Жоба аясында жыраудың рухани мұрасын нақтылау, жүйелеу, оның өмірбаяндық деректерін толықтыру, жүйелеу, естелік материалдарды жинастырып, ғылыми айналымға енгізу, жеке жинақ етіп шығару жоспарланған.
Бір қызығы, 1841-1898 жылдар аралығында өмір сүрді делінетін Марабай жыраудың өмір жолына қатысты деректер тым мардымсыз. Жыраудың жас кезінен өлең-жырға құмар болып, жыраулық өнерге машықтанғаны, атақты Шернияз (1817-1881) ақыннан үлгі алғаны. Қарабура Жұмырбай, Көкейқыз, Базар, Қашаған, Сүгір ақындармен айтысқаны айтылады.
Марабай жыраудың қазақтың эпостық жырларын көп білгені, Н.Ильминский Марабайдан «Ер Тарғын» жырын жазып алып, 1862 жылы жеке кітап етіп шығарғаны белгілі. Ыбырай Алтынсарин 1879 жылы «Қазақ хрестоматиясын» құрастырып шығарған кезде осы Марабай жырлаған «Қобыланды батыр» жырының бір тарауын «Тайбурылдың шабысы» деген атаумен енгізген екен.
Әйгілі Абайдың өзі Марабайдың жыр-дастандарымен жақсы таныс болған деп жазады «Абай» энциклопедиясындағы деректе.
«Осы қазақ халқында сіз білетін ірі ақын кім?» деп сұраған Көкбайға Абай:
«Қазақта Марабайдан артық ақынды мен білген емеспін», деген екен. Ұлы ақын Марабай шығармаларын біліп қана қоймай, оған осылайша жоғары баға берген» деп жазады А.Әубәкірова.
– Осындай биік бағасына, тірі кезінің өзінде танымал болғанына қарамастан Марабай жыраудың өмірінде ақтаңдақ өте көп, – дейді батысқазақстандық зерттеуші, облыстық халық шығармашылығы орталығының редакторы Нұрлан Сәдір. Ол жырау шығармашылығы мен өмірбаяндық деректерін зерттеп, зерделеу жұмысын бастап кеткен екен.
Біріншіден, Марабай туралы деректердің бәрінде «Батыс Қазақстан облысының Теректі ауданында дүниеге келген» деп жазылады. Алайда Нұрлан Қуанышұлы жыраудың қазіргі Бөрлі ауданы аумағындағы Ақсу ауылдық округіне қарасты Жаңақоныс ауылында туып, сол жерде өмір сүргенін айтып отыр. Ертеректегі деректерде жыраудың ауылы Қарашығанақ болысы Көбенкөл мекені деп аталған. Ал бұл жер 1960 жылдарға дейін Теректі ауданына қарап келген екен.
Марабай жырауға қатысты әлі бір ізге түспей келе жатқан мәселе – оның әкесінің есімі. Қазіргі жарияланып жүрген деректердің біразында Марабай Құлжабайұлы десе, кейбір мәліметтерде Құлбайұлы деп келеді. Табын руының шежіре тізбегінен Марабай жырауды «Зейнолла молданың баласы» деген жолдар да кездескен.
– Менің ойымша Құлбай есімі дұрыс сияқты, өйткені М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты мамандары Батыс Қазақстан облысына жасаған экспедиция барысында ел арасынан жинақталған материалда Марабайдың әкесінің есімі Құлбай деп аталады. Осы институттың қолжазба қорында Марабайдың Қарабура Жұмырбаймен айтысқанда: «Әкем аты – Құлыбай, Өз атымды сұрасаң, Оралдан озған Марабай. Сөз айтпаймын кісіге, Жан-жағыма қарамай...» деген сөздері сақталған. Марабайдың Есжан, Досқай, Құлқай, Ізбас, Итемген есімді ұлдары болған. Ізбастың баласы Салық Шыңғырлау ауданының Тіксай ауыл советінде төраға болғаны туралы мәлімет те аталған институт қорындағы деректе тұр, – дейді Нұрлан Сәдір.
Марабай жыраудың кейінгі ұрпақтары туралы деректің тым тапшы болуы кеңестік қуғын-сүргінге байланысты болуы мүмкін. Батыс Қазақстан облысында 1928-1937 жылдар арасында «халық жауларын» әшкерелеу, Кеңес өкіметіне жат элементтерді қудалау қарқынды жүрген, әсіресе бұрын атағы шыққан, елге беделді болған бай, молда, атқамінерлер, тіпті орта шаруалар ерекше қуғынға ұшыраған. Сол себепті көп халық Ішкі Ресей жеріне кетіп, бас сауғалаған. Марабай ұрпақтары да осынау қуғын-сүргінге ұшырауы бек мүмкін. Қазір жыраудың туған жерінде жүргізіліп жатқан зерттеу жұмыстары осы ақтаңдақтарды барынша айқындайды деп ойлаймыз.
Жырау мерейтойын ұйымдастырушылар биылғы күзге қарай республикалық деңгейде ғылыми конференция ұйымдастырып, оның материалдарын жинақ қылып шығармақ. Қазірдің өзінде облыстық халық шығармашылығы орталығы іс-шаралар тізбегін жүйелі ұйымдастырып, ел-жұртқа насихаттау жұмысын белсенді жүргізуде. Зерттеуші Нұрлан Сәдір жыраудың атамекеніне арнайы сапармен барып қайтты. Батыс өңірінде жыраулар мектебін дамыту мақсатында жасөспірімдер арасында ауданаралық онлайн жыршылар эстафетасы өткелі отыр. Халық шығармашылығы орталығының әлеуметтік желілердегі парақшаларында Марабай жыраудың мерейтойына байланысты деректер үнемі жарияланып, жұртшылықты құлақтандырып келеді.
Мұның бәрі ресми мәдени мекемелердің күнделікті жұмысы ғой. Жақында естіген жанды елең еткізген ерекше оқиға болды. Орал қаласында тұратын Ертарғын Дәулетқалиев деген азамат 10 наурыз күні дүниеге келген ұлына Марабай деп ат қойды! Осылайша Марабай есімі араға екі ғасырдай уақыт салып, қайта жаңғырды. Марабай жырау жырлаған батырлар жыры циклінің ішінде шоқтығы биік шығарманың бірі – «Ер Тарғын» дастаны болса, бүгін осы екі тұлғаның есімі дүниеге шыр етіп келген шарананың төлқұжатына қосақталып түсті. Есімі ерекше сәбиді перзентханадан шығару сәтінде оның ата-анасы мен туысқандарынан бөлек, Батыс Қазақстан облыстық мәдениет басқармасының басшысы Сайран Дүйсентегі, облыстық халық шығармашылығы орталығының директоры Мәулет Жұбатов және жергілікті өнерпаздар арнайы келді. Ұлы жыраудың есімін иеленген сәбидің ата-анасына естелік сыйлық табыс еткен Сайран Темірғалиұлы кішкентай Марабайға бақытты да ұзақ ғұмыр тіледі. Бұл алдымен халық жыршысына көрсетілген құрмет болатын.
Батыс Қазақстан облысы