Бүгінде өзі оқыған мектеп пен Тараз қаласындағы көше батырдың атымен аталады. Сондай-ақ облыстық Полиция департаментінің алдына Ғазиз Байтасовтың бюсті орнатылған.
Алдағы сәуір айының басында, яғни батырдың туған күніне орай, облыс орталығындағы Б.Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағында облыстық полиция департаментінің бастамасымен және облыс әкімдігінің қолдауымен Халық қаһарманына ескерткіш орнатылады. Осы мақсатта билік және құқық қорғау органдары өкілдерінің, депутаттар мен батырдың туыстарының қатысуымен ескерткіштің іргетасы қаланды. «Ғазиз Байтасов «Халық қаһарманы» жоғары атағын алған бірінші және жалғыз полицей болып табылады. Біздің бастамамызға қолдау білдіргені үшін облыс және Тараз қаласының басшылығына шын жүректен ризашылығымды жеткізгім келеді», деді полиция департаментінің бастығы, генерал-майор Жанат Сүлейменов. Сондай-ақ, жиынға батырдың жесірі Гүлжамал Тәжиева мен балалары да қатысты. «Мен өзімнің және балаларымның атынан Ғазизді еске алушылардың барлығына, ең алдымен оның әріптестері мен жергілікті билікке алғыс айтқым келеді. Бізді әрқашан ұмытпай, елеп, ескеріп, көптеген іс-шараларға құрметті қонақ ретінде шақырып отырады. Ал, қаладағы «Жеңіс» саябағынан ескерткіштің ашылуы оның жанқиярлық ерлігінің лайықты бағасының және көрсетілген құрметтің тағы бір көрінісі деп білемін», деді Гүлжамал Тәжиева.
Қырық жасында ел тыныштығын күзету жолында опат болған Ғазиз Байтасовтың есімі мәңгі ел есінде. Батырдың өнегелі өмірі мен жанқиярлық ерлігі жас ұрпақтың да тәрбиесіне үлес қосатыны сөзсіз.
Жамбыл облысы