Аймақтар • 19 Наурыз, 2021

Бейнеудің бәтеңкесі «бренд» болса ғой!

1453 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Шетелдіктер ұлтарақтай бөлігін таба алмай, қазақ даласынан келіп тиын-тебенге саудалап өз елдеріне құмырсқаша тасып, кейін өзімізге бағасы аспандап тұрған қымбат тон, аяқкиім етіп қайта сатып жүрген мал терілерін өңдеу, оны кең көлемде кәдеге жарату Қазақстанда шешімін таппаған мәселе.

Бейнеудің бәтеңкесі «бренд» болса ғой!

Бірақ ел арасында хал-қадерінше теріні өңдеп, хал­қы­ның қажетін өтеуге тырысып жүрген шеберлер бар, олардың бастамаларына қуанып, ырза боласың, өнімі ел игілігіне жарасын деп тілейсің.

Маңғыстау облысы Бей­неу ауылының тұрғыны Ғалым­жан Лепесов сиыр мен қой тері­сін өңдеп, дайын болған был­ғарыдан аяқкиім тігеді. Ісмер бұл кәсіпке бала кезден ма­шықтанған.

Алғашында темірден, ағаш­тан әртүрлі пішімдер әзір­лей жүріп, тұрмыстық бұ­йымдар, үй жабдықтарын жа­саған ол бүгінде  етік тігу ісін бастады.

– Қазіргі уақытта тек ерлерге арналған аяқкиім тігемін. Алдымен тапсырыс берушінің өлшемін алып, дайын болу уақытын келісіп аламын. Кейін керекті материалдарды дайын­дап, аяқкиім жасауға кірі­семін. Шағын ғана цехымда арнайы құрылғыларым бар. Тұтынушының көңілінен шы­ғып, ойындағыдай етіп жа­сауға бар күшімді саламын. Алдағы уақытта шағын цехты кәсіпкерлікті қолдайтын мем­лекеттік бағдарламалар ар­қылы одан әрі дамытып кеңейту жоспарда бар, дейді Ғалымжан Лепесов.

Теріні өңдеу – шеберлікті қажеті ететін өз алдына үлкен өнер, ал өңделген теріден аяқ­киім тігіп шығару хас шебердің қолынан келетін тірлік. Қиын жұмысты қолына алған жас жігітке сәттілік тілейміз. «Бұлақ көрсең, көзін аш» дегендей, құзырлы орындар шебердің алдына қойған мақсатына сай мемлекеттік бағдарламаларға ілігіп несие алуына, өзге де қажетті қолдауларды көрсетсе Бейнеудің бәтеңкелері брендке айналып кетер нағыз отандық өнім, нағыз былғары!

 

Маңғыстау облысы