Қазақстан • 18 Наурыз, 2021

Сындарлы сабақтастық

1046 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін

Осыдан екі жыл бұрын елімізде тарихи оқиға болды. Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мемлекетіміз үшін тағдыршешті, маңызды шешім қабылдап, билікті көрнекті мемлекет қайраткері Қасым-Жомарт Тоқаевқа зор сеніммен тапсырды. Осылайша, Қазақстанда саяси сабақтастық салтанат құрып, еліміз тұрақты даму бағытынан айныған жоқ.

Сындарлы сабақтастық

Әлемнің «тоғызыншы территория­сы» саналатын Қазақстандағы билік транзитінің бейбіт жолмен өтуі дүние жүзін таңғалдырды. Өйткені Орталық Азияда Мемлекет басшысы бұрын-соңды биліктен өз еркімен бас тартпаған еді. Осынау оқиғаны басында алаң көңілмен қабылдаған қалың жұрт бүгінде бұл тағдыршешті қадамның дұрыстығына көз жеткізіп отыр.

Қазақстан тәуелсіздігін алғалы бергі 30 жыл ішінде көптеген жетістікке қол жеткізді. Әлемдік саясат сахнасында өз пікірін ашық білдіретін, бастамашыл ел ретінде танылды. Әсіресе Қазақстанның халықаралық қауіпсіздік пен тұрақтылықты сақтауға қосқан үлесі зор. Мұның бәрі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ерен еңбегі екені белгілі.

КСРО тарағаннан кейін «тоғызыншы территорияда» ядролық қару мұраға қалған еді. Осылайша, еліміз саны жағынан әлемдегі төртінші ядролық державаға айналып шыға келді. Жаңадан тәуелсіздігін алған елдің мұндай қаруы Батыстың бетке ұстар дипломаттарының ұйқысын қашырғаны мынадан-ақ байқалады. Сол кезеңде екіжақты келісімді сылтауратып, шетелдік шенеуніктер бірінен соң бірі елімізге жиі ат басын бұрды. Әйтсе де, бәрін мазалаған бір ғана мәселе – Қазақстанның ядролық қаруы.

Қазақстанның ядролық арсеналы Батыс елдерін ғана қызықтырып қойған жоқ. Араб әлемі де оқтұмсықтарды сатып алуға ниетін білдірді. Мәселен, 1992 жылы сол кездегі Ливия басшысы Муаммар Каддафи Қазақстанның ядролық қаруын сақтап қалуы үшін миллиардтаған доллар қаржылай көмек беруге әзір екенін жеткізген. Тәуелсіздігін енді алған мемлекет үшін бұл – көз арбайтын ұсыныс. Өйткені Кеңес өкіметі құлағаннан кейін ел экономикасы тұралап қалғаны белгілі. Бірақ Қазақстан мұндай «жомарт» ұсыныстан бас тартты.

Елбасы 1991 жылғы 29 тамызда Семей ядролық полигонын жабу туралы Жар­лыққа қол қойды. Осылайша Қазақ­стан әлемдегі төртінші ядролық арсе­налдан өз еркімен бас тартты. Бұл шешім жер-жаһанды жаппай қырып-жою қаруларынан азат етуге бағытталған соны қадам болғанын уақыт көрсетті. Бүгінде еліміздің ядролық қарудан бас тарту бас­тамасы – өзгелерге үлгі.

Еліміздің халықаралық және өңір­лік қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамта­масыз етуге қосқан үлесі мұнымен шектел­мейді. Қазақстан көптеген ұйымның құрылуына мұрындық болып, халықаралық ынты­мақтастықты жаңа деңгейге көтеруге елеулі еңбек сіңірді.

Мәселен, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесті (АӨСШК) және Шанхай ынтымақтастық ұйымын (ШЫҰ) құруға Қазақстанның белсене қатысқанын айта кеткен жөн. Ал мұндай қадамның әлемдік аренадағы «тоғызыншы территорияның» беделін арттырғаны сөзсіз.

ШЫҰ кейінгі кезде аймақтық дең­гейде ғана емес, дүниежүзілік ауқымда сер­пінді түрде дамыған көп салалы, жетек­ші ынтымақтастық ұйымдарының біріне айналды. Қазіргі таңда ол саяси дипломатиялық сипатына сәйкес, тұрақты түрде нығайып келеді.

АӨСШК-ні құру маңызды әрі дер кезінде жасалған қадам еді. Нұрсұл­тан Назар­баев осы ұйымды құру туралы ұсы­нысын 1992 жылы БҰҰ Бас Ассам­блеясының 47-сессиясында көтерген-тұғын. Бастама Азия өңіріндегі қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықтың жаңа форматын қалыптастыруға соны серпін берді.

Уақыт АӨСШК қызметінің өзектілігін көрсетті. Оның аясында саяси диалогты институттандыру және азиялық мем­лекеттерді жаңа саяси жағдайға бейімдеу жүргізіледі. Қазақстан және АӨСШК-ні қолдаған мемлекеттер осындай тетік құрудың күрделілігін айқын түсінді. Бүгінде АӨСШК – тыңға түрен салған, түрлі жағдайға дайын бірегей форум.

Бұдан бөлек Қазақстанның жаһандық ұйымдарға төрелік етуі де Елбасы есімімен тығыз байланысты. Мысалы, 2010 жылғы ЕҚЫҰ саммитінің елордада өтуі де кәрі құрлықтағы бірқатар мәселенің шеші­мін тауып берді. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңе­сіне тұрақты емес мүше ретінде енуі мен аталған ұйымға төрағалық етуі де Қазақстанның жер-жаһанның қауіп­сіздігі мен тұрақтылығына ерекше көңіл бөлетінін айғақтайды.

Көршілес елдер интеграциялық құры­лымдар ұйымдастырғанда ғана экономикалары өрістейтіні белгілі. Бұл өзара ықпалдастықты дамытып қана қоймай, кез келген елдің әлеуетін арттыруға зор ықпалын тигізеді. Мәселен, Еуропалық одақ секілді ұйымдар осы мақсатта құрылғаны белгілі. Кеңес Одағы тарағаннан кейін Елбасы Еуразия құрлығын қамтитын ірі ұйым құру қажеттігін жете түсініп, еуразиялық интеграция идеясын жариялады. Елбасының бастамасымен қазіргі Еуразиялық экономикалық одақтың іргетасы қалана бастады. Қазіргі таңда ұйым 184 миллион тұрғыны бар алып аумақты қамтитын, өмірлік маңызы бар сауда-экономикалық дәлізге айналды. Ұйымға мүше мемлекеттердің сыртқы сауда айналымы 750 млрд АҚШ долларынан асқан, кіріктірілген ішкі жалпы өнім бағасы 2 млрд долларды еңсерген.

Сириядағы азаматтық соғыс жүз­де­ген мың адамның өмірін жалмап, мил­лион­даған тұрғынды босқынға айналдырғаны туралы талай мәрте жазылып, биік мін­берлерден айтылды. Алайда елдегі шиеленіскен жағдайды саяси жолмен бейбіт шешуге ұмтылғандар санаулы. Осы орайда Қазақстан Таяу Шығыстағы мемле­кеттің тыныштығын сақтау мақсатында келіссөз алаңын ұсынғаны белгілі. «Ас­тана процесі» ретінде танылған бұл бітім­гершілік жиынның тиімділігі  халық­аралық қоғамдастық тарапынан жоғары бағаланды.

Елбасының ұсынысы бойынша «Бола­шақтың энергиясы» деген тақырыпта елордада өткен ЭКСПО-2017 көрмесі энергияның экологиялық таза және жаңар­тылатын көздерін дамыту жөніндегі әлем ғалымдарының күш-жігерін біріктіруге күш салды.

Әлемде қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етудің бірден-бір жолы – татулық пен өзара келісім орнату. Бұл ба­ғыттағы Қазақстанның дінаралық және өркениетаралық диалог өрбітудегі маңызды бастамасы – 2003 жылдан бері шақырылып келе жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі. Өз жерінде түрлі этностар мен дін өкілдері бейбіт өмір сүріп жатқан Қазақстан астанада бір үстелдің басында мұсылман, христиан, буддизм, иудаизм және басқа да діндердің қайраткерлерін жинап, өзекті халықаралық мәселелерді бірлесіп шешу жолдарын талқылауға мүмкіндік жасады.

Іргелес мемлекеттермен бейбіт көр­шілік қарым-қатынас ел өмірінде маңызды рөл атқарады. Бұл қадам теңқұқылы келісімдер жасап, өзара тиімді сауданы дамытуға, транзит әлеуетін өсіруге, ең соңында реформалардың табысына әсер ететін инвестиция тартуға көмектеседі. Ал мұндай қарым-қатынастардың ең бас­ты шарты – нақты белгіленген, көршілер де, сондай-ақ әлемдік қоғамдастық та мойындаған мемлекеттік шекара құру.

Мұны жете түсінген Нұрсұлтан Назар­баев еліміз тәуелсіздік алысымен шекараны делимитациялауға кірісті. Бұл жұмыс бақандай 13 жылға созылғаны белгілі. Мәселен, 1994 жылғы 26 сәуірде Қытаймен арадағы мемлекеттік шекара түбегейлі белгіленді. Кейінірек басқа көр­шілес мемлекеттер – Ресеймен, Қырғыз­станмен, Өзбекстанмен, Түрікменстанмен келіссөздер жүргізілді. 2018 жылы Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы кон­венцияға қол қойылғаннан кейін құрлықтағы ғана емес, теңіздегі шекарамыз да біржола айқындалып, түпкілікті бекітілді.

Қазақстанның жоғарыда айтып өткен жетістіктері Елбасы Нұрсұлтан Назар­баевтың есімімен тығыз байланысты. Жас тәуелсіз елдің тізгінін ұстап, оны етек-жеңін жинаған іргелі елге айналдырғаннан кейін Тұңғыш Президент билік транзитін бастады. Осылайша Қазақстан Орталық Азияда алғаш рет бейбіт түрде биліктің ауысуын қамтамасыз етті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекет басшысы міндетіне кіріскеннен бастап сындарлы сабақтастыққа иек артатынын анық аңғартты. Екі жыл бұрын Президенттік лауазымды қабылдап алғанда да, сайлауалды бағдарламасында да, ұлықтау рәсімінде сөйлеген сөзінде де, халыққа Жолдауларында да үш мәселеге – дамуға, әділетке және сабақтастыққа басымдық беріп келеді. Бұл басым бағыттарды президенттік сайлауда дауыс беру кезінде халықтың 71 пайызға жуығы қолдағаны есімізде.

Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында мемлекет тұрақтылығының негізі саналатын «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласын басты қағидат ретінде ұстанатынын мәлімдеді. Осы бағыттағы жұмыстың негізі – азаматтардың өтініш-тілектерін жедел әрі мұқият қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру болмақ.

Бұл – билік пен қоғам арасында тұ­рақты диалог орнатудың тиімді тәсілі. Осы тұжырымдаманы жүзеге асыру барысында әділетті мемлекет ұстанымы негізге алынғаны байқалды. Мәселен, осы бағыттағы жұмыстар нәтижесінде тұр­мысы төмен және көп балалы отбасыларға арнайы әлеуметтік жәрдемақы тағайын­далып, әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топ­тардың несиесі кешірілді. Кадр саясаты жетілдіріліп, ғылым мен білімді, денсау­лық сақтауды дамытуға ерекше ден қойылды.

Мемлекет басшысы ұсынған сыртқы саясаттың 2020-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасында да сындарлы сабақ­тастық бар. Ұлттық мүддені қорғай отырып, сыртқы саяси және экономикалық басымдықтарды ілгерілетуге басты назар аударыла бермек. Еліміздің стратегиялық саяси мақсаты ретінде тәуелсіздікті, мемлекеттің егемендігін және аумақтық тұтастығын нығайту, сыртқы саяси бағыттың дербестігін сақтау көзделіп отыр. Сон­дай-ақ Орталық Азияда Қазақ­стан­ның көшбасшылық орнын нығайту және еліміздің ұзақ мерзімді мүдде­леріне ерекше екпін беріледі.

Тұжырымдама халықаралық және өңірлік тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге елеулі үлес қосу, шет мем­лекеттермен екіжақты және көпжақты форматта достық, өзара тиімді қарым-қатынасты сақтау, мемлекетаралық бірлес­тіктер және халықаралық ұйымдармен кешенді өзара іс-қимылды дамыту қарас­тырылған.

Қасым-Жомарт Тоқаев сайлауалды бағдарламасында Елбасы айқындаған көп векторлық саясат қағидасын ұстана отырып, стратегиялық серіктес елдер – Ресей, Қытай, АҚШ, Орталық Азия мемлекеттерімен, Еуропалық одақ, Азия және Таяу Шығыс мемлекеттерімен тең, достық қарым-қатынасты, сонымен қатар БҰҰ, ТМД, ЕАЭО, ШЫҰ, ЕҚЫҰ, АӨСШК секілді халықаралық ұйымдармен байланысты нығайта түсетінін мәлімдеген-ді. Ол уәделер іске асырылып, Мемлекет басшысы өзінің халықаралық аренада еліміздің мүддесін қорғай алатын ірі саясаткер екенін көрсете білді. Мәселен, былтыр Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің онлайн отырысында 2025 жылға дейінгі еуразиялық экономикалық интеграцияның стратегиялық даму бағыттары туралы құжатты қабылдау идеясын қолдай отырып, стратегияның кейбір бөлімдерін қайта талқылап, əлі де пысықтай түсу керегін ескерткені есімізде. Атап айтқанда, ЕАЭО-ға мүше елдер арасындағы экономикалық, əлеуметтік, гуманитарлық мəселелерді бесжақты форматта Еуразиялық экономикалық комис­сия­ны (ЕЭК) қатыстыра отырып қарас­­тыру, оның нақты іске асуын қиында­татынына назар аударған. Денсаулық сақтау, білім және ғылым салаларын ЕЭК-ның құзыретіне толық көлемде беру, оның экономикалық бағытын айтар­лықтай өзгертіп жіберуі мүмкін екеніне тоқ­талған. Сондай-ақ ЕЭК-тің өкілет­тігін ке­ңейту мəселелеріне мұқият болуға шақырған.

Биылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақ төра­ға­лы­ғын қабылдады. Осыған орай Қасым-Жомарт Тоқаев ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің басшыларына жолдаған үндеуінде бірқатар маңызды мәселені көтеріп, ұйымның алдағы 5 жылдағы бағытын айқындап берді.

Кейінгі екі жыл әлемде де, елімізде де төтенше жағдайларға толы болды. Президенттік сайлаудан көп өтпей-ақ Арыстағы қару-жарақ қоймасы жарылды. Соның салдарынан қаладағы үйлер қирап, көптеген тұрғын баспанасыз қалды. Осы бір сын кезде Мемлекет басшысы Арысқа арнайы барып, ахуалмен тікелей танысып қайтқаны есімізде. Ал былтыр Қордайдағы жанжал ең өзекті əлеуметтік мəселелердің тұтас шоғырын көрсетіп берді. Өзбекстанда жарылған су қоймасы Мақтаралдағы ағайынды әбігерге салды. Осындай жағдайдың бəрінде Қасым-Жомарт Тоқаевтың шұғыл ден қойып, батыл шешім қабылдауы халықтың сенімін күшейте түсті.

Бір жыл бұрын дәл осы кезеңде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирусты пандемия деп жариялап, шартараптың түкпір-түкпірінің етек-жеңін қымтауға кіріскен. Бүкіл әлем бетперде киіп, үйге тығылды. Жер-жаһанды теңселткен вирус Қазақстанды да айналып өткен жоқ.  Әлемде алшаң басқан індеттің біздің еліміздегі қарқыны Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың дер кезінде қабылдаған шешімдерінің арқасында бәсеңдеді.

Қиыншылықтарға қарамастан, мемлекет азаматтарға, шағын жəне орта бизнес өкілдеріне қолдау көрсетіп келеді. Мемлекет басшысының пәрменімен дағдарысқа қарсы шаралар үшін 6 триллион теңгеге жуық қаржы бөлінді. Ең бірінші, жұмыссыз қалған адамдарға 42 500 теңге мөлшерінде төлем жасалды. Бұл көмек 4,2 миллион адамды қамтыды. 1 миллиондай мұқтаж отбасы азық-түлікпен жəне қажетті заттармен қамтамасыз етілді. Қиындыққа тап болған кәсіпкерлер үшін салықтар мен басқа да міндетті төлемдерді төлеу мерзімі ұзартылды. 700 мыңнан аса компания мен кəсіпкерлер үшін салық жүктемесі азайтылды. Сол арқылы олар 1 триллион теңгеге жуық қаржы үнемдеуге мүмкіндік алды. Ауыл шаруашылығына көктемгі егіс науқанын ұйымшылдықпен өткізу және өнім өндіруді молайтып, азық-түлік қауіпсіздігін нығайту үшін 200 млрд теңге қаржы бөлінді.

Атқарылған жұмыстардың тағы бір парасы еліміздегі саяси жағдайға байланыс­ты. Президенттің бастамасымен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылды. Онда көтерілген көкейкесті мәселелер жан-жақты зерделеніп, тиісті шешімдерін тауып, еліміздегі демократиялық үрдістерді одан әрі ілгерілетуге бағытталған бірқатар заң қабылданды. Соның ішінде, бейбіт шерулерге байланысты заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, митингілер тек хабарлама беру арқылы өткізілетін болды.

Сондай-ақ сайлау туралы заңнамаға да елеулі өзгерістер енгізілді. Атап айтқанда, саяси партияларды құру мен тіркеу талабы едəуір жеңілдетілді. Партиялардың сайлау тізімінде əйелдер мен жастар үшін 30 пайыздық міндетті квота белгіленді. Бұл қадам əйелдер мен жастардың елдің қоғамдық-саяси өміріне белсене қатысуына қосымша мүмкіндік берді. Аталған бастаманың нәтижесі биылғы Мәжіліс сайлауында анық аңғарылды. Мемлекет басшысының парламенттік оппозиция туралы ұсынысы да заңдастырылды.

Қоғамды демократияландыру бағы­тындағы  тағы бір маңызды қадам – ауыл әкімдерін сайлау болғалы тұр. Биыл елімізде кенттердің, ауылдар мен ауылдық округтердің әкімдерін тікелей сайлауға дайындық жүргізіліп жатыр. Жоспар бойынша, сайлау тамыз-желтоқсан айларында өткізу жоспарланған. Бұл елі­міздің қоғамдық-саяси өміріндегі елеулі оқиға болмақ. 

Бұл игі шара мұнымен шектеліп қалмақ емес. Келесі маңызды қадам –
аудан әкімдерінің сайлауы болмақ. Осы бас­тамалардың елімізді демокра­тия­ландыруға және жергілікті басқару институтын нығайтуға елеулі ықпалын тигізері сөзсіз.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысының бастамасымен адам құқығын қорғау, əйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық, адам саудасы, мал ұрлығы, браконьерлік, көлікті мас күйде жүргізу сынды қылмыстарға қарсы заңнамалар қатаңдады, алдын алу шаралары күшей­тілді.

Халықтың әл-ауқатын көтеру мақ­сатында жағдайы төмен азаматтарға бірқатар жеңілдік жасалды. Ең алдымен, табысы төмен бюджет қызметкерлерінің жалақысы мен студенттердің шəкір­т­ақылары көтерілді. Одан кейін табысы төмен азаматтардың несие қарыздарын мемлекет өз мойнына алды. Жағдайы төмен жүз мыңдаған азаматтың несиелерін кешіру, берілетін несиенің пайызын азайту арқылы оның қолжетімділігін қамтамасыз ету, көп балалы аналарға берілетін жәрдемақыны көбейту және әрі қарай жетілдіре түсу, баспанамен қамтамасыз етудің халыққа қолайлы жолдарын қарастыру, микро және шағын бизнес субъектілеріне салық жеңілдіктерін енгізу, оларды тексеруге үш жылға мораторий жариялау сияқты айтарлықтай жеңілдіктер іске асырыла бастады.

Білім мен ғылымды, медицина саласын дамытуға үлкен басымдық беріліп отыр. Осыған байланысты алдағы уақытта білім саласына бөлінетін қаражат 6 есе, ғылымға бөлінетін қаржы 7 есе өседі. Ал дəрігерлердің жалақысы кезең-кезеңмен өсіріліп, 2023 жылға қарай экономикадағы орташа жалақыдан екі жарым есе көбейту жоспарланған.

Ұлыларымызды ұлықтау, елдік, ұлттық құндылықтарымызды əлемге әйгілеу жұмыстары да лайықты жалғасын табуда. Ұлы ойшыл бабамыз Әл-Фараби мен данышпан Абайдың мерейтойлары, Алтын Орданың 750 жылдығы жоғары дәрежеде атап өтілді. Сол арқылы тарихымызды жастардың санасына сіңіруге, ұлы тұлғаларымызды кеңінен дәріптеуге, Қазақ елін әлемге танытуға ерекше маңыз берілді.

Қасым-Жомарт Тоқаев жақында халқымызды алаңдатқан жер мәселесіне қатысты да түпкілікті шешім қабылдады. Президент ретінде заң шығаруға бастамашылық ету құқығын пайдаланып, жерді шетелдіктерге сатуға және жалға беруге біржола тыйым салуды көздейтін заң жобасын Мәжіліске жолдады.

Қорыта айтқанда, тәуелсіз Қазақ­стан­ның негізін қалаған, әлемге танымал саяси қайраткер – Елбасының сенімді серігі  әрі лайықты ізбасары екен­дігін сөзімен де, ісімен де айғақтаған Прези­дентіміз екі жыл ішінде өзіне барша адамзат басындағы қилы кезеңде жүктелген биік сенім үдесінен шыға білді. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қалыптастыру міндетін алға қойып, елімізде Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде атқарылған жасампаздық істерді қисынды жалғастыра білді. Қазақстан билігіндегі сындарлы сабақтастық дос сүйініп, дұшпан күйінгендей мәуелі жемісін беріп отырғандығына куәміз.