Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «EQ
Осындай мақсатпен Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне журналистік сауал жолдадық. «1991-2020 жылдар аралығында Қазақстанның пайдалы қазбалар қоры қалай өзгерді?» деген сауалға жауап іздеп көрмек болдық. Әлбетте, отыз жыл бойы кәдеге жаратқандықтан, қазба байлық қорларының азаятыны анық. Мәселен, Қазақстандағы көмір, мыс, алюминий алынатын шикізат – боксит, қорғасын, мырыш, хром секілді байлық көздерінің кемігені байқалады. Геологиялық барлау жұмыстарының оң нәтижесі болар, мұнай, алтын, уран, газ, темір қорлары көбейген.
1991 жылдың 1 қаңтарындағы дерекке сәйкес, Қазақстандағы мұнайдың қоры 2 м??? лрд 938,9 млн тоннаны құраса, 2020 жылдың 1 қаңтарында көрсеткіш 4 млрд 486,7 млн тоннаға жеткен. Бұл – Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің ресми дерегі.
Жыл сайынғы статистикалық бюллетень (Annual Statistical Bulletin – 2020) деректерінің негізінде ОПЕК ұйымы мұнайдың дәлелденген қорлары бойынша 2020 жылдың рейтингін түзді. Онда 2019 жылдың соңындағы жалпы жағдайға баға берілген. Аталмыш рейтингте Қазақстан мұнайдың дәлелденген қоры бойынша 11-нші орында тұр. Біздің елдегі «қара алтынның» қоры 30 млн баррельге бағаланған. Бұл министрлік ұсынған дерекпен шамалас. Сондай-ақ әлемдік мұнай қорының 1,93 пайызы Қазақстанға тиесілі екені де көрсетілген.
Дәл осындай рейтингті былтыр Ұлыбританияның British Petroleum трансұлттық компаниясы да жүргізген екен. Ол әлемдік энергетиканың 2020 жылғы статистикалық шолуына (World Energy Statistical Review – 2020) негізделген. Мұнда да 2019 жылдың соңындағы жағдай назарға алынған. Бір қызығы, бұл рейтингте Қазақстанға 12-нші орын бұйырыпты. Онда біздің елдің дәлелденген мұнай қоры 3 млрд 900 млн тонна деп көрсетілген. Рейтингте әлемдік қордың 1,73 пайызы Қазақстанға тиесілі деген дерек бар.
Қазақстанның орны екі рейтингте екі түрлі. Сөйтсек, ОПЕК ұйымының рейтингіне Канада қосылмаған екен. Ал British Petroleum есебінде Үйеңкі жапырақты ел қамтылған. Әлемдік рейтингтің көшін Венесуэла мен Сауд Арабиясы бастап тұр. Алғашқысының үлесі әлемдік қордың 20 пайызға жуығын құраса, екіншісінің үлесі 15 пайыздан жоғары. Ондықтың қатарында Иран, Ирак, Ресей, Кувейт, АҚШ, Ливия, Оңтүстік Африка Республикасы секілді мемлекеттер бар.
Жоғарыда жалпылама айтып өткеніміздей, Қазақстандағы көмірдің қоры 30 жылда біршама азайды. Мәселен, оның қоры 1991 жылдың қаңтарында 38,6 млрд тоннаны құраса, 2020 жылдың қаңтарында 34,2 млрд тоннаға тең болған. Яғни Тәуелсіздік жылдарында көмірдің қоры 4,4 млрд тоннаға азайған. Мұны British Petroleum трансұлттық компаниясының рейтингі де растап отыр.
Әлемдік энергетиканың статистикалық шолуына жүгінген компанияның 2014 жылғы рейтингінде Қазақстанға 8-ші орын бұйырса, 2020 жылғы рейтингте республика өз орнын екі позицияға жоғалтқан. Яғни 2013 жылдың соңындағы жағдай назарға алынған рейтингте Қазақстандағы көмірдің дәлелденген қоры 33 млрд 600 млн тонна деп көрсетілсе (әлемдік қордың 3,77 пайызы), 2019 жылдың соңындағы ахуал қамтылған рейтингте қордың көлемі 25 млрд 605 млн тонна екені жазылған (әлемдік қордың 2,39 пайызы).
Министрліктің бізге ұсынған мәліметі мен British Petroleum компаниясының деректері бір-біріне дөп түспей тұр. Бірақ аса бір алшақтап та кетпеген.
Айтпақшы, көмір қоры бойынша әзірше әлемде үш алпауыттың (АҚШ, Ресей, Қытай) алдына түсер ешкім жоқ.
Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің бізге ұсынған ресми мәліметі бойынша, 1991 жылы алтынның расталған қоры 1 717,6 тоннаны құраған. Көрсеткіш 2020 жылдың қаңтарында 2 439,5 тоннаға жеткен.
Дүниежүзілік алтын кеңесінің (World Gold Council) 2020 жылғы желтоқсандағы есебінше, Қазақстан қолда бар алтын қоры бойынша әлем елдері арасында 15-нші орынға жайғасқан. Сонымен қатар елдің ұлттық қорындағы алтынның үлесі 68 пайызға тең деп көрсетілген. Дүниежүзілік алтын кеңесі 2000, 2010 және 2020 жылдардағы деректерді назарға ұсыныпты. Мәліметтен алтын қорының көлемі уақыт өткен сайын көбейіп отырғанын байқауға болады.
Қазақстан уран қоры бойынша әлемде екінші орында, ал өндіру бойынша бірінші орында тұр. Дүниежүзілік ядролық қауымдастықтың (World Nuclear Association) 2017 жылғы дерегінде осылай деп көрсетілген.
Уран қоры бойынша Аустралия – бірінші орында. Әлемдік қордың 30 пайызы (1,8 млн тонна) осы елге тиесілі. Екінші орындағы Қазақтанның үлесі – 14 пайыз немесе 842 200 тонна.
Осы орайда, әлемдегі уранның 22 пайызын (2019 жылғы дерек) біздің «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы өндіріп отырғанын атап өткен жөн. 2009 жылы қазақстандық компания төртінші орында тұрған екен. 2019 жылы Қазақстанда 22 808 тонна уран өндірілді.
Министрліктің мәліметінше, 2020 жылдың қаңтарында біздің елдегі уранның қоры 957,2 тоннаға бағаланған. Бұл 1993 жылғы көрсеткіштен (893,8 мың тонна) әлдеқайда жоғары.
Қазақстандағы мыстың қоры 39,5 млн тоннаға (2020 жылдың қаңтары) бағаланып отыр. Көрсеткіш 1991 жылдың қаңтарымен салыстырғанда 2,6 млн тоннаға азайған.
Америка геология қызметінің мәліметінше, әлем бойынша мыстың барланған қоры 2018 жылы 830 млн тоннаны құраған. Оның негізгі бөлігін Чили (170 млн тонна), Аустралия (88 млн тонна) және Перу (83 млн тонна) иеленіп отыр. Ондықтың қатарында Қазақстан жоқ. Алайда KAZAKH INVEST компаниясының мәліметінде (2019 жылғы тамыз) біздің республиканың мыс қоры бойынша әлемде 8-нші орында екені көрсетілген (әлемдік қордағы үлесі – 4,7 пайыз).
Қазақстанда алюминий алынатын шикізат – бокситтің қоры айтарлықтай азайған. Оның қоры 1991 жылдың қаңтарында 405,5 млн тонна болса, 2020 жылдың қаңтарында 291,6 млн тонна деп көрсетілген. Шамамен 114 млн тоннаға кеміген. Кемитіндей жөні бар. Өйткені Қазақстан бертінге дейін алюминийді терең өңдеуге басымдық берген жоқ. Бұл металл негізінен шетелге дайын шикізат ретінде экспортталуда. Ал одан жасалған өнімдер өзімізге бірнеше есе қымбат бағамен қайта импортталады.
Темір, газ, қорғасын, мырыш, марганец және хромның қоры туралы деректерді жоғарыдағы кестеде ұсынып отырмыз. Онда 1991 жыл мен 2020 жылдың деректері салыстырылған. Сондықтан қазба байлықтың аталған түрлеріне егжей-тегжейлі тоқталудың реті жоқ.