Пікір • 25 Наурыз, 2021

Әлихан Бөкейханның экономикалық көзқарасы

2603 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Алаштың ардақтысы, көрнекті мемлекет қай­раткері Әлихан Бөкейхан − қазақтың дәстүрлі халық шаруашылығын жан-жақты жүйелі зерттеген тұңғыш экономист-ғалым. Ол – жоғары экономикалық білім алған алғашқы қазақтардың бірі. Соның бір дәлелі, 2018 жылы Санкт-Петербург мемлекеттік орман институтының бас ғимаратында «Әлихан Бөкей­хан 1890-1894 жж. оқыған» деген естелік тақта орнатылды.

Әлихан Бөкейханның экономикалық көзқарасы

Әлихан Бөкейхан дала өркениетінің дәстүрлі шаруа­шылығын зерттеуге тікелей атсалысты. Ол қазақ халқы­ның болашағы, ертеңі ауыл шаруашылығын дамыту арқылы айқын да жарқын болатынын болжай білді. Дәстүрлі дала шаруашылығы мен жер мәселесі қазақтардың ұлт болып қалудағы басты құндылығы екенін жете ұғынды және осы бағытта көптеген ғылыми еңбек жазды.

Ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан қазақтардың дала өр­кениеті шаруашылығының экономикасын зерттеп, еңбек­тер жазғаны тегіннен-тегін емес. Оның түп-тамыры текті жерден шығуы, өскен орта, ата-бабадан, әке-шешеден алған тәлім-тәрбиесінде жатса керек.

Зерттеу деректеріне жүгінсек, Әлихан Бөкейхан 17 жылдай білім алған. Ол Санкт-Петербургтегі императорлық орман институтында алған экономикалық білімін қазақ халқының ұлттық мүддесін қорғау бағытында жұмсауға өзіне мақсат етіп қойды. Оның Ресей әкімшілігінің сол кездегі отаршылдық саясатының қитұрқы әрекеттерінен жапа шеккен қазақтардың ауыр тіршілігін, шаруашылық көріністерін сипаттаған мақалалары тек Омбы, Орынбор, Семей, Троицкте ғана емес, отаршыл империяның қос астанасы – Санкт-Петербург пен Мәскеуде шығатын газет-журналдарда жарық көріп отырды.

Ең бірінші мақаласы 1889 жылы 12 мамырда шық­қан. Ол 1889-1927 жылдар аралығында «Известия Западно-Сибирского отдела», «Киргизская степная газета» – «Дала уәлаяты газеті», «Голос степи», «Иртиш», «Омич», «Степ­ной пионер» (Омбы), «Қазақ газеті» (1913-1918 жж.); «Особое прибавление к «Акмолинским областным ведомостям», «Семипалатинские областные ведомости», «Семипалатинский листок», «Русское богатство», «Русская мысль», «Жизнь», «Памятная книжка Семипалатинской области», (Семей), «Туркестанские ведомости» (Ташкент), «Речь», «Слово», «Сын оте­чества», «Наша жизнь», «В мире мусульманства», «Мусульманская газета», «Русское богатство», «Русская мысль», «Сибирские вопросы» (Санкт-Петербург), «Айқап» (1911-1915 жж., Троицк) сынды басылымдарда өз көзқарасы мен сыни пікірлерін жариялап отырды.

 Әлихан Бөкейхан қазақ халық шаруашылығының экономикалық жағдайы туралы «Материалы по экономическому обследованию районов Сибирской железной дороги. Животноводство. Овцеводство в районе Западного участка Сибирской железной дороги» (1904) және «Материалы по экономическому обследованию районов Сибирской железной дороги. Скотоводство (крупный рогатый скот) в районе Западного участка Сибирской железной дороги» (1905) деген өте құнды екі монографиялық еңбек жазған.

Әлихан Бөкейхановтың экономикалық көзқарасының құндылығы – ол туған халқының құқығын қорғауды алдына мақсат етіп қойып, отаршылдарға қарсы қоғам­дық-саяси және экономикалық күрес көзқарасын қалып­тастырды. Жер мен мүлікке қоныс аударушылар иелік етіп жат­қанын, дәстүрлі халық шаруашылығы күрделі өзгеріске ұшырағанын көре білді. Бұл мәселені терең зерделеп, экономикалық байламдармен жіліктеп көрсетті. Ресей патшасы ұйымдастырған экспедицияларға өз өтінішімен қатысып, нақты статистикалық, экономикалық деректер негізінде қазақ шаруашылығының көрінісін қағаз бетіне түсірді. Сондай-ақ дала экспедициясының зерттеулерін айқын және нақты дәлелдермен, тұжырымдамалармен толықтырып, ашық баспасөз беттерінде жариялап отыр­ды. Экономист ретінде қазақ даласында қой және ірі қараны өсірудің бағзыдан келе жатқан жақсы дәс­түрі қалыптасқанын, адам мен табиғат арасындағы бай­ла­ныстың үйлесімділігі сақталғанын да дәлелдей отырып, құнды дүниелер жазды. Қазақтың тұңғыш статист-ғалы­мының қазақтың жері мен мал шаруашылығы туралы көлемді, көпжақты ғылыми монографиялық зерттеулері әлі күнге дейін өзектілігін жойған жоқ.

Саналы ғұмырын және күш-қайратын туған халқы­ның игілігіне арнаған мемлекет қайраткері дәстүрлі халық шаруашылығының құлдырауына тосқауыл қою мақ­сатында құқықтық мәселелерді жиі көтерді. Математикалық терең білімі арқылы елдің тұрмыс-тір­шілігін сипаттайтын экономикалық көрсеткіштерді жария­лап, қазақ халқын ата-баба жерінен айырмау бағытында терең насихат жүргізуді алдына мақсат етіп қоя білді. Ол қазақ өлкесінің сол кезде зерттеле қоймаған салала­рын қаузап, шынайы және объективті көзқарасын көрсетті.

Қазіргі уақытта Әлихан Бөкейхановтың экономика саласындағы ғылыми-зерттеу еңбектері ұлттық экономика ғылымында да өзіндік сипатымен дараланып отыр.

Алаштың біртуар перзенті Әлихан Бөкейханның қазақ шаруашылығының экономикасын зерттеп жазған ең­бектері, көтерген мәселелері мен бастамалары бүгін де ерекше сұранысқа ие. Оның экономикалық еңбектері дала халқының халық шаруашылығы саласын түбегейлі зерттеген құнды ғылыми жұмысқа жатады. Туған халқының әлеуметтік-экономикалық жағдайын терең түсіне отырып жазған экономикалық туындылары, ондағы идеялары мен тұжырымдамалары өміршеңдігін дәлелдеп, заманмен бірге жаңарып, түрленіп келеді.

 

Оңалбек АБРАЛИЕВ,

профессор, экономика ғылымдарының докторы