Өнер • 18 Наурыз, 2021

Жыр тұнған Қызылжардың тығыны атты...

423 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Рухани жаңғыру» бағдарламасының арқасында Солтүстікте қол жеткен бір табыс – айтыс өнерінің жандануы болып тұр.

Жыр тұнған Қызылжардың тығыны атты...

Кезінде Игібай Әлібаев, Темірғали Қасенов, Уахит Темірбеков және т.б. айтыс сүлейлері шыққан өңір кейін бұл өнерді тоқыратып алған. Айтыс қайта жанданған Тәуелсіздік жылдары ғана Ерік Асқаров бастаған бір шоғыр ақындар облыс намысы үшін шығып жүрді, бірақ қанатын кеңге жая алмады. Сөйтіп, анда-санда көрінген бір-екі ақын болмаса басқа жағынан бұл өнер бізде әбден тұралап қалған еді.

Соңғы жылдары бұл халықтық өнер Солтүстікте, Құдай көпсінбесін, қайта самғап, құлашын кеңге жайып келеді. Ерік Асқаров атындағы облыстық ақындар мектебі ашылып, оған Моңғолиядан келген талантты қандасымыз Жарқын Жұпархан басшылық етіп, төл өнеріміз іргесін бекіте бастады. Басқасын айтпағанның өзінде Жарқын былтырғы карантин күндерінің өзінде телевизиялық айтыс ұйымдастырып, ол бірнеше айға созылып айды аспанға бір-ақ шығарған. Ауру күтіп, ажалдан қорқып, жаншылып жүрген жандардың саналары бір серпіліп, рухани қуат алып, бір жасаңғырап қалған еді сонда. Облыстың өзінен ғана айтысатын 18 жас ақын тауып, арасында үзілісін жасай отырып оларды бір-бірімен айтыстырып, ақыры финалға да жеткізіп, ондағы қазылықтың төрағалығына айтыстың ақтаңгері Жүрсін Ерманды шақырып, Терістіктің атағын аспанға шығарған. Карантин кезінде осындай жобаны абыроймен іске асырғаны үшін Ж.Жұпарханға Мәдениет министрлігі де өзінің алғысын білдірген.

Одан кейін Жарқынның өзі 26 ақпан күні Тараз қаласында өткен «Жамбыл – менің жай атым, халық – менің шын атым» республикалық ақындар айтысына қатысып,  жүлделі 3-орынның бәйгесі 300 мыңды қанжығасына бөктеріп, облысқа олжа салды.

Осы айтысқа Жарқын бекем дайындалып, Солтүстік өңірдің ақын-жазушыларымен жыр алыбының қандай байланыстары болып еді деген сияқты дүниелерді зерттеп, бізден де бір кеңестер алды. Оған біз сол тұста «Егеменде» жарық көрген «Жамбыл мен Сәбит» атты мақаланы оқуға кеңес бергенбіз. Сонымен бірге Жәкең музейінің алғашқы директоры Қызылжардың тумасы, майдангер, төрт орденнің иегері, журналист Есілбай Қазыбеков болғанын айтқан едік...

Әйтеуір дүбірлі додаға қатысқан 22 ақынның арасынан үшінші орын алу біздің өңір үшін үлкен мәртебе еді. Асанәлі Әшімов бастаған ұлт зиялылары қазылық еткен бұл айтыста Жарқынның жарқырай көрінгеніне мәз болғанбыз.

Енді Жарқын ініміз тағы бір жарқын бастама көтеріп отыр. Жаңа ғана жөндеуден өткен облыстық орыс драма театрының сахнасында «Өлең сөздің даңғылы, бар қазақтың Жамбылы» атты облыстық ақындар айтысын Наурыз мерекесіне орай 20 наурызда өткізгелі отыр. Оған 12 ақын қатыспақшы.

Санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес билеттер залды толтыратындай емес, 30 пайыздық қамтумен ғана сатылып жатыр. Осы күні қызылжарлықтардың бәрінің аузында осы айтыс жүр. Осындай тамаша рухани серпілістерді ұйымдастыруға мұрындық болып жүрген Жарқын Жұпарханға деген халықтың алғысы шексіз.

Соңғы жаңалықтар