Атыраулықтарды облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов онлайн режимде құттықтады.
«Наурыз мейрамы ұлттық күнтізбеміз бойынша жылдың басы саналады. Биыл ел Тәуелсіздігі мен 22 наурызды «Наурыз мейрамы» деп жариялау туралы Президент Жарлығына қол қойылғанына 30 жыл толғанын айрықша атап өткен жөн. Сондықтан, Ұлыстың ұлы күні тәуелсіздігімізбен бірге қайта жанданып, халықтың асыға күтетін мейрамына айналды. Бұл мереке сан ұлт өкілдерін бірлік-берекеге бастайтын жалпыхалықтық мерекеге айналып үлгерді» деді облыс әкімі.
Бұдан соң шығармашылық ұжымдар концерттік бағдарламасын ұсынды. Мерекелік іс-шараға Жылыой, Исатай, Индер аудандарынан бишілер мен әншілер келді. «Көрісу, «Наурыз-көже», «Бидай көже», «Бата»қойылымдары, «Шашу», «Моншақ», «Көктем вальсі», «Қуаныш биі» хореографиялық композициялары көрсетілді. Ал, солистер Мұратбек Жұмашев, Ідірбай Байбақты,Райымбек Бақытжан лирикалық әндерді орындады.