Қоғам • 24 Наурыз, 2021

Әлиханы көп ел адаспайды

2257 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жақында елімізде ең көп қойылатын есімдердің тізімі жарияланды. Әділет министрлігінің АХАТ бөлімі ұсынған мәліметтерге қарағанда, жыл басталғалы бері дүние есігін ашқан 1200-ден астам ұлға Әлихан есімі берілсе, қыздарда Медина есімі дәл осыған ұқсас көрсеткішпен көш бастаған екен.

Әлиханы көп ел адаспайды

Ер балаға жиі қойылған есім­­­дердің үштігін Айсұлтан (841) мен Нұрислам (765) то­лық­тырса, ал қыздар арасында Асылым (1 183) мен Раяна (1 172) бекітіп тұр. 2019 жылы да ер балаға берілген осы үш есім алдыңғы қатарда болған. Бұл жылы 4 268 балаға Әлихан,

3 270 сәбиге Айсұлтан, 2 528 ұлға Нұрислам есімі қойылған. Ал қыздар есімінің үздік үштігінде сәл өзгеріс бар. Себебі былтыр Раяна (5 601) бірінші орынға шы­ғып, екінші орынға Медина (5 320 қыз) тұрақтаған болса, 4 510 «кесте тігерге» Айзере есімі берілген.

Биыл Алаш қайраткері Әли­хан Бөкейханның туғанына 155 жыл толды. Жоғарыдағы сан саналы ғұмырын ұлтына қызмет етуге арнаған ұлы тұлғаның есімін осылай да ұлықтауға болатынын аңғартады. Мақсаты елдік мүдде болған көсемнің Алаш жұртымен мәңгі жасауы деген осы болар! Ал «Пайғамбар қаласының» қасиетін арттырған Медина-Мәдиналар кө­бейсе, мұсылмандығымыздың мұ­қалмасы анық. Екі жылдан бері қыз балаға ең көп қойылып жүрген есімдердің бірі – Раяна. «Ар-Райян» – мұсылмандар кіре­тін Жәннат қақ­паларының бірі. Ұрпағының салиқалы, қызының көркем мінезді болып өсуін тіле­ген ата-ананың сәбиіне бұл есімді ырымдап қоятыны сөзсіз. Ай­сұлтан мен Асылым да мәні терең, мағынасы мол, ұлт ерекшелігін білдіретін есімдер.

Рас, әр заманның талабы мен сұранысы есім таңдауға да әсер етеді. Балаға ат қою – ұлағатты дәстүр екенін ескерсек, бұл салтқа салғырт қарамаған дұрыс. Себебі, адамның аты – таңдалған тағдыры іспетті.

Бізді ел егемендігінің ордалы жасында тарихи тұлға­лар­дың есімін жаңғыртып, иман­ды­лықтан нәр алып, рухани бо­ла­шаққа бет түзеген Қазақ елінің сәбиіне есім қоюға ерекше мән бергені қуантады. Ал қазір­гідей алмағайып заманда Әли­хан­да­рымыз көбейсе, Қазақ елі алған бағытынан адаспайтыны анық.