Қоғам • 19 Наурыз, 2021

Ұлттық жоспар әл-ауқатты арттыруға бағытталады

391 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Осы жылдың ақпанында Қазақстанның 2025 жылға дейінгі дамуының Ұлттық жоспары бекітілді. Бұл – еліміздің ұзақ мерзімді даму стратегиясын және жалпыұлттық басымдықтарын іске асыру үшін әзірленген іргелі құжат. Ол коронадағдарыстың салдарын жоюға, жаңа жағдайға тұрақты және инклюзивті экономиканы дамытуға бағытталған.

Ұлттық жоспар әл-ауқатты арттыруға бағытталады

 

Негізі елдің 2025 жылға дейін­гі Стратегиялық даму жоспары 2018 жылы қабылданған болатын. Алайда пандемия жаһан­дық экономикаға кері әсер етіп, елдердің даму сценарийіне тү­бегейлі өзгеріс енгізді. Ұл­ттық жос­парды құру осындай қажет­тіліктен туындады.

Стратегиялық жоспарлау және реформалау агенттігінің төрағасы Қайрат Келімбетовтің айтуынша, Ұлттық жоспар азаматтардың әл-ауқаты, институттардың сапасы және мықты экономика сынды үш бағыт бойынша 10 жалпыұлттық басымдықтан тұрады.

– «Әділ әлеуметтік саясат» жалпыұлттық басымдығы нәти­желі жұмыспен қамтуға және әлеу­меттік саламаттылықты қам­­тамасыз етуге бағытталған жүйе­лі шараларды қамтиды. Бұл ретте, еңбек нарығын қалпына келтіру, жұмыссыздық деңгейін төмендету үшін тиісті шаралар қабылданады. Әлеуметтік қам­сыздандыру саласы жаңа Әлеуметтік кодексімен реттелмек. Нәтижесінде, жұмыссыздық деңгейі 2025 жылға қарай 4,7 па­йыздан аспайтын болады. Мем­лекеттің әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақылар бойынша бар­лық әлеуметтік міндеттемесі толық көлемде орындалады. Инфляция деңгейін ескере отырып, әлеуметтік төлемдерді индекстеу жүргізіледі, – деді Қ.Келімбетов.

«Қолжетімді және тиімді ден­саулық сақтау жүйесі» жалпы­ұлттық басымдығы адамдардың денсаулығын жақсартуды, қол­дауды және қалпына келтіруді, сондай-ақ қазіргі және болашақ ұрпақтың игілігіне ықпал ететін тұрақты денсаулық сақтау жүйесі тұжырымдамасын дамытуды көздейді. Бұл ретте, дәрігерлердің жалақысын 2023 жылға қарай 2,5 есе өсіру міндеті тұр. Барлық өңірде 20 заманауи медициналық орталық, Нұр-Сұлтан және Ал­маты қалаларында екі ғылыми-ин­новациялық көпбейінді клиника салынады. Қабылданған шара­лардың нәти­жесінде қазақ­стандықтардың өмір сүру ұзақ­тығы 75 жасқа жетеді.

«Сапалы білім беру» басым­дығы бәсекеге қабілетті адам капи­талын дамытуды көздейді. Сондықтан 2023 жылға қарай мұғалімдердің жалақысын екі есе өсіру жоспарлануда. 2025 жылға дейін елімізде 800 жаңа мектеп салынады. Бұл апатты және үш ауысымдық мектептерді жойып, орын тапшылығы мәселесін рет­тейді. Бұдан бөлек, Назарбаев уни­верситетінің тәжірибесі бо­йынша 2 жетекші жоғары оқу орны құрылмақ.

– «Азаматтардың мүддесін қорғайтын әділ және тиімді мемлекет» жалпыұлттық басымдығы заңның нақты үстемдігін қамтама­сыз етуге бағытталған құқықтық негіздерді жетілдіруді көздейді. Нәтижесінде, экономикалық қыз­метті ынталандыру, өмір сүру сапасын жақсарту және азамат­тар құқықтарының қорғалу дең­гейін арттыру үшін жағдайлар жасал­мақ, – деді агенттік төрағасы.

«Мемлекеттік басқарудың жаңа моделі» басымдығы халық пен бизнестің мүддесін қа­на­ғат­тандыруға бағдарланған мем­лекеттік басқарудың сервис­тік және «адамға бағдар­ланған» мо­делін енгізуді құп­тайды. 2025 жылға қарай мем­лекеттік орган­дардың барлық қызметі автоматтандырылады әрі электронды форматқа ауыс­тырылады. Мемлекеттік аппарат пен квазимемлекеттік сектордың са­ны 25 пайызға қысқармақ.

– «Патриотизм құндылық­тарын дәріптеу» жалпыұлттық басымдығы ұлттық бірегейлікті сақтауға және әрбір азаматтың санасын жаңғыртуға бағытталған. Жастардың өзін өзі танытуы, қа­йы­рымдылық мәдениетінің дең­гейін арттыру жайы қамты­лады. «Ұлттық қауіпсіздікті ны­ғай­ту» басымдығы 2025 жылға дейінгі Ұлттық қауіпсіздік стратегия­сы шеңберінде ұлттық мүдделерді тиімді қорғауды қам­тамасыз етеді. Нәтижесінде, қоғам­дық қауіпсіздік 80 пайызға дейін қамтамасыз еті­ліп, көлеңкелі экономика үлесі 15 пайызға дейін төмен­дейді, – деді агенттік басшысы.

Ұлттық жоспар аясында эко­номикалық қатынастардың жаңа жүйесін қалыптастыру жағ­да­йында әртараптандырылған және инновациялық экономиканы дамы­туға бағытталған құ­ры­лымдық реформалар іске асырылмақ. Ұлт­тық экономика министрі Әсет Ерғалиевтің мә­ліметінше, рефор­малардың нәтижесінде эконо­ми­кадағы орта кәсіпкерліктің үлесі 15 пайызға дейін өседі. Ал шағын және орта бизнесте жұмыс істей­тіндердің саны 4 млн адамға дейін көбеймек.

– Экономиканың базалық салаларында қосылған құны жо­ғары өндірісті дамыту үшін сапалы жаңа тәсілдер іске асырылады. Экономиканы индустрия­ландыру жөніндегі жұмыстың негізгі нә­тижесі өңдеуші өнеркәсіп өні­мінің көлемін 1,5 есе ұлғайту болмақ. Агроөнеркәсіпте негізгі ба­сымдық ауқымды және кешенді экожүйелерді қалыптастыруға арналады. Осы мақсатта 350 мың фермерлік және үй шаруашы­лығын тарта отырып, ауыл ша­руашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу бойынша 7 ірі экожүйе құрылады. Ауыл шаруа­шылығының жалпы өнімінің көлемі 1,3 есе, қайта өңделген агро­өнеркәсіп өнімінің үлесі 70 пайызға дейін ұлғаяды, – деді Ә.Ерғалиев.

Сондай-ақ экономика салаларын цифрландыру, жасанды интеллект және Big Data эле­менттерін енгізу жұмыстары жал­ғасады. Ел халқының 99 пайызы сапалы интернетке қол жет­кізіп, облыс орталықтары мен рес­публикалық маңызы бар қала­лар 5G жоғары жылдамдықты интер­нетпен қам­тылады.  

– Туризмді дамыту шаралары оның үлесін ішкі жалпы өнімнің 8 пайызына дейін өсіруге мүмкіндік береді. Үйлестірілген макроэкономикалық саясат салық-бюджет тұрақтылығын сақтау және тиімді монетарлық саясатты іске асыру, сондай-ақ бәсекелі және тиімді қаржы нарығын дамыту есебінен қамтамасыз етіл­мек. «Экономикалық және сау­да дипломатиясын белсен­ді дамыту» жалпыұлттық ба­сым­­дығы Қазақстанның нақ­ты бәсекеге қабілеттілігін арт­тыру­­ды және оның әлемдік эко­номикалық қо­ғамдастықтың жауапты қаты­су­шысы ретіндегі мәртебесін нығай­туды көздейді. Сыртқы эко­но­микалық саясатта инвестицияларды белсенді және таргеттеп тарту, сондай-ақ қазақстандық экспортты ілгері­лету маңызды басымдыққа ай­налады. Осыған орай 2025 жылға қарай тікелей шетелдік инвестиция көлемін 30 млрд долларға жеткізу жоспарлануда. Шикізаттық емес экспорт екі есе, яғни  41 млрд долларға ұлғаяды, – деді Ұлттық экономика министрі.

«Теңгерімді аумақтық даму» жалпы­ұлттық басымдығы өңір­лер­дің әлеуетін ашуды және олар­дың әлеуметтік-экономи­калық жүйелерінің бәсекеге қа­білет­тілігін нығайтуды көздей­ді. 2025 жылға қарай урбанизация деңгейі 62,6 пайызды құрайды деген болжам бар. Сонымен қатар әрбір тірек ауылға дейінгі барлық рес­публикалық және жер­гілікті жол қайта жаңартылып, жөн­деледі. 3,5 мыңнан астам ауыл жаңа өңір­лік стандарттарға сәйкес жаң­ғыр­тылады.

Ұлттық жоспар 2025 жылға қарай экономиканың өсуін 5 па­йызға қамтамасыз етпек.