Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»
Қазақстандықтардың әлемдік компанияларда қызмет етіп, үлкен жобаларға үлес қосып жүргені туралы жиі естиміз. Солардың бірі – Азиз Мүсілімов. Ол бағдарламамен қамтамасыз ету саласында көш бастап тұрған Microsoft компаниясында еңбек еткен. Бүгінде елімізде жастарға арналған бірнеше жобаны қолға алып, замандастарын саналы өмір сүруге баулып жүр.
– Бірнеше жыл Microsoft компаниясында қызмет еттім. Негізі, бір стартап жобаның мүшесі едім. Ол жобаны Microsoft сатып алып, біз үлкен ұйымның құрамына ендік. Әлбетте, онда үлкен тәжірибе жинап, білімімді жетілдірдім. Алайда шетелде білім алуыма мүмкіндік берген «Болашақ» бағдарламасының міндеттемесін өтеу үшін елге оралдым. Шыны керек, әуелде елге қайтқаныма аса қуана қойғаным жоқ. Жалпы, елде қызмет етемін деген жоспарым да болмаған. Бірақ қазір еліме деген сүйіспеншілігім арта түсті, өз еліме пайдамды тигізсем деген ниет пайда болды. Қазір негізгі жұмысымнан бөлек жастарға пайдалы болатын, ой салатын жобамен айналысамын. «Жолың болсын!» деп аталатын жобамыздың аясында апта сайын әртүрлі сала мамандарын шақырып, жастардың дұрыс жол таңдауына себепкер болғымыз келеді. Өз еліңе пайдалы болған, Отанға қызмет еткен мүлде бөлек, ерекше сезім екен, – дейді Азиз Мүсілімов.
Ал Жамбыл облысының тумасы Еркебұлан Рахметов шетелдегі оқуын бітіріп елге қайтқанда бірқатар мәселемен бетпе-бет келгенін, алайда бұл Отанға қызмет ету ынтасына кері әсер етпегенін айтады.
– М.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің түлегімін. Бакалавр дипломын алған соң Ұлыбританияның Southampton университетіне магистратураға оқуға түстім. Оны бітірген соң Тараз мемлекеттік университетіне келіп қызмет етуге міндетті едім. Содан осы университеттің экономика факультетінде дәріс оқи бастадым, – дейді Еркебұлан.
Тұманды Альбионда менеджмент бойынша білімін жетілдірген маман елге оралғанда мардымсыз еңбекақыға жұмыс істейді.
– Алғашқыда жалақым 60-70 мың теңге көлемінде еді. Жалпы, қазақстандық ЖОО оқытушыларының жалақысы аз. Онымен бір отбасын асырай алмайсың. «Құрғақ қасық ауыз жыртады» демекші, оқытушыларға, оның ішінде жастарға қажетті әлеуметтік қолдау көрсетілуі керек деп есептеймін. Содан оқу орталығына қосымша жұмысқа тұрдым. Шетелде білімімді шыңдап келгеніммен, өзім қызмет ететін университет ескі жүйеге өзгеріс енгізуге мүмкіндік берген жоқ. Мәселен, студенттер әлі де оқытушы айтқан әр сөзді жазып алуы тиіс. Көшірілген лекция үнемі пайдалы бола бермейді. Мен осы сынды ескі ережелерді өзгертуге күш салдым. Жалпы, университетте де, қосымша жұмыс орным – оқу орталығында да балаларға пайдалы болуға тырыстым. Сапалы білім беруге бар күшімді салдым, – дейді маман.
Қазір «Теңізшевройл» компаниясында мамандығы бойынша қызмет ететін ол елдің дамуына өз үлесін қосқанды жөн көреді.
– Оқуымды аяқтағанда бірнеше шетелдік компания жұмысқа шақырды, әлі де осындай ұсыныстар бар. Жалпы, шетелге көшсек өміріміз жақсаратындай, қалтамыз қалыңдай түсетіндей көрінеді. Дегенмен, тынымсыз еңбек еткен адам қай жерде болсын қалаған мақсатына жете алады. Оның үстіне жат жерде ешкімнің құшақ жайып күтіп отырмасы анық. Туған елің үшін қызмет еткеннің жөні бөлек. Мұнда сенің туыс-туғаның, достарың бар. Олардың ортасында болу, бірге уақыт өткізу деген үлкен нығмет қой. Түптеп келгенде ақын Несіпбек Айтұлының «Үш жаққа бұра тартса үш туысқан, Ұшпаққа кім шығарар ертең елді?» деген елді бірлікке шақырған жыр жолдарын естен шығармауымыз керек, – деп түйіндеді сөзін Еркебұлан.
Келесі кейіпкеріміз – Асылбек Разақов Түркияның беделді жоғары оқу орындарының бірін тәмамдаған.
– Ыстанбұл Бизнес университетіне халықаралық сауда және экономика мамандығы бойынша оқуға түстім. 2017 жылы оқуымды тәмамдаған соң елге қайту жөнінде ешқандай міндеттемем болмаса да шетелде қалып жұмыс істеуге мүмкіндігім болса да туған жеріме оралғанды жөн көрдім. Қазақ «Ер туған жеріне, ит тойған жеріне» дейді емес пе?! Сондықтан білгенімді ел пайдасына асыруды ойлап, шетелде алған теориялық білімімді өз елімде іс жүзінде сынап көруге бел байладым. Содан, елге келіп кәсіп етуге білек сыбана кірістім. Қазір Қазақстан мен Түркия арасындағы бірқатар жобаны жүзеге асыруға атсалысып келемін, – дейді жас кәсіпкер.
Бүгінде Түркия халықаралық қорының Қазақстандағы өкілі саналатын Асылбек қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысады. Оған қоса жас кәсіпкер екі орталықтың негізін қалап үлгерген.
– Негізгі жұмысыма кедергі келтірместен игі істердің басы-қасында болуға тырысамын. Осылайша, ByTurkey консалтинг компаниясын аштым. Түркиямен байланысы бар кәсіпкерлерге білгенімді айтып, сауда және экономика бойынша кеңес беремін. Ол жақтағы ережелерді, Түркияның ішкі құрылысын біршама білгендіктен, басқа да әріптестеріме пайдалы болсам деген ниеттен туған жоба еді бұл. Одан кейін Horizon International Educational Centre оқыту орталығына иелік етемін. Онда балаларға сапалы білім беруге бар күшімізді жұмсаймыз. Қазір алпысқа жуық студентіміз бар. Былтыр жиырмадан астам талапкерді Түркия университеттеріне оқуға аттандырдық. Жоғарыда аталған консалтинг компаниямыз арқылы елге инвестиция тарту жолдарын да қарастырудамыз. Менің шетелде оқып, үлкен компанияларда қызмет етіп жүрген талай танысым бүгінде елге оралып, өз Отанына еңбегін сіңіріп жүр. Әркімнің өз тағдыры бар. Адамның арманы қарынның қамы болмауы тиіс. Әрбір азамат ел алдындағы перзенттік парызын ұмытпауы керек. Ел аман, жұрт тыныш болса, барлық арман орындалады, – дейді Асылбек Разақов.
Шетелде алған білімін еліміздің пайдасына асырып, жемісті еңбек етіп келе жатқан тағы бір кейіпкеріміз – Мөлдір Дінасылова. Ол – Калифорния штатындағы Миддлбери халықаралық зерттеулер институтының түлегі. Бүгінде Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінде Ілеспелі аударма кафедрасының меңгерушісі болып қызмет етеді.
– Шыны керек, әуелде шетелден елге оралғанымда үлкен іс тындырамын деген сенімім болмады. Елге келген соң «Қарашығанақ», «Самұрық-Қазына» сияқты үлкен компанияларға жұмысқа орналасуға ниеттендім. Алайда кезінде өзім білім алған университетте жұмыс істеуге міндетті едім. Содан студенттермен жұмыс істедім. Олардың кері байланысы, білімге деген ынтасы менің оқу орнында қалып, тұрақты жұмыс істеуіме мұрындық болды. Яғни жұмыс істеуге мүмкіндік бар екенін, студенттерге керек екенімді түсіндім, – дейді Мөлдір.
Мөлдірдің өз жұмысына деген ынта-ықыласы, ұжымдағы абырой-беделі де оқу орны басшылығы тарапынан жоғары бағаланды.
– Университетте қызмет етіп жүргеніме биыл 3 жыл болды. Осы оқу жылының басында мені кафедра меңгерушісі етіп тағайындады. Бұл күтпеген жаңалық болды. Оқытушылардың орта жасы 40-қа таяу. Ал мен олардың арасындағы ең кішісімін. Дегенмен жасыма қарамастан, басшылық қызметті маған сеніп тапсырды. Әрине басында ыңғайсыздандым. Үлкендердің, басшылықтың сенімі мені жігерлі, жауапты болуға итермеледі. Бұл қызмет мен үшін үлкен жауапкершілік. Көп дүние үйрендім. Маған сенгеніне, қысқа уақытқа қарамастан, осындай үміт артқанына ризамын, – дейді кейіпкеріміз.
Мұхиттың арғы бетіндегі іргелі университеттен алған білімін Мөлдір бүгінде отандық білім мен ғылымды дамытуға жұмсап, елдің интеллектуалды жастарын баулуға өз үлесін қосуға белсене кіріскен жайы бар.
– Қазір студенттерге пайдалы болатын курстар мен пәндер енгізуге, оқу бағдарламасын өзгертуге ұсыныс пен ойымды білдіре аламын. Жұмысқа алғаш келгенімде студенттердің өздерінің таңдаған мамандығы арқасында жақсы жетістікке жететініне сенбейтінін байқадым. Бұл менің көңілімді түсірген еді. Қазір факультет деканы және тағы бір әріптесіммен бірігіп стартап жобаны қолға алдық. Оны АҚШ елшілігі бастаған-ды. Біз де өз идеямызды ұсындық. Бұл жоба студенттерге мақсаттарын айқындауға, оқуға деген ынтасын ашуға көмектеседі деген сеніміміз бар.
Қанша жерден білікті маман болсаң да студенттерді оқуға ынталандыра алмасаң, біліктіліктен пайда жоқ. Ең жақсы ұстаз – оқушыларды шабыттандыра алатыны. Мен студенттің жалындап тұрғанын, өмірден өз орнын тапқанын қалаймын. Адамның көзінде от болғаны абзал, – деген ойын білдірді М.Дінасылова.
Әрине Батыс пен отандық оқу жүйесіндегі айырмашылық бар екені белгілі. Еліміз алдыңғы қатарлы мемлекеттердің қатарынан орын алсын десек, оқу жүйесіндегі олқылықты тезірек еңсеріп, озық әдістерді меңгеруге күш жұмсау керек-ақ.
– Білім беру саласы – ауқымды, үлкен жүйе. Осы жүйеден өз орнымды тапсам, жетістік деген сол емес пе?! Жоспарларым бар. Мен қызмет ететін жерде жүйе ескі, соны өзгерткім келеді. Ойымды ашық айтуға тырысамын. Бір қызығы, осы мінезім үшін әріптестерім сыйлайды. Ненің ұнамайтынын бірінші күннен бастап айтып келемін. Сондықтан да кафедра меңгерушісі етіп тағайындаған шығар. Келешекте тағы да шетелде білімімді жетілдірсем деп ойлаймын. Әлбетте, одан кейін де елге қайтып келемін. Бірақ айналаң өзгеруі үшін жеке даму маңызды. Еліңе керек екеніңді сезіну, тәжірибең мен біліміңнің пайдаға асқанын көру ерекше сезім, – деп түйіндеді сөзін Мөлдір.
Иә, шетелде білім алып, тәжірибе жинап, онысын халқымыздың пайдасына жаратуды азаматтық парыз санайтын, осынау ізгі ниетінің жетегінде елімізге пайдамыз тисін деп жүрген жастар аз емес. Кезінде Алаш ақыны Мағжан Жұмабаев та «Мен жастарға сенемін!» деп осындай жастарға қарата айтқан болса керек. Біз жоғарыда сөз еткен жастар солардың санатынан. Елінің көркеюі, жан-жақты дамыған мемлекеттер ортасынан Қазақстанның ойып тұрып орын алуы жолында күш-жігерін, білімі мен білігін, кәсіби шеберлігін жұмсайтын жастары барда Алаш елінің ертеңі жарқын болатыны сөзсіз.
«Біз жанбасақ лапылдап, аспан қалай ашылмақ» деп түрік шайыры Назым Хикмет жырлағандай, Алаш жастары елі үшін жалындап жанбаса, мемлекеттің келешегі қалай жарқын болмақ?