Елорда • 24 Наурыз, 2021

Өткен тәулікте елордада айлық нормадан көп қар жауды

115 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Өткен тәулікте елордада 26 мм-ден астам қар жауды, бұл айлық нормадан 8 мм артық, деп хабарлайды Egemen.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Өткен тәулікте елордада айлық нормадан көп қар жауды

Өткен тәулікте коммуналдық қызметтер Нұр-Сұлтаннан 83 мың текше метр қар шығарды. 23 наурыздан 24-іне қараған түні жолдарды, тротуарларды, алаңдарды және басқа да қоғамдық кеңістікті санитарлық тазалауға 1200-ге жуық арнайы техника мен 200-ге жуық жол жұмысшы тартылды. Өткен түнде КамАЗ арқылы полигондарға 3700-ге жуық рейс жасалды. Ал өткен тәулікте 5700-ден аса рейс шығарылды.

Бүгін қар күреу жұмыстарына 1500-ден астам арнайы техника мен 1800-ге жуық жол жұмысшы шықты.

Айта кетейік, Нұр-Сұлтанда қар күреу жұмыстары үздіксіз екі ауысымдық режимде, яғни кешкі және түнгі уақытта қарқынды жүріп жатыр.

Бірінші кезекте, ереже бойынша, жолдарда кептеліс болмауы үшін қозғалысы өте қарқынды учаскелер тазартылады. Одан әрі орташа қарқынды учаскелер – алаңдар, вокзал маңындағы аумақтар, тротуарлар және т.б. қардан тазартылады.

Жиналған қар елорданың 11 полигонына шығарылады. Полигондарда бақылау үшін фото және бейнекамералар орнатылған.