияның өзекті саласы – деректану бойынша түпнұсқаны оқи білетін мамандар даярлауға баса назар аудару бойынша университетіміздің алғашқы құрылтайшысы Б.С.Юнусов атындағы «Студенттер арасындағы үздік ғылыми жұмыстар» конкурсының жеңімпаз студенттері латын, араб, армян графикасымен жазылған ортатүркі ескерткіштерінен мамандануда.
Кеңес өкіметі ыдырағаннан кейін, оның құрамында болған түркі халықтары дамуының жаңа кезеңі басталды. Өз алдарына дербес мемлекет болған Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзербайжан, Түрікменстан елдері дамудың жаңа жолына түсті. Осы кезеңнен бастап түркі халықтарының, мейлі олар дербес мемлекет болсын, мейлі өзге елдің құрамында болсын, өзінің түп тарихына, шыққан тегіне, тілдік, әдеби-мәдени мұраларына, этногенезі мен этнографиясына, жалпы түркі өркениетіне бет бұру басталды.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың егемендіктің алғашқы күндерінен бастап-ақ түбі бір түркі мемлекеттерінің саяси-экономикалық, мәдени-рухани тұрғыдан бірігуі қажеттігіне баса назар аударғаны белгілі. Нәтижесінде, 1993 жылы 12 шілдеде Алматыда егеменді елдер, федералды субъектілер мен автономды аймақтар құрылтайшы болып, 14 елдің өкілдері қол қойған келісімге сәйкес Түркі мәдениетін және өнерін дамыту халықаралық ұйымы (Uluslararası Türk Kültürü Teşkilatı TÜRKSOY) құрылды.
ТҮРКСОЙ ұйымының басты мақсаттары:
- халықаралық қатынастарда жаңа тепе-теңдіктің құрылуы мақсатында аумақтық және бүкіл дүниежүзілік деңгейде жаңа мәдени ұйымдарды қолдау;
- түркі тілінде сөйлейтін халықтар мен елдер арасында достық қатынастар құрып, ортақ түркі мәдениетін, тілін, тарихын, өнерін, әдет-дәстүрлерін зерттеп, жалпыға жария ету, дамыту, сақтау, болашақ ұрпаққа мұра ету, баянды қылу;
- түркі дүниесінде ортақ бір тіл мен әліпби қолданылуы үшін тиісті орта және жағдай қалыптастыру;
- түркі дүниесі халықтарының ортақ өткенінің, тарихының, тілі мен әдебиетінің, мәдениеті мен өнерінің біртұтас күйінде ғылыми зерттелуін күшейту;
- ұлттың тарихын, ана тілін, әдебиетін, мәдениеті мен өнерін, әдет-ғұрпы мен дәстүрлерін болашақ ұрпақтарға мұра ету үшін жағдай жасау сияқты өзекті мәселелер болды.
Бұл, өз кезегінде, қазіргі түркологиялық зерттеулердің бағыт-бағдарын айқындаған бағдарламаға айналды. Осы ұстанымды жүзеге асыру жолында қыруар жұмыс атқарылды және әлі де атқарылу үстінде.
Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі тараптар арасындағы өзара сенім, достық пен тату көршілікті нығайту; өңірде және тұтас әлемде бейбітшілікті қолдау және қауіпсіздік пен сенімді нығайту; ортақ мүдде тудыратын сыртқы саяси мәселелер бойынша, оның ішінде халықаралық ұйымдар шеңберінде және форумдарда ортақ көзқарасты іздестіру; түркі халықтарының ұлы мәдени-тарихи мұрасын насихаттауда, көпшілікке танытуда және таратуда бұқаралық ақпарат құралдары арасындағы өзара іс-қимылды және байланыстарды көтермелеу сынды бірқатар міндетті мақсат еткен.
Түркі кеңесінің IX саммитінде Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев түркі дүниесін зерттейтін халықаралық ғылыми орталық құру туралы ұсыныс жасады. 2010 жылы бауырлас төрт елдің ерікті түрде құрған бірегей халықаралық ғылыми ұйымы «Халықаралық түркі академиясы» 2014 жылдың 28 тамызынан бастап халықаралық мәртебеге ие болды.
Халықаралық түркі академиясы қазірге дейін 40-қа тарта ғылыми-зерттеу институты, түркологиялық орталықтармен байланыс орнатып, меморандум бекітті. Сонымен бірге 100-ге тарта шетелдік белгілі түрколог ғалыммен бірлесіп, іргелі жобаларды жүзеге асыруда (осындай жобаларға қатысқанымыз үшін алғысымызды білдіреміз). Соның бірегейі қырғыздың «Манас» эпосының жаңадан табылған бір нұсқасын латын жазуына негізделген ортақ түркі әліпбиімен жариялануы болды.
Мұны қазақ жазуын латын әліпбиіне көшіруге дайындық жұмыстарын жасап жатқан біздің ғалымдарымызға да, латын жазуына көшкен өзге түркі мемлекеттерінің ғалымдарына да төл дыбыстарымызды таңбалауда ортақ нәтижеге келуге мүмкіндік беретін үлгі деп қабылдағанымыз жөн.
Түркі кеңесінің атқарған тағы бір маңызды жұмысы Түрік университеттері одағының құрылуы болды. Оның негізі Түркі кеңесі іс-шаралары аясында 2013 жылы қаланды. Қазіргі таңда Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан және Түркияның бірнеше жоғары оқу орны аталған одақтың мүшесі болып табылады. Бұл – түркі халықтарының білім беру мен ғылым саласындағы түркі елдері жастарының өзара ынтымақтастығын, оқытушылар құрамының тәжірибе алмасуларын, студенттер мен магистранттардың, докторанттардың өзге оқу орындарында тағылымдамадан өтулерін қамтамасыз ететін бірегей ұйым. Студенттерге арналған арнайы «Орхун» бағдарламасы аясында ұйымға мүше оқу орындарының студенттеріне өзара алмасып білім беру жолға қойылған. Осындай мүмкіндікті пайдалану арқылы біздің университет қазір Түркияның бірнеше университетімен өзара ынтымақтастық меморандумын бекітті.
Өзара ынтымақтастық туралы меморандумдарға сәйкес А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтымен бірлесе отырып, түркологияның және қазақ тіл білімінің өзекті мәселелеріне арналған ортақ ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу, осы салалар бойынша магистранттар мен докторанттардың тақырыптарын айқындау, олардың жұмыстарына кеңесші болу мәселелері қолға алынуда. Осындай ынтымақтастық нәтижесінде М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты шығарып жатқан бестомдық «Ежелгі дәуір әдебиетінің антологиясы: Исламға дейінгі әдеби жәдігерлер» (Алматы, 2019) деп аталатын алғашқы томына «Дана Хикар хикаясы. Аудармасы, транскрипциясы, факсимилесі» жарияланды. Аталған мекемелермен бірлескен ғылыми конференциялар, семинарлар өткізу жолға қойылған.
Университет ғалымдары түркологияның өзекті мәселелері бойынша өткізілген семинарлар мен халықаралық конференцияларда өз ойларымен бөлісіп, отандық және шетелдік ғылыми басылымдарда мақалаларын жариялап отырады. Орталық жетекшісі С.Құдасов – Түркология саласындағы беделді халықаралық екі ғылыми журналдың редакциялық кеңесінің, Халықаралық түркі академиясы «Аталар мирасы: мультимедиалық қор» порталының Ғылыми-редакциялық алқасының мүшесі.
Орталықтың тағы бір жұмысы Халықаралық түркі академиясы тарапынан дайындалып, 2020 жылы баспадан шыққан «Тюркский мир. Историко-культурный атлас» атты еңбекке атсалысуы болды. Еңбектің тұсаукесері түркі мемлекеттері өкілдерінің қатысуымен халықаралық деңгейде өткені көпке мәлім.
Университет тарапынан жыл сайын ұйымдастырылып өткізілетін «Оразов оқулары» ғылыми-тәжірибелік конференциясын қоса ұйымдастырушылар қатарында 2019-2020 жылдары Халықаралық түркі академиясы, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты, Токат Газиосманпаша университеті, Баку мемлекеттік университеті, көршілес Өзбекстан, Қырғызстанның жоғары оқу орындарының болуы түркологиялық зерттеулердің маңыздылығын көрсетсе керек. Конференцияда алыс, жақын шетелдердің ғалымдары өздерінің ғылыми ой-пікірлерімен бөліскені, қатысушылардың географиялық аумағының кеңейе түсуі бұл саладағы бағытымыздың дұрыс екендігін көрсетеді.
2022 жылы профессор М.Оразовтың туғанына 80 жыл толады. Осы орайда Халықаралық түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлінің ғылыми еңбектерінің толық жинағын академия тарапынан басып шығару туралы ұсынысы бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Ифтихар ЮНУСОВ,
Silkway Халықаралық университетінің президенті,
Сейсенбай ҚҰДАСОВ,
SWIU «Түркология» ғылыми орталығының жетекшісі