Қоғам • 25 Наурыз, 2021

Қандастарға неліктен жер жалға берілмейтіні белгілі болды

654 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жер реформасы жөніндегі комиссияның І отырысында «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Дәурен Қуат қандастарға жер неге жалға берілмейтініне және сатылмайтынына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Egemen.kz

Қандастарға неліктен жер жалға берілмейтіні белгілі болды

«Қандастарға жердің жалға берілмеуі, сатылмауы туралы министр мырза түсініктеме бере кетуі керек еді. Бұл ашына айтатындай әңгіме емес. Себебі, қандас дегеніміз – уақытша статус. Бір жылдың ішінде шетелден келген этникалық қазақтарға, өзіміздің бауырларымызға азаматтық береміз, бір жылдан кейін азаматтық алған қандастар Қазақстан азаматына тиесілі барлық мүмкіндіктерге ие болады. Мұны мен әдейі қадап айтқым келеді, неге десеңіз, осы жер комиссиясының отырысынан кейін «Қандастарға жер берілмейді екен, қандастарды кеудесінен итеріп отыр» деген сөз шығып, әлеуметтік желіде түрлі пікірлер болуы ықтимал. Сондықтан, мәселенің басын ашып алған дұрыс деп ойлаймын», деді Д.Қуат.

Бұл ретте спикер этникалық қазақтарға азаматтық беру жолдарын жеңілдету керектігін айтты.

«Екінші мәселе, жер мәселесімен көптен шұғылданып жүрген азаматтар жиналыста отыр. Дей тұрғанымен, біз ауыл шаруашылығы мамандарының мәселелеріне тереңдеп бара алмаймыз. Жерді пайдаланудың барлық тетіктерін шешу үшін фермерлермен, ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істеп жүрген адамдармен ымыраға келуіміз керек деп ойлаймын. Оларды көбірек тыңдауымыз керек. Алдағы отырыстарымызда онлайн байланыстар жасау керек шығар. Бірақ, ол әкімдік тарапынан болмауы керек. Әкімдік адамдарының біреуді дайындап, осылай сөйле, бізде бәрі жақсы деп айтқаны керек емес. Бізге күнделікті мәселені көріп жүрген фермерлердің, диқандардың немесе малшылардың сөйлегені керек, олар мәселені шешу жолдарын ұсына алады», дейді бас редактор.

Үшінші мәселе ретінде спикер жалға берілетін ауыл шаруашылығы жерлеріндегі тарихи ескерткіштерді ерекше қорғауға алуды ұсынды.

«Мысалы, Қапал-Арасанда Баянжүрек жазбалары бар, Таңбалы тас бар, Маңғыстауда сандықтастар жатыр, Алтайда, Арқада қаншама ескерткішке толы жерлер бар. Осы ескерткіштер жалға алатын жерге кіретін болса, жалға алушылар оған тарихи ескерткіш, қорық деп қарамайды, мал шаруашылығының ыңғайына пайдалана береді. Сондықтан, мемлекет болашақта жалға берілетін жерлер ішінде тарихи ескреткіштер мен ерекше мәні бар жерлер болса, қорғауға алуы керек», деді Дәурен Қуат.