Өнер • 25 Наурыз, 2021

Дала шежіресін сөйлеткен суретші

977 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Суретшіні елдік рухтағы шығармалар жазуға қанат­тандырған дала шежіресіне деген риясыз сүйіспеншілігі деп түсіндік. Төл тарихтың қазынасын қасиет-қалыбын бұзбай бүгінге жеткізуді мұрат тұтқан туындыгер ұлт­тық таным мен қазақы тәрбиенің қайнарынан қанып ішкен. Сондықтан болар, отыздан енді асса да отты шығар­маларымен өнер өлкесінде өзіне тән өрнегін қалып­тастырып үлгерген Мұсабек Әскербекұлының сурет­терінде салт-дәстүр сөйлейді. Қылқаламның әр жағын­дысында қазақы болмыстың иісі аңқып тұр.

Дала шежіресін сөйлеткен суретші

Өз үйінің бір бұрышын ша­ғын шеберханаға айналдырған Мұсабек – тағдыр берген талантын ту етіп, өнерімен өрісін кеңейтіп жүрген азамат. Бастапқыда кәсіби шеберлердің тәлімін алып, білімін шыңдау мақсатында елге келген ол 2015 жылы арман-аңсарын арқалап атажұртқа біржола қоныс аударған. Қазақ даласының қа­сиетті топырағы қиялына қанат бітіріп, аспанмен астасқан ақар-шақар шыңдар, жанға жылу сыйлаған жазира жоталар, тағдыр тармақтарындай иір-қиыр жолдар талант бұлағының арнасын кеңейтіп, қылқаламға қапысыз ғашық еткен. Мұсабек нысанаға алған әр тақырып шығар­мадағы негізгі айтар ойды ашық та, астарлап та жеткізеді. «Бұқа тар­тыс», «Ат үстіндегі адам», «Не­мере», «Аңшы», «Шідерлеу», «Ар­лан», «Атбегі» секілді туын­дылардың өзегінде еркін­дік, таза­лық, ұлттық мұра, ақ пен қа­ра­ның қайшылығы, өткенге оралу дей­тұғын сан тарау идеялар жатыр.

Қазіргі қазақ суретшілерінің аға буын өкілі ретінде белгілі қыл­қалам шебері Жұмақын Қай­рамбайдан кейіпкеріміздің қалам қуаты, өнер­дегі беталысы туралы сұрап көрдік. «Алдымызға кел­ген шәкірттердің ішінде қала­ның да, даланың да баласы бар. Мен анық аңғарған бір нәрсе – пендені арман биігіне алып шы­ғатын өскен ортасы, туған та­биғаты. Мәселен, қалада өс­кен балалардың көпшілігі ауыл, табиғат деген дүниелерді пси­хологиялық тұрғыдан компьютер сияқты қабылдайды. Ақпаратқа бай болғанымен, сезімге жұ­таң. Ауылдан келгендерінен бір­деңе сұрасаң, суреттеп айтып бе­реді. Мұсабек те – танымын та­биғаттан алған ауыл баласы. Ата-ба­ба дәс­түрі, жазылмаған дала заңы, үлкенге құрмет, ме­йірім, тазалық, адамгершілік, ізет секіл­ді құндылықтар оның не­гізгі та­қырыбына айналып ке­ле жатқаны қуантады. Мен оны қолына қыл­қалам ұстаған қыз-жігіттердің ішінде қасаңға айналған қарадүрсін қалыптан қасиет оздыра шапқан қазақы бол­мысты суретшілердің қа­та­рына жатқызамын. Әрине, жас қой, болашағы алда. Ең бас­тысы, шығармаларында ұлттық мінез бар. Төл тарихын білетін, бағалайтын және мақтан ететін ха­лықтың болашағы зор. Дәстүрлі кескіндемеден өріс алып, ата-баба салтын санаға сіңірген жас қа­ламгердің болашағы жарқын бол­мақ», дейді Жұмақын Қайрамбай.

1

Жұмақын аға айтып өткендей, қазақ өркениетінің тарихын танытатын жәдігерлік сипаттағы дүниелер ұлттық ерекшелігімізді әйгілей түседі. Бейнелеу өнерін танылмай қалған тарихты, айтылмай қалған аңызды болашақ буынға жеткізетін қуатты құрал деп қарастырсақ, Мұ­сабек шы­ғар­малары жас ұр­пақты еуро­центризмнің елесінен арылып, ұлттық болмысқа оралуға, төл мәдениетімізге табан тіреуге ша­қы­ратындай.

1

Тарихи санамызға қозғау сал­ған Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында «Ұлы дала мұрагерлерінің өткен мың­­жылдықтағы халық ауыз әдебие­тінің таңдаулы үлгілері ертегілері, аңыз-әпсаналары, қиссалары мен эпостары – тұнып тұрған тарих. Біздің мәдениетіміздің негізгі сю­­жеттерінде, кейіпкерлері мен сарындарында шекара болмайды, сол себепті оны жүйелі зерттеп, бүкіл Орталық Еуразия кеңістігі мен барша әлемде дәріптеуіміз керек» делінген болатын. Сондықтан да тарихымызды, салт-санамызды, ата-дәстүрімізді заманауи өнер арқылы келешекке көшірудің маңызы зор. Біз шеберханасына үңіліп отырған өнер иесі де бұл ба­ғытта үлкен қа­дамдарға барып жүр.

1

Автордың «Немере» деп атал­ған туындысында ақ батасымен айналасын арайландырған ата бейнесі қасындағы немересін саятшылық сырына ғана емес, өмір сынына да үңілдіріп тұр дерсіз. Ақиық аспанға көз тастап, «таудай тұғырлы бол» дейтіндей. Баланың арман-қиялы ата қолындағы бала бүркіттің қанатымен бірге зау биік­­ке самғайтындай. Айналаны көм­керген аппақ қар ақсақалдың ақ тілегін аңдатса, қалықтаған бура бұлттар шығармаға шырай береді, тұлпар мініп, қамшы ұс­тап, ата тағылымын көрген ұрпақ­тың даласындай дарқан болатынын меңзейді. Ал «Атбегі» картинасындағы киіз үй ішінен тұлпарына көз тастаған жігіт ағасы да – суретшінің жадына бала күннен қатталған көрініс. Сәй­гүлік ен даланың еркін жортқан ер­кесіндей елестейді. Ат болатын құлынды тұяғының тарпуынан танып, жылқы десе делебесі қозатын қазақ баласы жастайынан жылқы жалында ойнап, қашаннан қасиетті саналған Қамбар ата баласын се­німді серігіне балаған.

1

«Бұқа тартыс» деп аталған туын­­дыда қазіргі кезде ұмытылып бара жатқан ұлттық спорт түрі бейне­ленген. Той-жиындарда күш сынасқан бұқа білекті, қас­қыр жүректі жігіттердің тартысы жа­ныңа жігер құяды. Картинадағы жанды қозғалыс көрермен назарын бірден аударады. Суретші форма мен бейне, кеңістік пен уақыт, адам мен табиғат үндестігін ұтымды байланыстыра білген. Оңашада ойға шомған Абай бей­несі де – автордың сәтті шыққан туындыларының бірі.

1

«Жазған-сызғаныңда ұшқыр қиял, ұтымды шешімнен бөлек көңіл толқытар сезім қылаң бер­месе, өміршең туындыны өмір­ге әкелдім деу бекер. Ал он­дағы се­зім иірімдерін әркім әр­түр­лі қа­былдайды, өз көрген-түй­генімен ұш­тастырады, сол арқылы шы­ғармаға жан бітеді», дейді автор.

Расымен де, бейнелі шығар­маны бағалау өлшемін қарапайым кө­рерменнің көңіл түйсігіне қал­дырған дұрыс. Өйткені сурет туралы көп суреттеп жатудың өзі кейде артық. Рухани болмысымыздан, ұлттық ерекшелігімізден сыр тартатын туындыларға сіз де үңіліп көріңіз, мәртебелі оқырман!

 

АЛМАТЫ