Оқиға • 18 Наурыз, 2021

Абай жылын қорытындылады

157 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Кеше Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Түркі мәдениетін және өнерін дамыту халықаралық ұйымы ТҮРКСОЙ шығарған «Абай» альбомының таныстырылымы өтті. Альбом жайлы аталмыш халықаралық ұйымның Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов егжей-тегжейлі баяндап берді.

Абай жылын қорытындылады

Д.Қасейінов қазақтың ұлы перзенті Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған халық­ара­лық деңгейде бірқатар іс-шара ұйымдастырылғанын атап өтіп, Еуразия универ­ситетіндегі кездесу соның қоры­тындысы іспетті деді. «Біздің ұйымның мақсаты түркітектес ха­лықтардан шығып, адамзат өрке­ниетіне олжа салған ұлы тұл­ғаларды ұлықтау. Біз оны бірнеше бағытта жүргіземіз. Альбом шығару ісі де сондай сериялы жобалардың қатарында. Мысалы, дәл осы жоба бойынша 2018 жылы  Шыңғыс Айтматовқа арналған альбом жарық көрді. 2019 жылы «Үш арыс» альбомы жарық көрді. Былтыр түрік дүниесінің ірі ақыны Низамидің 880 жылдығына арнап альбом жасауға кірістік. Биыл міне, «Абай» альбомы жарық көрді. Аль­­бом қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына халықаралық ұйымның арнайы сыйы», деді ол.

Бас хатшының айтуынша, ұлы ақынның бейнесі мен оның шы­ғармашылығын кескін­деу арқылы өнер тудыратын қыл­қалам шеберлерінің көзімен таныту мақсат етілген. Жинаққа өткен ғасырдағы және қазіргі за­манғы белгілі отандық қыл­қалам шеберлерінің Абай шығар­маларын оқи отырып дүниеге әкелген көркемсурет туындылары енгізілген. Альбомды халық­аралық ұйымның тапсырысымен Central Asia Production компания­сы ағылшын тілінде Түркияда басып шығарған. Ал оған Абай мен Шәкәрім шығармаларын дүние жүзіне насихаттауда қаржы құйып жүрген белгілі меценат Медғат Құлжанов демеушілік жасаған.

Альбомның таныстырылымында Халықаралық ұйымның қазақ руханиятына сіңіріп жатқан еңбегі мен Абайдың 175 жылдық мерейтойы барысында атқарылған іс-шаралар төңіре­гінде Сұлтан Оразалин, Ғари­фолла Есім, Серік Негимов сынды белгілі ғалымдар мен қоғам қайраткерлері сөз алды.

 Жиын соңында  Халықаралық ұйымның Бас хатшысы хакім Абайдың 175 жылдық мерей­тойы­ның қорытындысына орай ұйым атынан Халықаралық «Абай» медалі мен «Құрмет» гра­мо­тасын айтулы мерейтойға арнап академиялық басылымдар мен кі­таптар дайындаған, мақа­лалар жазған, шығармашылық жұмыс­тарды ұйымдастырған зия­лы қауым өкілдеріне тапсырды.

Сондай-ақ халықаралық ұйым тағайындаған аталған марапаттар «Egemen Qazaqstan» газетінің басшылығына да бе­рілді.