24 Сәуір, 2010

ЖАСТАРДЫҢ ЖАНАШЫРЫ

932 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Қандай да бір құрмет адамға алғашқы кезекте еңбегінің арқа­сында келетіні белгілі. Еңбегі мен отбасы, әулет бірлігіне ұйытқы болу­да жан-тәнімен беріле қызмет еткен жанның жұлдызы қашанда жоғары болмақ. Оған құдай берген қабілет қосылса, еңбектің жанғаны сол емес пе? Отан отбасынан басталады де­сек, сол отбасының басында бүгін­дері үлгілі отағасы болып отырған жанның бірі – Жанат Жаубасов. Алматы облысы, Талғар ауданы­ның кезінде “Горный Гигант” деген атпен Одаққа белгілі болған шаруа­шы­лығында еңбегімен құрметке бө­лен­ген азамат нарық заманының көшіне де ілесе білді. Ел-жұртқа белгі­лі кәсіпкер ретінде танылды. Сондықтан оны, нағыз сегіз қырлы, бір сырлы деуге әбден болады. Қараған­ды облы­сы, Шет ауданы, Ақсу-Аюлы ауылын­да дүниеге келген Жанат Бахриден­ұлы 1965-66 жыл­дары осы ауылдағы Ы.Алтын­сарин атындағы орта мек­тепте оқи жүре, Серік Де­ме­сінов­тің басшылы­ғымен спорттың қазақ күресі түрінен сан мәрте сайыс­тарға түсіп, аудан намысын қорғап, жүлделі орындарға ие болса, 1966 жылы облыс чемпионы атанып, қазақ күресінен спорт шебері атанды. Қазіргі таңда ол жастарды сала­матты өмір салтына баулып жүр. Әкесі Бахриден Жаубасұлы Ұлы Отан соғысына қатысқан. Соғысқа Шет ауданы­нан өз еркімен атта­нып, барлау ротасын басқарып, ерлігі үшін жауынгерлік Қызыл Ту орденімен және өзге де медаль­дармен марапатталған. Соғыс­тан кейінгі жыл­дары Шет ауда­нында май зауытының ди­рек­­торы қызметін атқарған. Өзі балуан, әнші, сырнай­шы, домбырашы болса, анасы Бихаят Ғалиахметқызы суырыпсалма ақын, әнші, сауатты, өнерлі адам болыпты. “Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің” дегендей, ата-анасының өнері мен өнегесін көріп өскен Жанат жасынан зерек, бауырмал болып ерже­теді. Әжесінің тәлім-тәрбиесін көрді. Әжесінің көріпкелдік қасиеті болды. Бүгінгі күнге дейін Ақсу-Аюлы ауылының тұрғындары, көз көрген қариялары әжейдің ерекше қасиет­терін айтып отырады. Жанат Бахриденұлы өзінің өмір жолында қажырлы еңбегінің арқа­сында көптеген асулардан өтті. Алматы қаласындағы Қазақ ұлттық аграрлық уни­вер­ситеттін үздік тә­мам­дап, еңбек жо­лын 1975 жылы Алматы облысының “Горный Гигант” ауылында қара­па­йым бағбан­дық­тан бас­тап,   бас агро­ном дәре­жесі­­не де­йін өсті. Осы уақыт ішін­де аудандық, ауылдық кеңестерге бір­­неше мәрте депу­тат болып сай­ла­нып, ауданның қо­ғам­дық өміріне бел­сене ара­ласты. Ал­­ма­­ты об­лы­­сында 1975 жылы ең алғаш ұйым­дас­тырыл­ған ақындар айтысына қатысып, жеңімпаз атан­ды. Халқы­мызға белгілі Ә.Тәжі­баев, С.Мәу­ле­нов, М.Мақатаев сынды ақын­­­­дары­мыздың көзін көріп, баталарын алды. Еліміз тәуелсіздік алған соң, өз алдына “Жанат ауылы” атты жеке шаруа қожалығын ашып, оны жоғары дәрежелі танымал шаруа­шы­лық қа­тары­на жеткізді. Онда тек қана дәнді дақылдарды өсірумен ғана шұғылдан­бай, мал өсірумен де айналысты. Соны­мен қатар, Алматы қаласындағы Қазақ ұлттық аграрлық универси­тетінің студенттерімен тығыз байла­ныс­та болып, шаруа қожалығында студенттердің алдын-ала тәжірибе жұмыстарына арала­суына мүмкіндік жасап келеді. Шаруа қожалығы “Онжылдықтың үздік кәсіпкері” атты республикалық сайыста “Фермерлік еңбектің екпін­дісі” атты номинация бойынша бірін­ші дәрежелі құрмет грамотасын жеңіп алғанын да айта кетсек дейміз. Сон­дай-ақ, шаруа қожалығы Алматы қала­сындағы ҰОС ардагерлеріне, зей­нет­керлерге, мүгедектерге, әлеу­мет­тік жағдайы нашар отбасыларға үнемі қайырымдылық көмек көрсетіп, халықтың ыстық ықыласына бөленіп келеді. Жанат Бахриденұлы ұзақ жыл­дық еңбегі үшін Талғар ауда­нының “Құрметті азаматы” атанды. Жанат Бахриденұлы табиғатынан өнерпаз, жалпы әулеттерімен әде­биет пен өнерге жақын жандар. Әу­ле­тінде төрт ғалым бар, олар ғылым­ның әр сала­сында еңбек етеді. Бос уақытында дом­быра шертіп, ән салып, өлең жазу­мен айналысатын Жанаттың бір­неше өлең жинақтары – “Ақ­тілек”, “Жүрек сыры”, “Көк­сегенім ауы­лым”, “Бай­лы­ғ­ым – хал­қым мен жер” деген тақы­рыпта Отанына, еліне, ата-анаға деген сүйіспеншілігі жинақ­талып, жа­рық­қа шықты. Радио, теле­хабар­ларында әр түрлі тақырыпта – “Ізденіс түбі іскерлік”, “Жаңа ғасыр”, “Ерлік  елдікке, ұрпаққа аманат” хабарларына қатысып, “Күлпаш” көркем фильмінде басты рөлді сомдап шықты. Осындай азаматтар Отаным деп қарқындаса, құтты отаулар Отаны­мызды көркейте бермек. Ұлты­мыздың ұлағатты ұлы бола білген Жанат Жаубасовтай азамат­тардың жұлдызы жана түспек. Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК.