Президент • 18 Наурыз, 2021

Ел Президентінің екі жылы: Пәрменді іс, жүйелі жұмыс

2212 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаевтың тәуелсіз Қазақ елінің Президенті қызметіне кіріскеніне тура екі жыл толды. 2019 жылдың 19 наурызы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Президент өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатқанымен, ерекше есте қалды. Елбасының сенімін арқалап, ел билігін қолға алған Қасым-Жомарт Кемелұлының Мемлекет басшысы қызметіндегі екі жыл – осы мерзім ішінде қандай ауқымды жұмыстар атқарылғанын, ел дамуындағы маңызды міндеттер қалай жүзеге асырылғанын саралайтын кезең.

Ел Президентінің екі жылы: Пәрменді іс, жүйелі жұмыс

Қоғамдық сенім – тұрақтылық тетігі

Қазақстанды отыз жылға жуық уақыт бойы басқарған Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев – тәуелсіздіктің негізін қалаған тұлға. Ол басқарған кезеңде елдің іргесі бекіді, егеменді ел ретінде әлемге танылды. Тұрақтылық пен бейбітшілік салтанат құрды. Мемлекеттің дамуы бір арнаға түсіп, негізгі бағыт-бағдарын айқындап алды. Бүгінде Елбасы − Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы және Nur Otan партиясының Төрағасы, Конституциялық Кеңес мүшесі.

Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылдың 19 наурызы сағат 19.00-де республикалық телеарналардың тікелей эфирінде xалыққа маңызды үндеу жариялап, Қазақстанның Президенті ретінде өкілеттігін тоқтататынын xабарлағаннан кейін Конституция талаптарына сәйкес оның орнына билікке сол кезде Парламент Сенатының Төрағасы болған Қасым-Жомарт Тоқаев келді. Жаңа Президент тек Конституция бойынша емес, 2019 жылдың 9 маусымында өткен Президент сайлауында халықтың ең көп дауысын жинап, айқын жеңіспен Мемлекет басшысы болды.

Ұлықтау рәсімінде Қасым-Жомарт Кемелұлы «Еліміздің әр азаматының мүддесін қорғау – менің басты мақсатым. Оларды саяси көзқарастары мен ұстанымдарына қарай бөлуге жол бермеймін! Түрлі саяси және қоғам қайраткерлерінен келіп түскен құнды ұсыныстарды, бастамаларды мен өз жұмысымда міндетті түрде ескеремін. Ашық және әділ жұмыс істейміз. Біз үшін ең маңызды міндет – заңға сай адал қызмет ету. Біздің бір ғана Отанымыз бар! Тағдырымыз бір! Біз халқымыздың жарқын болашағы үшін бәріміз бірге еңбек етеміз!» деді.

Кез келген ел жаңа Президентіне үлкен үмітпен қарайды, аяқ алысын байқайды. Мемлекеттің дамуы үшін қандай шешімдер қабылдайтынын да мүлт жібермейді. Жаңа ел басшысының алғашқы қабылдаған шешімдері елдің ерекше есінде қалатыны да сондықтан.

Қасым-Жомарт Кемелұлының бірінші қабылдаған шешімі Елбасына және елордаға байланысты болды. 2019 жылдың 20 наурызында Парламент палаталарының бірлескен отырысында сөйлеген сөзінде ол: «Менің Қазақстан Республикасының Президенті лауазымындағы бірінші шешімім – «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы» Конституциялық заңға және «Мемлекеттік наградалар туралы» заңға сәйкес тәуелсіз Қазақстанды орнатуға қосқан тарихи үлесі, экономикалық және әлеуметтік-гуманитарлық дамуға, Қазақстан қоғамын топтастыруға сіңірген аса зор еңбегі үшін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа айрықша ерекшелік белгісі – «Алтын жұлдыз» орденін тапсыра отырып, «Халық қаһарманы» атағын беремін», деді.

Бұдан кейінгісі − елорданың атауын Нұр-Сұлтан етіп ауыстыру болды және Тұңғыш Президенттің құрметіне орай ел астанасында монумент орнатуды, барлық облыс орталықтарындағы негізгі көшелерге Нұрсұлтан Назарбаевтың атын беруді ұсынды.

Ал сол жылдың 23 наурызында Президент Астана атауын өзгертуге байланысты Конституцияға өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы заңға қол қойды.

Екі жыл мерзім ішінде Қасым-Жомарт Тоқаев тәуелсіз елдің дәстүрлі жолын әрі қарай дамыта отырып, қоғаммен ашық байланыс орнату, халықтың сұранысына дер кезінде үн қату, әлеуметтің әл-ауқатын арттыру, сот-құқық саласын жетілдіру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы тиімді саясат ұстану секілді бағыттарға басымдық берді. Әсіресе, қоғаммен ашық диалог жүргізуге мүдделілік танытты. «Кейбір шенеуніктерге жетпей жататыны қарапайымдылық, адами қарым-қатынастар» деген Президент әлеуметтік желілерде, басқа да қоғамдық салада көтеріліп жүрген мәселеге жедел көңіл бөлуге тырысты. Бұқара мен билік арасындағы алшақтықты жақындатуға ұмтылған Мемлекет басшысы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құрды. Бұл кеңестің құрамына халықтың арасында беделі бар, көзқарасы мен пікірі қалыптасқан, елді толғандырған мәселелерді ұдайы көтеріп жүретін азаматтар кірді. Көп ұзамай әлеуметті алаңдатқан түйткілді мәселелер осы алаңда талқылана бастады және заңды тұрғыда шешімін тауып жатты. Мысалы, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің екінші отырысында Президент жұртшылықтың сұранысына орай көлік жүргізушілерінің куәлігін цифрлы форматқа ауыстыру жөнінде ұсыныс айтқан еді. Осылайша, 2021 жылдың 13 ақпанынан бастап, жүргізушілерден куәлік көрсету талап етілмейтін болды. Бұл заңмен бекітілді.

Сондай-ақ ел арасында жер дауы – ең көп сөз болатын мәселе. Осы жайт та кеңес алаңында талқыланып, Президентке жетті. Халықтың сын-ескертпесіне құлақ асқан Мемлекет басшысы шетелдіктерге және шетел азаматының үлесі бар заңды тұлғаларға ауыл шаруашылығы жерлерін сатуға, жалға беруге заңмен тыйым салынатынын айтып, осыған қатысты қауесеттерге біржола нүкте қойды.

Бүгінде Қ.Тоқаевтың бастамасымен құрылған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі халықтың ой-пікірін ескере отырып, жаңа реформалар ұсынатын маңызды алаңға айналды. Құрылған 1,5 жыл ішінде оның ұсынысымен 13 заң қабылданса, тағы 9 заң жобасы әзірленіп жатыр.

Елдегі ең түйткілді мәселелерді талқылайтын құрылым – қоғамның айнасы іспетті. Аталған кеңес халықтың сұранысына сай ұсыныстар енгізсе, билік соған лайық нақты шешімдер қабылдайды. Осылайша, елдің дамуы үшін маңызды реформалар жүзеге аса бастады. «Біз реформаларды ешкімге жалтақтамай, ұдайы іске асыратын боламыз. Басты мақсат – еліміздің күш-қуатын, әл-ауқатын арттыру үшін тиімді шешімдер қабылдау. Бұған ешкімнің күмәні болмауы тиіс» дейді Президенттің өзі.

Халық пен билік арасындағы көпірге айналған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі ендігі кезекте онлайн петицияны заңдастыру, ауыл әкімдерін сайлаудың тиімді тетіктерін қарастыру және БАҚ туралы жаңа заң жобасын әзірлеуге атсалыспақ.

Мемлекет басшысының «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» деп аталатын алғашқы Жолдауы да қоғаммен ашық байланыс жасауға негізделген. «Азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілегін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру – бәрімізге ортақ міндет. Билік пен қоғам арасында тұрақты диалог орнату арқылы ғана қазіргі геосаяси ахуалға бейімделген үйлесімді мемлекет қалыптастыруға болады», дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 

Әлеуметтік ахуал – басты бағдар

Мемлекет дегеніміз – халық. Халық әл-ауқатты болғанда ғана мемлекет қуатты болады. Биліктің бағыт-бағдары мен пәрменді іс-шаралары алдымен азаматтардың әлеуметтік ахуалын жақсартуға бағытталуы керек. Осы тұрғыдан алғанда Президент ел көңілін көншітер біршама істерді атқарды деп ойлаймыз.

Рас, Қасым-Жомарт Тоқаев билікке келген алғашқы жыл оңай болған жоқ. Арыстағы апат, Қордайдағы қақтығыс, әртүрлі әлеуметтік наразылықтар, теңгенің құнсыздануы, әлемдік пандемия, тағы басқа да мәселе елді қажытып жіберді. Ел басына туған осы ауыр кезең халықтың бірлігін нығайтып қана қоймай, жаңа Президенттің тұлғасын, бітім-болмысын айшықтай түсті.

2019 жылдың жазында Арыс қаласында жарылыс болды. Соның салдарынан бүкіл қала зардап шекті. Қаладағы 7,7 мыңнан астам үйге зақым келіп, 49 баспана жермен жексен болған. Апаттың салдарын жоюға қазақстандықтар жұдырықтай жұмылды. Президент те қиын-қыстау шақта халықтың жанынан табылып, елге басу айтты. Жарылыс залалын жойып, қираған үйлерді тезірек қалпына келтіруге пәрмен берді. Бұл оқиға қазақстандықтардың ел Президентіне деген сенімін нығайта түсті.

2020 жылдың ақпанында болған Қордайдағы қақтығыста да Президент жергілікті тұрғындармен бетпе-бет кездесіп, жағдайдың тұрақталуына ықпал етті.

Ел тарихындағы екінші Президент екі жылда әлеуметтік қолдауларға да ерекше назар аударды. Әсіресе, Қ.Тоқаевтың несиесін төлей алмай жүрген әл-ауқаты төмен және көп балалы отбасылардың қарызын кешіру туралы Жарлығы жұртшылықты жадыратқан бастама болды. Тұрмысы төмен отбасыларға сәл де болса көмек болсын деген ниеттен туған қолдаудың арқасында 500 мың адамның несиесі жабылды. Берешекті жабу үшін олардың әрқайсысына 300 мыңнан бастап, 3 млн теңгеге дейінгі қаражат мемлекет есебінен төленді. Банкте қарызы бар басқа да қазақстандықтардың айыппұлдары мен өсімпұлдары есептен шығарылды. Олардың саны 5 млн-ға жуықтаған еді. Үкімет 629 мың несие алушының өсімпұлын өтеу үшін республикалық бюджеттен 105 млрд теңге бөлді. Осыдан кейін Президент Жарлығына сәйкес, күнкөріс деңгейі 27 мың теңгеге жетпейтін адамдарға несие беруге тыйым салынды. Бұл да тұрмысы төмен отбасылар бей-берекет қарызға ұрынбауы үшін жасалған қадам болатын.

Сонымен қатар дағдарысты кезеңге қарамастан елдегі әлеуметтік санаттағы азаматтарға берілетін жәрдемақылар, әлеуметтік төлемдер, бюджет қызметкерлерінің жалақысын көтеру жалғасын тапты. Президенттің тапсырмасымен көп балалы отбасыларға берілетін ақшалай көмек көлемі төрт есеге артты. Бюджет саласының төмен жалақы алатын қызметкерлерінің еңбекақысы да өсті. Мұндай игі шарамен миллионнан астам адам қамтылды. Соның ішінде мұғалімдер мен дәрігерлердің жалақысы да көбейді. Бұйырса, екі жылдан кейін педагогтердің жалақысы 330 мың теңгеден асады. Ал медициналық қызметкерлердің айлығы 2,5 есеге өсіп, 561 мың теңгеге дейін жетпек.

Азаматтарды бірінші кезекте баспана толғандыратыны анық. Бұл мәселе де назардан тыс қалған жоқ. Былтыр тұрғын үй құрылысының қарқыны 11,2%-ға өскен. Бірақ пайдалануға берілген дайын үйлердің 40%-ы тек Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында салынғанына көңіл аударған Президент ауылдық мекендерде де баспана салу қолға алынатынын жеткізді. Егер өңірлерде баспана көптеп салынса, оған жастарды, қажетті мамандарды тартуға болатыны сөзсіз. Жастар демекші, Мемлекет басшысы мемлекеттік қызметтің тиімділігін арттыру үшін жастарға, жас кадрларға ерекше көңіл бөліп келеді. Соның бір көрінісі − Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Президенті жанындағы Жастар кадр резерві жөніндегі ұлттық комиссия құру туралы Жарлыққа қол қойды. Нәтижесінде, ел ісіне араласатын елзезек, зерек, іскер азаматтар іріктеліп, Президенттік жастар кадр резерві жасақталды. Биыл сайланған Парламент Мәжілісінің құрамына да әйелдер мен жастар үшін 30%-дық квота енгізілгені белгілі.

Бұл бастаманың бәрі Мемлекет басшысының азаматтық қоғамды нығайту, әділетті әлеуметтік саясат құру жолындағы ізгі қадамдары екені айқын.

 

Елдің дамуына пандемия да кедергі емес

Президенттің билікке келгеніне бір жыл толар қарсаңында әлемді әбігерге салған індет Қазақстанға келіп жетті. Оның үстіне доллар бағамы да бұрын-соңды болмаған шарықтау шегіне жетіп, бір доллар 447 теңгеге дейін көтерілді. Сөйтіп айналасы бір-ақ айдың ішінде ұлттық валютамыз бірден 60 теңгеге құлдырап кетті.

Пандемиямен қабаттаса теңгенің құнсыздануы, коронавирустың өршуі, экономиканың шатқаяқтауы қазақстандықтардың тұрмыс-тіршілігіне теріс әсерін тигізді. Осынау күрделі кезеңде алдымен азаматтардың амандығын ойлаған Мемлекет басшысы елде төтенше жағдай жариялады. Екі үлкен қаланы карантинге жапты. Коронавирусты өршітпеу мақсатында қатаң шараларды қолға алды. Індеттің алдын алуға байланысты жұмыстар жүргізетін арнайы комиссия құрды. Қоғамдық тәртіп те қадағалауға алынды.

Қалыпты тіршілігінен қағылып, әрі-сәрі күй кешкен халықты сабырға шақырған Президент әлеуметтің жағдайы әрдайым назарда болатынын жеткізді. Мемлекет басшысының тапсырмасымен ел қысылтаяң шақтан қысылмай шығуы үшін төтенше жағдай және карантиндік шектеулер кезеңінде қосымша қолдау шаралары мен экономикалық өсімді қалпына келтіретін кешенді жоспар легі қабылданды. Айталық, отандық кәсіпкерлерді қолдап, жұмыс орындарын сақтап қалу үшін 300 млрд теңге бөлінді. Бизнес субьектілеріне салық және несие жеңілдіктері жасалды. Шағын және орта бизнеске субсидия беру бағдарламасы қабылданды. Оған экономиканың 29 секторы қамтылды. Ауыл шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлерге де қолдау көрсетіліп, бюджеттен 70 млрд теңге бөлінді.Тұрмысқа қажетті заттар мен азық-түлікті тегін алатын азаматтардың қатары белгіленді. Мұндай көмекті мүгедектер және жұмыссыз ретінде тіркелген 800 мыңнан астам адам алды.

Карантин кезінде табысынан айырылған азаматтарға ең төменгі айлық мөлшерінде 42 500 теңге берілді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, төтенше жағдай жарияланған 16 наурыз бен 11 мамыр аралығында және карантиндік шектеу шаралары енгізілген 2020 жылдың 5 шілдесі мен 17 тамыз аралығында бұл жәрдемақыны 4,6 млн адам алған, оған жұмсалған қаражаттың көлемі – 476,1 млрд теңге.

Жалпы былтыр дағдарысқа қарсы шараларға барлығы 6,3 трлн теңге бөлінген. McKinsey & Company мәліметіне сүйенсек, тұрақтылық деңгейі бойынша ұлттық экономикамыз 56 елдің ішінде 7-інші орынды иеленген. Инфляция 7,5 пайыз деңгейінде сақталып қалды. Бұл – пандемияның салқынын сездірмеу үшін қолға алынған шаралардың нәтижесі.

Әлбетте, дүние жүзіне зардап әкелген індет Қазақстанның экономикасын да баяулатты. Ендігі мақсат – экономиканы қалпына келтіру, халықтың әл-ауқатын жақсартып, зардап шеккен салаларды ретке келтіру. Осыған байланысты ел Президентке үлкен үміт артады, салмақты шешімдер қабылдайтынына сенеді.

Қасым-Жомарт Кемелұлының Президент ретіндегі екі жылдық қызметіне баға беру ерте. Дегенмен де осы мерзім ішінде ол өзін әдепті, парасатты тұлға ретінде танытты. БАҚ пен әлеуметтік желілердегі халықтың пікіріне де құлақ қойып, назарға ала жүретіні аңғарылады. Өйткені ел арасында тартысқа түскен даулы, толғақты мәселелерге үн қосып, ел талабын ескеріп, нақты шешім қабылдайтыны талай байқалған. Еліміздегі өзекті мәселелерге, қоғамда болып жатқан түрлі оқиғаларға қатысты үнемі Twitter-де пікір жариялап отыратынын да ел жақсы біледі.

Ендеше, «Мен халыққа берген уәделерімді міндетті түрде орындаймын» деген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы уақытта да мемлекетті жарқын жетістіктерге жетелеп, жаңа деңгейге көтеретініне сенеміз.