Қоғам • 19 Наурыз, 2021

Жаңаөзенде оңалту орталығы ашылды

654 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Туғанынан тағдырдың тауқыметін тартып, әртүрлі дерттің тырнағына ілініп жататындар жоқ емес. Қоғамда «мүмкіндігі шектеулі» деп аталатын бұл жандарға, әсіресе, балаларға жағдай жасау – міндет. Осы орайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен ұйымдастырылған «Игі істер марафоны» жалпыұлттық жобасы аясында Жаңаөзен қаласында мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған «Бала­қай» оңалту орталығы пайдалануға берілді.

Жаңаөзенде оңалту орталығы ашылды

Мекеменің ашылуына «Қаз­Мұ­найГаз» ҰК» АҚ Басқарма төраға­сы Алик Айдарбаев, «Өзен­­мұнайгаз» АҚ Бас дирек­то­ры Есен Өтеев, Samruk-Kazyna Trust қорының өкілдері, сон­дай-ақ ерекше қажеттіліктері бар балалардың ата-аналары қа­тыс­ты.

Орталық кешенді оңалту қыз­ме­тін көрсетеді. Оған 9 қызмет кіреді: емдік дене шынықтыру, гидротерапия, физиотерапия, массаж, иппотерапия, сондай-ақ психологиялық-педагогикалық түзету және басқалар. Заманауи қон­дыр­ғы­лар­мен қамтамасыз етіл­ген оңалту орта­лығында сәу­ле­лі терапия, магнит, ультра­­ды­быстық аппарат түр­ле­рімен қам­­тылған 11 арнайы кабинет бар.

Орталықты құру өткен жылы «Мұ­най­шы қамқоры» қо­ғам­дық қоры мен Samruk-Kazynа Trust дамыту қоры арасын­дағы қайырымдылық жасау ба­ғы­тын­да қол қойылған екіжақ­ты келі­сімшарт негізінде жүзеге асы­рылды. Оңалту орталығын құрал-жабдықпен қамтып, білікті мамандарды жұмысқа орна­лас­ты­руға мүмкіндік туды. Жаңа ме­кемеге Жаңаөзен қаласының 15 білікті маманы жұмысқа орналастырылды.

Жобаның бастамашысы – «Мұ­найшы қамқоры» ҚҚ, ал оның құрылтайшылары – «Өзен­мұнайгаз» АҚ қызмет­кер­лері. Жобаны жүзе­ге асыру аясын­да компания Р.Өтесінов атын­дағы дене шынықтыру-сауық­ты­ру орталығының база­сынан орын бөліп, жөндеу жұ­мыс­тарын жүргізді. Айта кету керек, орталықтың әкімшілік шы­­­ғын­дарын өтеудің жыл са­йын­ғы бюджеті жоба әкімшісі «Өзен­мұ­най­газ» АҚ мен оның 9 мың­­нан астам жұмыскерінің ерікті жар­наларының есебінен құра­ла­тын болады.

«Орталық жылына церебралды сал ауруы, аутистік спек­тр­дің бұзылуы, психикалық да­му­­дың тежелуі, гемипарез, нейро-ортопедиялық аурулар және басқа да ерекшеліктері бар 600-ге жуық баланы тегін қабыл­дайтын болады», дейді «Мұнайшы қамқоры» ҚҚ өкілі Келдібай Санзыбаев.

Ал Samruk-Kazyna Trust қоры­ның ресми өкілі – Корпора­тив­­тік қызметтің басшысы Мирас Іргебаев: Samruk-Kazyna Trust қоры да бұл жобаны қол­дап, қа­жетті жабдықтарды, ­оның ішін­­де жүру дағдыларын қал­­­­­пы­на келтіру үшін Mercury Med оңалту кешенін, баланс пато­логиясын диагностикалауға ар­нал­ған «Биокинект» кешенін, эрготерапияға арналған трена­жер­­лерді, магниттік және фи­зио­­­­терапияға арналған аппа­рат­­­тар­ды, барлығы 40 млн тең­ге­ге 25 жабдықты сатып алды», деді.

Жергілікті тұрғындарға, әсі­ресе ден­саулығында ақауы бар балаларға енді Нұр-Сұлтан қала­сы­на өзге де алыс қалаларға қатынамай-ақ, Жаңаөзендегі ор­та­­лықта ем-дом алуға мүмкін­дік туды.

– Баламның 3 жасында бо­йында аутизм бар екенін біл­дік. Талай жерге апарып көр­сеттім. Тиісті ем-дом жасайтын орталықтың өз аумағымызда болғаны, әрине, жақсы. Енді осы жерге келіп қаралатын боламыз. Пайдасы болатынына сенемін, – дейді Фариза Шортанова.

Ал екі жасар Бердіғали Ал­тын­­бек­тің анасы Биялай Дүріс­баева:

– Біздің қаламызда осындай заманауи оңалту орталығы пайда болғанына өте қуаныштымын. Менің ұлымның церебральды сал ауруы бар және бізге үнемі оңал­тудан өтіп отыру қажет. Мұнда бізге көмектесе алатын бі­лікті мамандар, жаңа жаб­дық­тар, тренажерлер бар. Ата-аналар атынан осы орта­лық­ты ашуға көмек­тес­кен­дер­дің барлығына алғыс айтамын, – деді.

Қазіргі таңда Жаңаөзен қала­сын­да психоневрологиялық ауыт­қуы бар, тірек қимыл ап­па­раты бұзылған, сал ауруы­мен ауыратын 1032 бала тір­кел­ген. Жаңа ор­талық бала­лар­дың игілігіне қыз­мет етіп, денсаулықтарының қа­лыпқа келуіне сеп болып жатса, құба-құп.

 

Маңғыстау облысы