Қоғам • 20 Наурыз, 2021

Ақсақалдардан ақ бата алды

600 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Көктемгі күн мен түннің теңеліп, жалғанда жарық көбейе бастайтын Наурыз мерекесін батысқазақстандықтар 14 наурызда «Көрісу айтымен» бастап кететіні белгілі. Бұл күннің негізгі атрибуты – елдің үлкеніне, ауылдың ақсақалына арнайы барып сәлем беріп, ақ батасын алу.

Ақсақалдардан ақ бата алды

Еш адамның ұлтына, сеніміне қарамай, қол алысып құрмет көрсететін керемет үрдіс бүгінде бүкіл елімізге тарап кеткені рас. Әсіресе Батыс Қазақстан облысындағы Қазақстан халқы Ассамблеясының мүше­лері осы мерекені Орал қаласында мәнді, мағыналы өткізді. «Жаңа өмір, жаңа күн­мен көрісу» атты шара аясында облыс орта­лығында тұратын еңбек ардагерлерінің үйіне барып, арнайы сәлем берген бір топ жастар дәстүрлі мерекенің шығу тарихы мен жөн-жобасын үлкендерден сұрап білді.

Ассамблеяның Орал қаласы шағын аудандары бойынша Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Қанат Оразғалиев ақсақал айтулы мерекеге барынша дайын­далған екен. Ұлттық киімін киіп, келген қонақ­тарды құшақ жая қарсы алған қария жастарға ақ батасын жаудырып, ортақ Отанымыз – Қазақстан Республикасында татулық пен дәстүр сабақтастығы сақталса, еліміздің болашағы баянды болатынына сенетінін айтты.

Бұдан кейін жастарды белгілі еңбек ардагері, Мұстахим Ықсанов атындағы қоғамдық қордың төрағасы Асқар Атаев ақсақалдың дәмге толы дастарқаны қарсы алды. Сексенге келіп қалса да сергектігін жоғалтпаған ақсақал кейінгі ұрпаққа үлгі болатын өсиетін аямады.

Ассамблеяның Қоғамдық келісім кеңе­сінің мүшесі, елге еңбегі сіңген мате­ма­тик-мұғалім Мақсот Рахимбердин әлі күн­ге дейін балаларды математикаға және шах­маттың қыр-сырына баулып келеді. Шаңы­рағына көрісе келген түрлі ұлт жастарын қуа­на қарсы алған Мақсот Қуа­ныш­ұлы «Жаң­бырменен жер көгерер, батаменен ел көгерер» деген қазақ нақылы­ның мәнін тү­сін­­діріп, келгендерге шынайы бата­сын берді.

– Осы шараға қатысқаныма өте қуаныш­тымын. Өзім Хамза Есенжанов атындағы Батыс Қазақстан облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасында қызмет ет­кендіктен, туған жерге, Отанға деген құр­мет бала күннен қалыптасатынын жақ­сы білемін ғой. Елге еңбегі сіңген аға буынмен жиі көрісу жастарға өте пайдалы болды. Оның үстіне пандемияның кесірінен мұндай мағыналы кездесулерге сусап қалып едік, – дейді кітапханашы, «Кітапхана ісінің үздігі» медалінің иегері Сергей Быков.